Ақ елік, аққу, аппағым

Ақ елік, аққу, аппағым – қызым,
Өзіңе теңеу таппадым, қызым.
Алдыңнан сенің бағынды ашсын
Ақжолға қадам басқаның, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым,
Еліме болған мақтаным, қызым.
Алдыңнан ақ жол жайылды бүгін.
Оң қадамменен аттағын, қызым!
Оң қадамменен аттағын, қызым!
Күмілжіп, кейіп жатпағын, қызым.
Әлдилеп сені әлпештеп күткен
Анаңның сүтін ақтағын, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым.
Құт болсын қадам басқаның, қызым.
Әкенің атын кірлетпей ұстап,
Атаның салтын сақтағын, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым,
Жолыңды адал аттағын, қызым.
Қыздәурен күнмен қоштасып тұрып
Мұңайып мұңға батпағын, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым.
Жарыңның ойын жақтағын, қызым.
Құт болсын бақыт құшағына еніп,
Жүректің әнін тапқаның, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым,
Үмітін елдің ақтағын, қызым.
Сеніммен ашып есігін бақтың
Нық басып алға аттағын, қызым!
Алыстап бара жатқаның, қызым,
Айтпаймын жанға батқанын, қызым,
Көл-көсір жұртпен қуанар бірге
Көп болсын бақты шақтарың, қызым!
Ақ елік, аққу, аппағым – қызым,
Жолыңды адал аттағын, қызым,
Ақ отау – алтын ақ босағаңда
Арайлап атсын ақ таңың, қызым!
Үміт Битенова