Әке деген кім?

Назарларыңызға Шығыс Қазақстан обылысы Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы ОММГИ-дің 11 «а» сынып оқушысы Серікжанова Еркежан Серікжанқызының шағын ғана шығармасын ұсынып отырмыз. Қаламмен жолдас болған Еркежан биыл өткен Республикалық «Ақберен» сайысында бас жүлдегеге қол жеткізген. Ол осы мақаласында бағасы білінбей, қоғамда қадірі тіптен түсіп кеткен әке мәселесін қозғай отырып, ошақ құтының тек қана әйел адамдардың ғана қолында емес екенін бала жүрегімен жақсы жеткізген. 


 Бұл жазған мақалама шынайы өмірдегі оқиға себеп болды. Бір  досымның мынандай сөзі есімі түсіп тұр:  «Бүгін көшедегі  жарнамадан   «Әке алимент төлеші » дегенді көрдім. Ішімнен қатты қынжылдым, себебі мен де әкесіздердің бірімін ғой. Бірақ маған әкемнің берген алименті емес өзі керек. Тек, бар болғаны жанымда болып, құлыным қалың жақсы ма? дегені жетіп жатыр…

     Қазақта «әкенің құны жездедей-ақ» деген сөз бар. Бұның мағынасын әркім әр түрлі түсінеді. Кім қалай түсінсе де қазіргі қоғамда «әке» деген сөзді естігенімізде «алимент төлемейтін әке», «отбасын тастап кеткен әке», ішкіш әке, өгей әке деген сөзбен ғана ассоциациялаймыз. Сонда әкенің кім болғаны? Әке деген — шоқтығы биік, абыройы асқақ жан еді, қыз әкесіне қарап, ар мен ұятты, адалдық пен сұлулықты жанына серік ететін,    ұл әкенің жолын жалғастырып, білім мен намысты, абырой мен табысты, адамдықты ізгі жол деп білетін.

        Осы орайда өзім  білетін бір абзал жан туралы айтқым келеді. Шығыстың шырайлы қаласы Өскеменнің «Меновное» ауданынан әр күн сайын №55 автобусқа отыратынмын. Автобусқа кіре салысымен, ең алдымен, іздейтінім — әкелі-балалы жандар. Міне, кішкентай Аружан мен әкесі. Әкесі қызына қарайтын жан болмағандықтан оны әр күн өзімен бірге жұмысына алып барады. Бұдан біз айналамызда тек жалғыз басты аналар ғана емес, жалғыз басты әкелердің де бар екенін білеміз. Еңсегей бойлы, үлкен қара торы жан өзінің ебедейсіз қолымен кішкентай қызын алақанына салып әлдекімдерден қорғайтын секілді. Кімнен немесе неден? Адам араздығынан ба, әлде заман тарлығынан ба? Осындай өр асқақ жан алақанындағы құлыншағына мына дүниенің бар мейірімін, бар жылуын тарту еткендей. Кішкентай Аружанның бойынан ерекше, қайталанбайтын мінезді байқадым. Ол — өр, ерке. Себебі, ол әкесінің өмірдегі жалғыз сүйенері, жалғыз үміт етері. Қызы десе бұл әке мына дүниені күл-талқан етеді. Ол – ерекше ибалы және инабатты.  Себебі ол әкенің ұтқыр және өткір тәрбиесінде. Ол – қайсар да ұстамды. Себебі оны көкірегі ояу, рухы биік әке өсіріп жатыр. Оны жалғыз басты  қауқарсыз, бірақ ең  жігерлі әке, бастысы алимент төлегіш не өгей әке емес, туған жан әкесі тәрбиелеп жатыр.

Әкелеріміздің орны қайда болмасын ерекше,  әке тәрбиесін көрген ұрпақ -саналы, адал, ұятты, намыскер, жігерлі, анасын, жалпы әйел затын құрметтей алатын, шоқтығы мен тұғыры биік, асыл ұрпақ болмақ. Әкелеріміздің орны әрдайым төрде, ұл-қыздарының  жанында болсын!