Ақбұлымдағы айшықты істер

Ақбұлым ауылдық округі, Ақбұлым ауылында 722 түтін бар. Онда 4022 адам тұрады. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, ауылда жерасты суының көтеріліп кетуі ақбұлымдықтар үшін бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған еді. Бұл туралы Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақжігіт Жетпісбай: «Халықтың өтінішін назарға алып, айтылған ұсыныс-тілектерді орындау – жергілікті биліктің басты мақсаты.
Жыл басында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Тараз қаласының маңында орналасқан Ақбұлым ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізген. Сол жиында жергілікті тұрғындар 4 көшеге асфальт төселсе, «Төрегелді» дренажды каналы тазаланса, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші мен балалар ойын алаңы жарықтандырылса, кіші футбол алаңына жасанды төсеме төселсе деген талабын айтқан болатын. Өйткені ондағы кейбір көшелер көп жылдан бері жөндеу көрмеген және ауылдағы әлеуметтік нысандарға апаратын жол нашар еді. Ауылдықтардың өтінішін назарға алған аудан басшысы аталған шаруаларды атқару жыл ішінде қолға алынатынын жеткізген-ді. Бүгінде ақбұлымдықтар көтерген мәселе толықтай орындалып отыр», деді ол.
Осыдан кейін біз Ақбұлым ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсеновке хабарласып, ауылда соңғы жылдары нақты қандай тірліктер атқарылғанын сұрап білдік.
– Ауылшаруашылық саласында өзекті мәселенің бірі – егін шаруашылығын дамыту. Ағынсуды тиімді пайдалану және гидроқұрылымдардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында «Қазсушар» мекемесі тарапынан биыл «Базарбай» каналының 6 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Осыдан 3-4 жыл бұрын Ақбұлым ауылынан 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынған. Ол қазір халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп тұр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің бастамасымен былтыр Ақбұлым ауылдық кітапханасы жанынан цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған болатын. Округте жалпы 3 шағын футбол, 1 стрит воркаут, 1 балалар ойын алаңы бар. 1 шағын футбол, 1 стрит воркаут, 1 балалар ойын алаңы 2021 жылы пайдалануға берілді. Балалар ойын алаңын орнатуға 1 миллион 800 мың 500 теңге қаралып, қаржы толығымен игерілді. Шағын футбол алаңын салуға 4 миллион 672 мың 400 теңге қаралды.«Street workоut» алаңшасын орнату үшін 2 миллион 159 мың 400 теңге жұмсалды.
Ақбұлым ауылында 2021 жылы салынған шағын футбол алаңына жасанды төсеніш (газон) төсеуге, көрермендерге арналған орындықтар қойып, жарықтандыруға құжаттары әзірленіп, аудан әкімдігінен қолдау табылып, қажетті қаражат бөлінді. Нәтижесінде тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жаңа ауызсу жүйесі жобаға сәйкес 638 аулаға жүргізіліп, қолдануға берілді. Биыл ауылдағы Ахмет Төлебеков, Тұрсынбек Дүйсенбаев, Бес ана көшелеріне ауызсу құбыры тартылды. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп жатқан жаңа Ахмет Төлебеков көшесіне техникалық негіздеме алынып, газ құбыры тартылды. Округ аумағында жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 22 көше бар. Оның ішінде 8 көшеде асфальт болса, 1 көшенің асфальты тозған, 10 көше қиыршық тасты. Өткен жылы Органов, Абай көшелеріне қиыршық тас төселіп, Түркістан көшесі асфальтталса, осы жылы Дербіс болыс (5,120 метр), Жеңістің қырықжылдығы(595 метр), Желтоқсан (585метр) және Төрегелді (405 метр) көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дербіс болыс көшесіне 23 миллион, Жеңістің 40 жылдығы көшесіне 12 миллион 606 мың теңге, Желтоқсан көшесіне 9 миллион 558 мың теңге, Төрегелді көшесіне 5 миллион 456 мың теңге жұмсалды. Көшені жарықтандыру жағдайына келетін болсақ, елді мекенде ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын төрт көшеге жарық берілген. Осы жылы Жібек жолы көшесін және саябақты жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар тарапынан бірнеше мәрте көтерілген жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімдерін беру, ауыл көшелерін жөндеу және көше жарықтандыру мәселелері ұдайы көтеріліп отырған. Биыл төрт көшеге жөндеу жұмыстары, саябақтың ішін жарықтандыру, Жібек жолы көшесінің жарықтандыруын жөндеу, шағын спорт алаңын жөндеу, Төрегелді каналын тазарту, Ахмет Төлебеков, Тұрсынбек Дүйсенбаев, Бес ана көшелерінің ауызсу құбырын тарту жұмыстары атқарылды. Балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін саябағымызға және кіші футбол алаңына жасанды төсеніш төселді. Ең бастысы, тұрғындар жасалған игіліктерді сезініп отыр, – деді Ердос Елібекұлы.
Ауыл тұрғындары бірнеше рет жабық спорт кешенін, ауылдық клуб салуға өтініш білдіріпті. Қаражат қаралса, бұл мәселе де шешімін табар. Келер жылы Ақбұлымда құны 15,3 миллион теңгені құрайтын көкөніс сақтау қоймасы салынбақ. Құны 6,6 миллион теңге болатын жылыжай салу жұмысы 2024 жылға жоспарланыпты. 2025 жылы да дәл осындай құны 6,6 миллион теңге болатын жылыжай салу көзделген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, журналист.