ӘКЕ АҚЫЛЫ
Нұр -Сұлтан қаласындағы «Психотерапия және наркология» диспансерлік орталығының нарколог дәрігері Тоқтар Қойшыбеков: – Ол «Бала кезімде, кейде түнде қорқыныштан көз іле алмай, әке, мен қорқып жатырмын деп, әкесi мен анасының бауырына тығылушы едім», – дейді. Сонда әкесі оған бірінші ақылын айтқан екен: « Балам, жаныңда біз бармыз. Қорықпа, біз біргеміз» деп. Дәл қазір де отбасы, қоғам үшін бірігудің маңызы зор болып тұр. Бүгінде, бүкіл әлем мына індетті тоқтау үшін жанталаса күресуде. Адамдарды аман алып қалу жолында дәрігерлер мен үкімет, полиция күн -түн демей, бар күшін салып жұмыс істеп жатыр. Мен бұл індетті бірге жеңетінімізге сенемін. Біз міндетті түрде жеңеміз дейді, дәрігер.
Тоқтар ағаның әкесі бір атадан тоғыз ұл екен. Бірақ сонау ел басына күн туған аласапыран шақта, тоғыз ұлы қан майданға аттанып, соның тек біреуі , осы Тоқтар ағаның әкесі ғана аман-есен елге оралып, ұрпақ жалғастырған екен. Әкесі өте қарапайым, ешкімнен ештеңе сұрамаған, адал еңбек еткен, пайымды кісі болған деседі. Тоқтар аға өмір бұралаңдарында шығатын жол іздеген жауапты сәттерде, әкесінің ақыл -кеңесіне құлақ салады екен. Ол бірде «Әке, мен бақытты болғым келеді. Ол үшін не істеу керек?» деп сұрайды. Сонда әкесі екінші ақылын айтады. «Балам, сен онсыз да бақыттысың. Мына жарық дүниеге келіп, оны көргеннің өзі бақыт! Қаншама адамдар бар, өз аяғымен жүре алмайтын, жарық дүниенің ғажайыптарына сүйіне алмайтын зағип,не туа бітті дертпен мүгедек боп туылған. Қазақ халқы «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» деп бекер айтпаған. Ата- анаң , бауырларың, сүйікті жандарың қасыңда, жейтін ас, басыңда панаң бар, сен бақыттысың» деп жауап берген екен. Үшіншіден адам бақытты болуы үшін әуелі өмірге көзқарасын өзгертуі тиіс. Адам баласы асып- таспай, барын қанағат тұтып, туған -туыс, дос -жаранға мейірімді, кешірімшіл, ойы таза, адал болғаны абзал дейді. Өзгені ашуландырмауға тырысу керек. Қатты сөз айтпас бұрын, айнаға қарап ойланғаны ләзім. Адам бойынан шыққан ашу- ыза өмірде өзіңе қайта айналып келеді. Себебі, бұл өмір – бумеранг! Адамның дұшпаны алыста емес, өз жанында. Ақыл болмаса, адам өзіне -өзі жау» деген екен әкесі. Енді, мынадай КВ деген індет жайлап, еліміз қиын -қыстау кезде отыр. Бұл жерде халықтың індет жұқтырмай аман -сау қалуына оқшаулану, оқшаулану, тағы да оқшаулану ғана көмектеседі деді дәрігер Тоқтар Қойшыбеков. Отыз алты жылдан бері адам психологиясы мен психотерапиясын зерттеп келе жақтан дәрігердің мына бір әңгімесі елең етерлік еді. «Ертеде бір кемеңгер індет шарпыған елге қарай бара жатқан жаналғыш ажал әзірейіліне ұшырасады. Жөн сұрасқаннан кейін, ажал әзірейлі «мен ол елден мыңдаған адам жанын аламын» деп жүріп кетеді. Эпидемия жойылып ел тынышталған кезде, қайтар жолда әлгі кемеңгерге тағы ұшырасып қалады. Сонда, кемеңгер, «Әй, әзірейіл, сен мыңдаған адам жанын аламын деп ең! Неге мың, он мың емес, жүз мыңдаған адам жанын алдың?» деп ренжиді. Сонда әзірейіл: «мен айтқан сөзімде тұрдым. Мен мыңдаған жанды алдым. Ал, қалған жүз мыңы, яғни адамның 99 пайызы өздері қорқып,қорқыныш пен үрейден қайтыс болды деген екен. Демек, эпидемия кезінде біз, халық үрейге, қорқынышқа берілмеуіміз керек! Дәрігер: “Адамдар бір болған жерде қорқыныш пен үрейге орын жоқ! Біз біргеміз – берік іргеміз! – дейді.
Зүбәйра Тілегенқызы