Ақан Серінің «Балқадишасы» қалай жазылған?
Әйгілі сері Ақан Қорамсаұлының «Балқадиша» әнін тыңдаған әрбір жан басты кейіпкер Қадиша қыздың тағдырына аяушылық білдіріп, ауыр күрсінетіні сөзсіз. Өкінішке орай, шерге толы әннің түпнұсқасы бізге толық жеткен жоқ.
Сан жылдар бойы тыңдарманның көкейінен шыққан танымал әннің туу тарихы туралы ел аузында әңгіме көп. Біз соның бір нұсқасын ұсынып отырмыз.
Ақанның сал-серілік құрып, ауыл-ауылдарды аралап жүрген кезі. Күндердің күнінде Ақан сері сол кездегі Ыбырай деген аты баршаға мәлім, танымал кісінің ауылына бас сұғып, шілдехана тойының үстінен түседі. Ауылға танымал серінің ат басын бұрғандығын естіген ауыл тұрғындары оған ілтипат білдіріп, қошемет көрсетеді. Алайда, төрде отырған Ақанның маңына ешкім отырмайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы алып-қашпа сөздердің кеңінен етек алған тұсы еді. Ақанның қиялға беріліп, жын-перілермен қатысы барын алға тартып, жас қыздар серіден үрейленген. Ақын да, қыздар да өздерін жайсыз сезініп, отырыстың берекесі қашқандай болады. Осы кезде Қадиша қыз «Сері-ағамның жанына мен отырайын» деп Ақанның жанына жайғасады. Мұны естіген Ақанның көңілі жай туып, іштей жібек мінезді бойжеткенге риза болады. Отырыс барысында әндер орындалып, зерделі әңгіме-аңыздар айтылады. Серінің жанында Қадишаның отырғанын оның ағалары естіген бойда, екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуын тапсырады. Алайда, Қадиша орнынан қозғалмайды, Ақанның да оны жібергісі келмейді. Осы кезде таң атып, бойларында қимастық орнайды. Қадиша қайтуға жинала бастағанда, Ақан сері қолына домбырасын алып, екі ішекті қағып жіберіп әнді орындай бастайды. Бұл ұзақ толғау, үлкен жыр болды.
Әннің «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген жолдарын алға тартып, кейбір аңыз деректер Қадиша, әу бастан, үлкен ақсақалға атастырылған деп айтылуда. Қадиша қыздың Ақанның жанында отырғанын естіген бойда, ақсақал «Қадишаны қайтарыңдар» деп бұйырған.
Алайда, Қадиша қыз үлкен кісіге емес, өз теңіне аттастырылып, кейіннен ұзатылған. Мұны естіген Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Бұл әннің соңғы өлең жолдары мынадай болған:
«Кекілін кер бестінің сылағаным,
Басынан Жыландының құлағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құс жастықты жылағаным.
Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол,
Шапанға ширатпалы жібек бау бол.
Атадан артық туған Балқадиша,
Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол»
Ұзақ мұңлы әннің 90 шумағы болған деседі. Өкінішке орай, бізге толық жеткен жоқ. 1988 жылы Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспасынан шыққан кітабында «Балқадиша» әнінің үш нұсқасы көрсетілген.
Ән кейіпкері Қадиша Сүлеймен деген текті атаның баласымен бас қосып, үлкен әулеттің босағасын аттаған. Үш қыз және екі ұлдың анасы атанып, 1953 жылы өмірден өткен.
«Балқадиша» әнін кезінде аты аңызға айналған Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков орындаған. Кейін Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Гауһар Әлімбекова, «Жігіттер» тобы сияқты әншілер өз репертуарларына қосқан.
Ғазиза Ұзақ