ӘКЕ «АЛЫП БЕРГЕН» ҚЫЗ…
1982 жылдың күзі. Хожелі вокзалы. Бір топ жас әскерге аттанып барады. Шығарып салушылардың қарасы қалың. Әскерге бармау ұят саналатын заман ғой, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан түбіт мұрт жігіттер ерекше көңілді.
– Балам, – деді Әбу ақсақал көзіне жас алып. – Сапарың оң болсын! Алла-Тағала жар болып, Бекет атамның аруағы қолдағай. Сен келгенше бармын ба, жоқпын ба, кім біледі…
Сыдық аң-таң. Әкесі тың. 78 жаста демесең, артық қырым еті жоқ, 50 келілік қапты қолтығына қысып кете беретін палуан денелі адам. Жаман қылықтан бойын аулақ ұстап, өмір бойы шұбат ішкен кісі. Тіпті ауырып көрмеген. Өлім туралы айта бермейтін..
– Қой, бапа, – деді бұл толқып. – «Бармын ба, жоқпын басы» несі? Әлі жүз жасайсың, бұйырса!
– Жүре тұрайын ба? Әкесі жұмсақ жымиды. «Буденный мұрты» жыбырлап, бірдеңе айтқысы келіп тұрған сықылды.
– Әрине! Қайда асығасың? Әкесінің көңілін сергіткісі келіп еді.
– Жақсы, – деді ақсақал қулана күліп. – Алла қош көрсе, жүре тұрайын. Бірақ бір шартым бар.
– Ал, айт!
– Алла жазып, аман-есен оралсаң, маған Қосым қожаның қызын келін ғып әкеліп бересің. Қосым қожа – елге белгілі адам. Педагог. Ал қызы Сыдықпен параллель класта оқыған сұлу бойжеткен. Қараторының әдемісі. Тәрбиелі отбасының қызы екені іс-қимылынан байқалып тұратын. Бұның іштей ұнататынын әкесі қайдан біледі-ей.
– Келістік, – деді бұл күліп. Жүрегінің оқыс дір ете қалғанын жасырғысы келіп, қарсы шабуылға көшті. – Менің де шартым бар, ендеше.
– Ал, тәуекел!
– Әскерден келіп, анадай сұлу қызға жаяу барғаным жараспайтын шығар. Мен келген күні аулада су жаңа көлік тұрсын. Үйдің кенжесі ретінде бұл әке-шешесімен қалжыңдаса беретін.
– Уәде! – деді ақсақал күрт көңілденіп.
…Әскерден келіп, үйге жақындаған сәтте Сыдықтың көзіне бірінші түскен дүние – ауладағы су жаңа жигули. Сол кездегі көліктің төресі. Әуелі анасының, сосын әкесінің құшағына ене берген…
Бірнеше айдан кейін Шәрипа Әбу әулетінің босағасынан аттады. Әуелі ата-ененің, сосын ағайын-туыстың көңілінен шықты. Айтпақшы, ырымдап алған жигули де құтты көлік болды. Алматыға жигулимен бірнеше рет барып келіп жүріп, ақыры көшіп келді. Кейін аласапыран заман басталғанда Шәрипаның қолының ісмерлігі кәдеге асты. «Ақжайық» аталатын мекеме құрып, ұлттық киім тігіп сатты. Базарда бірге манты сатып жүріп, алғашқы түйесін алды. Сол түйенің басы бүгінде 5 мыңға жетіп отыр.
Бүгінде «Түйе шаруашылығының императоры» атанған
«Дәулет–Бекет» ЖШС-ның басшысы Сыдық Дәулетовтің махаббат хикаясы осындай!
«Өміршең біздегі ұлы махаббаттар,
Ішінде бөз көйлектің бүршік жарған…» дейді Төлеген ағам. Рас қой. Әкесі ұнатқан қызға үйленіп, оның ақ батасын алған Сәкең бүгінде ең бақытты адам. «Әкеме рахмет!» дейді ылғи.
…Бүгін Шәрипа жеңешемнің туған күні! Құтты болсын! Азаматы аман болып, екеуі ұрпағымен мың жасағай!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ