Ақ көйлек, қызыл бешпент…
Ұлттық киімнің өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың кейбірі бұрынғы заманнан сақталып, тек қана кішігірім өзгерістерге ұшыраса, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Халқымызда ішкі, сыртқы, сулық, біркиер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болған. Біркиер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Киімге мән беріп, қымбат бағалағаны да байқалады.
Қазақ қызының ұлттық киіміне қатысты небір сөз маржандары мен әндер бүгінге дейін жеткен. Мәселен, «Қыз Жібек» жырында «Орамалы тұрады бес жүз жорға» демей ме?
− Боз үйден бір қыз көрдім көзі күлген,
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген.
Сол қыздыңың сұлулығын мен айтайын,
Үстіне дүрия бешпент, шайдан көйлек,−
деп толғайды «Ой көк» деген халық әнінде.
− Ақ көйлек, қызыл бешпент, әдемі қыз,
Тиген жоқ әлі ешкімге әдемі-ау әлегіміз, − дейді «Әдемі қызда».
Ер адамдардың киімінің өзі бірнешеге бөлінді. Мәселен, ішкі киімдеріне көйлек, дамбал, желет, кәзекей кірсе, сырт киімдеріне шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, сулық киімдеріне шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп кіреді. Ал қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігілді. Олар − қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі.
Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен көшпелі өмір салтына және табиғат жағдайына сәйкес тігілді. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалаған. Себебі, бұл аң терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің тағы бір ерекшелігі − этникалық, климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігілгені. Мәселен, Сыр өңірі қазақтарының киім жүйесіндегі аймақтық ерекшеліктері өңірдің табиғат жағдайымен тығыз байланысты болды. Қыстың аңызақ жел, боранды болуына орай бас киімнен ерлер қыстық тымақ пен құлақшынды кисе, әйелдер бөкебайды кең қолданған. Сырт киімнен шапан, шекпен, күртеше, күпі киген.
Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық киімдерінде ру-тайпалық ерекшеліктері де көрініс тапты. Әсіресе ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген атауларға бөлінді. Шапандар да дәл солай. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз шапаны болып ерекшеленді. Олардың өзіне тән айырмашылықтары болды. Айталық, Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Ал Кіші жүздің шапандары шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген.
Ұлттық бас киімдердің де түр-түрі болды. Ерлер арасында шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік) бас киімдері кең тараса, әйелдер жағы сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық тартты.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде аяқкиім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай түрлері кең таралған.
Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де қолданыста. Бүгінгі күні заманауи нақышта көрініс тауып, жаңа демге ие болып, сән әлемінде өзіндік орын алуда. Қалай десек те, қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ұлтымыздың өзгешелігі мен өзіне тән ерекшеліктері мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден сыр шертіп тұрғандай.