Әке мәртебесі немесе әйел даналығы!

Жаугершілік заманда еркектер көп қырылды. Әйтседе, алысты ойлаған аналарымыз әкенің орынын жоқтатпады. Еркектің мысы мен әкенің тәрбиесінен келетін қасиетті қоғамнан, қоршаған ортадан тауып беруге барын салды. Үйде ұлы болса нағашысына қосып аңға жіберді, көршісі ұста болса көрігін басқызды, ауылға қонақ келсе қолына су құйғызды, билер кеңессе бір шетіне отырғызды. Әйтеуір, әкеден ала алмаған еркектік намыс пен елдік аманатты төңірегінен теріп жүріп ұлына сезіндірді, бойына мейіріммен сіңірді…
Сол алтын құрсақ, құрыш мінез аналардың даналығымен жоқ әкенің мәртебесі шаңырақтың ішін кернеп, перзенттің кеудесін тербеп тұрды. Әділ тәрбиенің нәтижесінде еркектікті “жауапкершілік” деп түсінетін, әкесіне ұқсауға талпынып, оған сөз келтірмеуді мақсат тұтқан ұлдар желкілдеп өсті.
Сол аналардың ынсапты сөзі мен адал сүтінің арқасында анаға “туһ” демейтін, жарын аманат деп сезініп, қарындасқа қамқор болуды міндет санайтын ержүрек, ақ ниетті азаматтар атқа мінді, елдің туын көтерді…
Аналар иманды, парасатты болса, денсаулығы мығым, жүйкесі жұқармаған, жүрегі шошынбаған болса, еркектің есіктегі басы түгілі баланың бесіктегі тұлғасын бақытты болуға бағыттайды.
Бар әкенің болмысы байқалмай тұрған заманда, жоқ әкенің ізін өшірмей, үлгісін ұрпаққа абыроймен жеткізіп отырған аналарымыз аман болсын!
Ондай аналар барда намысты ұл да, ұятты қыз да ортамыздан жоғалмайды. Әр шаңырақтың шаттығы боп, жалғаса береді, Алла қаласа!..