Академиктің туған жерінде республикалық ХІ Сәтбаев оқулары өтті


Мұса Шорман ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте  академиктің туғанына 120 жылдық меретойына орай «ХІ Сәтбаев оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Академик атындағы мектеп пен Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі ұйымдастырған ауқымды шараға Баянауыл ауданының мектептері мен Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларының мектептерінің біімпаздары қатысты.  

Білімділер бәсекесі үш бағыттан тұрды. Бірінші аталым «Әлемді география арқылы таны» секциясында 21 жас зерттеуші, «Географиялық аялдама» географиялық сұрақ-жауап секциясында 20 оқушы және «Қаныш және сұлу саз» Қаныш Сәтбаев сүйіп тыңдаған және өзі орындаған әндер секциясында 19 өнерпаз бақ сынады.

Академик атындағы мектепті 1999 жылы тәмамдаған түлектер  «Түлектер аллеясы» эстафетасын бастап, оны келесі жылғы түлектерге табыстады. Аллеяда ер азаматтар терек отырғызса, нәзік жандылар әсем қайыңдардың көшеттерін екті.

— Мерейтойға орай мектеп ұстаздары мен оқушыларының шығармашылығы топтастырылған «Қаныш шаңырағы» газеті шығарылды, — дейді академик Қ. Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайының бас қор сақтаушысы Ерлан Қазелұлы. — Мерейтойлық газеттің шығуына мектеп директоры Қайриден Мұзафаров, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлсім Ахаева, Жанар Сексенбаева, Шолпан Сағынтаева мұрындық болған.

Конференция музыка пәнінің мұғалімі Бақыт Қырықбаев пен тәрбие ісінің меңгерушісі Ғалия Жұмабекқызының ұйымдастыруымен 4-10-сынып оқушыларынан құралған хордың орындауындағы әнмен ашылды.

Тартысты бәсекенің нәтижесінде жөз білімін көрсетіп, озық шыққан жеңімпаздарды академик Қаныш Сәтбаевтың туысы Күлтай Баязитова марапаттады. Әртүрлі секциялар бойынша Ш.Айманов атындағы мектептің оқушысы Жоламан Қалқаман, Екібастұз қаласының С.Торайғыров атындағы №22 мектебінің оқушысы Диляра Аллажар, Шадыра мектебінің оқушысы Дария Үкібай бас жүлдені жеңіп алды.

Шара соңында мектеп директоры Қайриден Нұхұлы қатысушы ұстаздарға, шараның өтуіне атсалысқан азаматтарға ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлының бастамасымен түсірілген 25 деректі фильмді сыйға тартты.

Әлихан Рахметоллаұлы