ӘКЕ
Күз айы. Сарыметеннің сары қамыстарының сыбдыры жақыннан үдеп естіледі. Қарасудың қамысы да қурады. Көне жер үйдің ішінде кішкентай бала мен сексенге келген кейуана отыр. Кейуананың бет-аузын әжім торлаған. Тілі өтімді шығады.
– Балам, құдай қаласа, бүгін сәрсенбі. Сәтті күн болмақ. Бос отырмай ана шағылға барып шықшы. Жолдыбай атаң арба әкеліп, бізді Белтоғанға көшірмек еді. Колхоздың басқармасымен келісіп, бір бөлмелі үйді жөндетіп қойған болар. Бүгін келетін күні. Сені мектепке береміз, – деді.
– Әже-ау, Жолдыбай көкем жылқы бақпай ма? Атпен келмей ме? – деп бала таңырқады.
– Бар, балам, төбеге шық. Келіп қалған да болар, – деп тықыршыды кейуана басындағы қабат-қабат кимешегін сипалап қойып.
– Жәрәйді, әже, – деп бала басы салбырап үйден шықты.
Аңызақ соққан баяу желге қарсы қарап керіле бір дем алды. Құба жон дала. Бала оны күнде көреді. Шағын шағылдың басына шықты. Қурай мен теріскен басқан шағылдың үстінде екі-үш саршұнақ асыр салып, бірін-бірі қуалап ойнақтап жұр. Баланы көрісімен таңданғандай мойнын бұра қарады да, зып беріп індеріне кіріп кетті. Бала тым алысқа телміре қарады. Ернін жалады.
Ойдым-ойдым шағыл арасында қос өгіз жеккен арбалы адамның қарасы да қарауытып көрінді-ау, ақыры.
– Алақай, Жолдыбай көкем келеді, – деп жүзін күн қаққан бала қуана бір жымиды.
Аздан соң арба да сықырлап жақын келді. Шоқша қара сақалы бар, қара торы, күлім көз, орта бойлы Жолдыбай көкесі екен. Арбадан қарғып түсіп:
– Аққозы, – деп ол құшағын жайып күлімдеп келе жатты.
– Жолдыбай көкем, – деп шағыл басында тұрған бала ойға қарай ойнақтай жүгірді.
– Аққозым, келе ғой, әжең екеуіңді іздеп келдім, – деп баланы төбесіне көтеріп, арқасына мінгізді.
– Жолдыбай көке, мені мойныңызға мінгізіңізші, – деп бала оған арсалаңдады.
– Міне ғой, – деп көкесі шөкелей отырды да, баланы мойнына мінгізіп, салақтаған екі аяғынан ұстап, кір-кір болып жарылған табанынан сүйді. Құшырлана иіскеді.
– Ойбай, көке, қытығым келеді, – деп бала шаттана айғайлап, ішек-сілесі қата күлді.
– Аққозы, мен сені мектепке өзім ертіп апарамын, – деп Жолдыбай көкесі оны бір қуантты.
– Оқымаймын, – деп ренжіді бала.
– Неге? – деп таңырқады Жолдыбай.
– Мойныңызға мініп жүре берейінші. Әйтпесе жылқының құлынын бағамын, – деді ерке бала.
– Айтқаның болсын, – деп кеңкілдеп күлді көкесі…***
Жер бөлмеге Жолдыбай баланы жетектеп кірді. Салқын бөлменің қабырғасын сыз басыпты. Төрде төбеден түскен әйнектің жарығымен Ақәже ұршық иіріп отыр екен.
– Армысыз, әпке, – деп Жолдыбай кейуананы құшақтай берді.
Қуанышы қойнына сыймаған ол інісін аймалап:
– Жалғызымнан қалған тұяғым. Жеттің бе біз сорлыларға, – дегенде қатал жүзі жадырап сала берді.
– Аққозы екеуіңізді әкеткелі келдім. Буынып-түйініп қойдыңыз ба, күтіп отырған шығарсыз? – деп күлді інісі.
«Жарқыным, жалғызым» деп кейуана Жолдыбайдың көзінен сүйді.
– Әпкемнің мінезі бала сияқты. Бірде қатып сіресіп қаласыз, енді бірде көл-көсір болып мейірленесіз. Сізден қорқып жеткенім осы болды, – деді Жолдыбай.
– Келіннің, балаларыңның халдері қалай? Әйтеуір, екі жылда ат тізгініңді әрең бұрасың. Мына Аққозы туғанда шарананы орайтын шыт табылмағанда үстіңдегі көйлегіңді шешіп беріп кетіп едің. Аққозы өзің сияқты жылқышы болады, – деп күлімсіреді кейуана.
– Жоқ, құрықты өзім аламын. Аққозы мұғалім болады. Ауыл сыйлайтын жігіт атанады, – деп Жолдыбай қулана күлді.
– Жарайды, өкпемді кештім. Жетім өсіп ер жетпей ме? Біз де ел қатарына қосылармыз. Ауылыңда не өсек бар? Соны айта отыр, – деді ол самарқау тіл қатып.
– Рас-өтірігін білмеймін, Бөрібектен естідім, ақын Ілияс ініңіз ақталғалы жатыр деген қуанышты қауесет бар. Пәлен деп айтуға күйген ауыз дауаламай тұр. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген мәтел бар емес пе, әпке. Елдің он шақты азаматы хабарды анықтау үшін Ақсуға кетіпті. Ішінде Кәппай бар. Ілияс отыз жетінші жылы атылды деген сөз рас па екен? – деді Жолдыбай.
Кейуана кемпір жүрегін басып отырып қалды. Сәлден соң барып жер үйдің төбесіне қарап.
– Жаратқан ием, сен тірі екенсің ғой. Жолдыбай қарғашым атын атауға тыйым салған Жансүгірдің ұлы менің інім Ілиясты ақтады деп құлақ естімес, адам сенбес жаңалық айтып келіп отыр. Қолда өскен бала еді. Қыршынын қиып, жігерін құм еткен сұрқия заман қайта оралмасын. Ілияс қарғам ақталса, отызыншы жылы түрмеде өлген Сақайдың қобызшысы Молықбай да бірге ақталады екен ғой, – деп көкірегін қуаныш кернеген кейуана сандықты ашып, түбінен құндыздың терісін алып, – Мә, сүйіншіге бердім, – деп Жолдыбайға ұсынды.
– Әпке, рақмет, – деп оған Жолдыбай қарсылық жасады.
– Айттым, бітті. Алмасаң отқа жағамын, – деді Ақәже.
– Қабыл болсын, Ілияс ағам аман-есен ортамызға оралсын, – деп теріні қолына алды.
– Тұман ашылды. Елдің көз жасы ақтады. Алтынды қанша көмсе де сынын бермейді деген осы, шырағым. Енді оларға топырақ шашқандар ел бетіне қалай тірі жүріп қарар екен? Жүзі қаралардың ұрпағының басына берсін бұл істі. Қан жұтып, Әзірет Әлінің қаһарына ұшырасып. Жаратқан ием, жарылқа жетім-жесірлерді. Қолдай гөр, алла, – деп бетін сипалап, бата жасады Ақәже.
Аққозы шошып, босағаның алдында тұрды. Жолдыбай көкесі де «әумнн» деп бетін сипады.
– Кештік бүгін Бслтоғанға. Кеш түсе елге жетеміз, – деп Ақәже ақ жол жасады.
***
– Әже-ау, әже?
– О не, балам?
– Жолдыбай ағам қашан келеді?
– Ертең.
– Келмесе ше? Әбден сағындым. Түсіме кіреді.
– Келеді, Ұйықта, ботам…
Таң бозарып атты. Бала көзін ашты. Ақәжесі ұйқысырап сандырақтап жатыр. «Шүу, арам қатқыр. Кет-ей, кет, балама тиіспе. Құмалақ салып берші, Меңдібай қашан келеді екен?» деп өз-өзінен әлденені айтып күбірлеп сөйлейді. Ернін тілімен жалап тамсанып қояды. Әжесінің бет әлпеті күлімдеді. Сәлден соң қатты қорылдап ұйқыға кетті. Аққозы үңірейіп бос тұрған шағын екі бөлмелі үйдің ішінен көз алмай қабырғаға қарады. Кендір жіппен іштен байланған есіктің тұтқасына көзі түсті.
«Ертең Жолдыбай көкем келеді. Ол мені мектепке апарады», деп бала қиялға беріліп көрпе астында жатты.
– Құрыңдар әрі, үйге кіруші болмаңдар. Қытай шайын әкеп бермедіңдер, – деп әжесі әлдекімге ұрсып, ұйқысырап сандырақтай бастады. Аққозы ұйықтап кетті…
***
– Аққозы, тұр, – деп әжесі азар дегенде оны жұлқылап оятты.
– Әже, о не? – деп керілді ол.
– Мектепке барасың.
– Жолдыбай көкем ше?
– Ойбай-ау, ол жылқы бағып «Шыңқожада» жүр. «Қарамолада» қасқыр көп көрінеді. Белтоған қайда, «Шыңқожа» қайда? Арада қаншама арық пен қыр жатыр. «Шилікемердің» шиінің өзі аттың сауырынан асады екен. Жалғызыма тыныштық бер, ботам, – деп әжесі күміс білезігін қолынан шешіп алып орамалға түйді.
– Әже, оның не? – деді Аққозы.
– Сені оқытатын мұғалімнің әйелінің қолына тағамын. Күйеуі саған оң көзін салып жүрсін, – деді әжесі.
– Әже, оны Жолдыбай көкеме бер. Әйбәт жеңгеме берсін, – деді бала.
– Жоқ, «күштінің арты диірмен тартады». Бұл білезікті сенің әкең Меңдібай берген еді маған. Әкеңнен қалған жалғыз белгі. Соның әруағы қолдап, қорғайды сені, – деп әжесі таяққа сүйеніп, орнынан тұрды.
– Жолдыбай көкем келмей ме? – деп тағы сөзін қайталады бала.
– Мыжыма, келмейді, – деп әжесі кесіп айтты…
Күн салқын екен. Шилерге шық түсіпті. Таңертеңгі шайды ішіп болғаннан соң дастарқанды жинамастан әжесі немересін жетектеп қырдың басындағы мектепті бетке алып, жалғыз аяқ соқпақ жолмен жүріп кетті. Мектеп ауласы балаларға толы екен. Бәрі бейтаныс, ішінде әке-шешелері бар.
– Армысыз, Ақәже? – деп отырғандар орындарынан тұрып, қолын алып жатты.
– Есенсіздер ме, шырақтарым, – деп әжей күлімдеп ризашылығын білдіріп жатты.
– Немереңіз дәу жігіт болыпты ғой. О, бәрекелде, – деп бейтаныс кемпірлер Аққозыны аймалап, бетінен сүйіп жатты.
– Құдайға рақмет. Ризамын, – деп әжей мектептің ішіне кірді де, – маған Баймурат мұғалім керек еді, – деп даусын қатты шығарды.
Келесі бөлмеден жез мұртты, қызыл шырайлы жігіт ағасы шықты.
– Ақәже, тірісіз бе? – деп құшағып жайып келе жатты.
– Өлген тірілгенде тірі қайда қашады дейсің, – деп әжей мұғалімді бауырына басты.
– Ілияс ағам ақталды, әже, – деп көзіне жас-алды әлгі адам.
– Қой, көңіліңді босатпа. Жігіт те жылай ма екен. Қанына тартпайтын адам жоқ. Ертең бәрі Ілиястың туысы болып шығады. Оның бала-шағасының артынан іздеп барған жалғыз ана Кәппай емес пе? «Бәлесіне қаламыз» деп Қайнардың бәрі қашпады ма? Құлаған бәйтерек қайта орнына тұрды. Енді бүр жарып, жапырақ жаяды. Саясына самалдайсыңдар. Өткен ұмытылып, жаңа тіршілікке бой ұрасыңдар. Ілияс азабын өзі тартты. Қайғысына кім ортақтасты? Ат-тондарын ала қашып, қыр асып кететін алауыз болған ағайындарыңа өкпеле. Оларды қу сөзге қоя бер. Жемтікке үймелеген құзғын қарғадай бәрі лек-лек болып қаптайды әлі. Тұсауын жаңа кескен баладай тәлтіректеп шақырмасаң да төріңе шығады. Ағайын деген сол. Сарыметенде қаңғып неше жыл тұрдым. Тулағымды арқалап мына баламен орталарыңа келдім. «Көшіп келіпсің ғой» деп бір адам босағамды аттамады. Меңдібайым тірі болса бәрі аттан түсіп сәлем берер еді. «Ағайын алты ауыз» деген осы. Мына немеремді өзіңе әкелдім, – деп Ақәже тоқетерін бір-ақ айтты.
– Жолдыбай қайда? Неге келмеді? – деді ол.
– Жылқысын кімге қалдырады? Онсыз да көшіріп әкелді. Өкпем жоқ оған, – деді.
Бөлме ішінде парталар тізіліп тұр. Әжей мен мұғалім ұзақ сөйлесті.
– Аты Аққозы. Осыны Меңдібайдың атына жаз. Бауырыма басып ер жеткіздім. Бар арманым Меңдібайдың атын шығару, шырағым. Артында ұрпақ қалмады. Кешегі соғыс жалмады оны. Тірі орала ма деп Сарқандағы тәуіпке бал аштырдым. Күзде келеді деді. Содан бері он бес жыл өтті. Тәуіп жақында қайтыс болыпты. Құмалақ алдады ма, ол алдады ма білмеймін. Өлді деуге аузым бармайды. Соғысқа өз қолыммен шығарып салған едім. Сонда ішім бір сұмдықты сезген. Не қара қағаз келмеді. Өмір молдаға садақа деп бір ісек қой бердім. Басы қақшаңдап, насыбайын он атып қуанып қалды. Бір кезде «көменеспін» деп Разабайды ұстатып, обалына қалып еді, қазір молда болып елдің жаназасын шығарып жүр. Дүкені өртеніп, бір жыл өзі абақтыда отырып қайтты. Қазір өлім-жітім соның қолынан өтеді. Намазды терістікке қарап оқиды, – деп әжей шешіле сөйлеп кетті.
Сол сәтте ішке алқына басып, есікті айқара ашып тобылғы сапты қамшысын етігінің қонышына салып Жолдыбай кіріп келді.
– Жолдыбай көке! – деп оны Аққозы бас салды.
– Кешігіп қалдым. Атым қырғауылдан үркіп жығып кетті. Азар ұстадым, – деп ентігін баса алмай сөйледі.
– Әже, көкем келді! – деп қуанды бала.
– Келгенің өте орынды болды. Аққозыны Меңдібайдың атына жаздырамын, – деп әжей оған қадала қарады.
– Әпке, Аққозыны маған қиыңыз. Осы бала үшін ғана келдім. Нансаңыз, таң атқалы нәр татқан жоқпын. Құдай үшін. Басқа тілегім жоқ, – деді ол алқынып.
– Әй, інім-ай. Мен сенің әкең Жағалбайдың бірге туған емшектес қарындасымын. Меңдібай екеуің бір ананың сүтін емдіңдер. Ол жоқ, сен барсың. Екі қызың, екі ұлың бар. Ал Меңдібайдан тұяқ жоқ. Елге келген қара қағаз да келмеді. Ойланшы, ақылың бар еді ғой. Қабырғаңмен кеңес. Саған қарсы сөз айтқан кезім болды ма менің? – деді әжей.
– Әпке, менің бір ұлымды ал. Бірақ, Аққозыны маған беріңіз. Менің атыма жаздырыңыз. Өтінемін сізден. Әкесі мен үшін оққа басын тікпеді ме? Соны қалай ұмытамын? – деп Жолдыбай қос тізерлеп жерге отыра кетті.
– Аққозы, сен далаға шыға тұр, – деді әжесі.
Бала кеткеннен соң әжей ашуға басты.
– Көтер басыңды. Менің қабырғам сөгіліп барады. Сен не сұмдықты айтып кеттің, ойбай? – деп көзінен жасы сорғалаған ақ кемпір басын шайқап, бозарып кетті.
– Әпке, ақыреттік сөзім. Баланы маған беріңіз. Құр сүлдерім азар жетті. Оны жетім еткен мен, менмін, – деп тобылғы сапты қамшысын қақ бөліп, ортаға тастады.
– Жо… Жоқ… Баланы Меңдібайдың атына жаздырамын. Жөргегінен көтеріп асыраған мен. Оған ешкімнің таласы жоқ. Көктегі құдай куә, – деді әжей.
– Әпке, райыңнан қайтыңыз. Құдай мені қарғайды. Озғанбайдағы қанды оқиғаны халық әлі ұмытқан жоқ. Оның әкесі болмағанда мен өлер едім. Оқтан сол қорғады мені. Құдай мені кешпейді, – деп жыламсырады Жолдыбай.
– Қарғам, кешір мені. Бірақ бала Меңдібайдікі. Соның атына жаздырамын. Өлсем арманым жоқ. Меңдібайымнан бір ұрпақ қалса болды, – деп кемпір кемсеңдеп теріс бұрылды.
– Қош бол, әпке. Мен кеттім, – деп түнерген Жолдыбай есікті тарс жауып шығып кетті.
Атағашқа байланған атының шылбырын шешіп, үзеңгіге аяғын салды да, Шилікемер жаққа тура шапты.
– Жолдыбай көке, көке, мені ала кет, – деп екі қолын өкпесіне басып артынан жүгірген Аққозыға бұрылып та қарамады. «Жолдыбай көке» деп айқайлаған баланың даусын естісе де көңілі қапа болған Жолдыбай қабағын түйіп, ашулапып бара жатты. Әбден шаршаған бала «көке, көке» деп жыламсырап, ерні кезеріп Белтоғанның жағасында қала берді…
* * *
Арада төрт жыл өтті. Наурыз көжесін беріп жатқанда Ақәже Белтоғанның жағасындағы Меңдібай орнатқан теректің түбінде дем алып отырған қалпы кенеттен қайтыс болды. Жаназасын Өмір молда шығарды. Мола басында Жолдыбай ұзақ жылады. Аққозыға баруға Өмір молда рұқсат етпеді. Кешкісін үйге ағайын-тумалар қаптады.
– Жарықтық, жаны таза сұңғыла адам еді. Қартайған шағында дүние салды. Ауырмай-сырқамай, елдің мазасын алмай, көз жұмды. Баласы да ер жетіп қалды, – деп Өмір молда алдына келген табақтағы қойдың оң көзін ойып алды.
– Молдекең өте орынды айтып отыр. Баласы оң мен солын таныды. Бұған да шүкірлік. Піссіміллә, тие берсін әпкеме, – деп қойдың сол көзін Садық шал қолымен ойып алып, үңірейген көмейіне бір-ақ атты.
– Жарықтық, жаны таза сұңғыла адам еді. Ілияс ақынды да, Молықбай қобызшына да аузынан бір тастамады. Олар ақталмай тұрғанның өзінде аттарын қорықпай айтып отыратын. Жүрісі тым ширақ еді. Немересінің алдынан шығып, көзін күнге қадап, қолымен көлегейлеп, анау Құманбектің қырының үстінде тұратын еді, – деп қоңқақ мұрын Мұзтай қария табақта жатқан бастың сол құлағын өткір бәкісімен кертіп алып «піссіміллә, жатқан жері жайлы болсын» деп орамалына орап, жан қалтасына салып алды.
– Әй, берекесіз өмір-ай, өз кіндігінен бес бала тауып, бәрін кешегі ашаршылықта баудай қырып алды. Шалын «Жаңалықта» бура таптап өлтірді. Сонда да кеудесін тоқпақтап, шықпа жаным шықпа деп Сарыметеннен елге көшіп келгенін көрмейсіңдер ме? Туған жердің топырағы ақыры тартқан екен өзін. Балаларыма құрт-ірімшік беріп тұратын, – деп шикіл сары керпұшық Төлемұрат қария Мұзтай шалдың өткір бәкісін қолынан жұлып алып, қойдың оң құлағын шорт кесіп алдына алып қойды.
– Ей, ей, түгін қалдырмадыңдар ғой. Әпкел бері басты. Миын өзім жеймін, – деп шегір көзді, екі беті суалған Ақылбек шал құйрығымен жылжып барып басты бас салды.
– Құйқасы жұмсақ екен. «Шыңқожа» жақтың жайылымы қойға жайлы-ақ. Аралтөбенің шөбі қурап, малы қыстан өлермен болып азар шықты. Құйқасынан, тілінен бір кесіп берші, – деп көкірегі сырылдаған Артықбай қария тамсана сөйлеп, сұқ көзін Ақылбек мүжіп отырған басқа қадады.
Жолдыбай босағада отырды. Тамаққа ешқандай зауқы соқпады.
– Сорпа әкеліңдер, – деп Өмір молда сарғайған қой тісін шұқылап, аузын арандай ашып, быттиған саусағымен арасында тұрып қалған бір-екі тал етті шапанының етегіне жағып, кекірік атты.
– Тұзы дәл қосылыпты. Көктемгі сорпа бетке шығады. Өңешіміз бір тазарып қалды, – деп Мұзтай шал үш кесе айран қосылған сорпаны сораптап отырып терлеп-тепшіп, рақаттана ішті.
Қолға су құйылып, ел бата жасасты. Аздан соң барып Өмір молда бетін сипалап:
– Ал, Жолдыбай, құлағымыз сенде, – деді.
– Не айтайын, келгендеріңізге рақмет. Әпкемнің арманы жоқ. Ел болып арулап көмдік. Артында біз қалдық. Немересі жігіт болды. Айтарым, баланы қолыма аламын. Өз атыма жаздырамын. Тағдыр жазуы осылай болды, – деп ауыр күрсінді.
– Қарағым Жолдыбай, сені түсініп отырмыз. Бірақ баланың руы бөлек болып тұр ғой. Сіргелі елінен. Сіңбенің қажеті қанша? Біз де оңаша отырып, ұзақ ақылдастық. Бала бәрібір ел болмайды. Кемпір марқұм өте қатал жан еді. Оны қара жер барып хабарламасын. Содан қатты аяқ тарттық. Баланы Матайдағы теміржолшылардың балаларын тәрбиелейтін үйге өткізіп жіберсек. Ақы-пұл алмайды екен. Бәрі тегін. Қағылып-соғылып ер жеткеннен соң өз еліне кетер. Әйтеуір, тірі болсын. Қасиетті руымызды оған қор етпейміз. «Ішке кірген жау жаман». Сіргелілер не көрсетпеді бізге? Баяғыда әкем Сағынбайдың мал-мүлкін конфискелеп, өзін жерге қаратып кеткен сол сіргелінің жігіттері болатын. Пай, пай, небір қарабас қойлар, үйір-үйір жылқыларынан айрылдық қой. Әкем марқұм Меккеге барып қажы атансам деп армандаушы еді. Ақыры заман өзгерді. Сол үшін Сіргеліден аулақ. Өзі