ӘКЕ МЕН ҰЛ
—Әке, адалыңды арамдама, асты адалынан іш деген не? Үйдің қазанына піскесін бәрі адал емес пе? —деді ыржиған күйінде Мирасым. Осы күлкісімен ақ ойламаған жерден сұрақ қойып қалатыны бар.
Мен де қулыққа бастым. Тікелей жауап бермей әңгімені басқаша өрбіттім.
—Балам, бір оқиға айтып берейін, сен соны ойша қорытып қара. Асықпай жауабыңды берерсің—деп, бір тәмсіл айтып бердім.
—Бір қайыршы таң азанмен көшеден қайыр сұрап, қоқыстан тамақ іздеп кеткен екен. Кешке дейін тіленіп жүріп, қоқыс ақтарып жүріп дорбасын нанға толтырыпты. Кешке бір орташалау шаруасы бар кісінің ауласына түнемелікке сұраныпты. Үйдің иесі ас су беріп сырттағы нар-тапшан үстіне ұйқтауға төсек салып беріпті. Қайыршы дорбасын жоғарыға іліп өзі ұйқыға кеткен кезде, аула шетінде байлаулы тұрған өгіз жібінен шешіліп кетіп қайыршының дорбасын жерге түсіріп, ішіндегі нанның жегенін жеп жемегенін шашып тастапты. Таңертең оянғанда жерде шалып жатқан нанын көрген қайыршы зарлап қоя беріпті. Мән жайға қаныққан үй иесі, қайыршының дорбасын нанға толтырып беріп, өгізді сойып тастапты. Қайыршы «Қап, дым жақсы шаруаға пайдаланып отырған өгізіңізді бекер сойдыңыз ау. Менің шығыным өтелді, өгізді соймасада болатын еді ғой» деп өкініш білдіріпті.
Сонда үйдің иесі «Сенің шығыныңды өтеу ол менің кісілігімнің бағасы, өгіз бұрын еңбегіне ғана жем жеуші еді. Енді жеңіл тамақтың дәмін біліп қойды ол үнемі сондай жеңіл келетін жем іздеп тұратын болады. Сондықтан оны соймастан басқа амал жоқ» деген екен.
Міне балам, бір рет оңай келген олжа адам баласында солай өзіне тартып жаман жолға бастап кетуі мүмкін. Еңбек жасамай ақша табуды қалап тұратын болады.
—Сонда қалай әке? Ал несібе деген не? Қайыршы ұйқтап қалды, өгіздің жібі шешіліп кетті. Яғни дорбадағы нан өгіздің несібесі емес пе еді? Мысалға: Мен көшеден әмиян тауып алсам жақын маңда иесі жоқ болса ішіндегі ақша менің несібем емеспе?—деп, енді шын таңдана сұрап тұр.
—Еее, бала. Бұл өмірде еш нәрсе иесіз болмайды, оның үстіне ол ақшасы бар әмиян болса. Несібем дейсің бе? Бері қара балам, егер сен ақшасы бар әмиян тауып алып оның иесі табылып сен әмиянды қайтарсаң ол иесі сүйіншісіне саған белгілі мөлшерде сыйақы берсе, міне сол несібең. Ал иесі шықпай немесе сен иесін іздеуге құлық танытпай жасырып қалсаң ол арам ақша. Ол сенің басыңды айналдыра бастайды, сен «жұрттар әмиян жоғалта берсе, мен тауып ала берсем» деп армандайтын боласың. Үнемі жоғалған әмиян саған кездесе бермес, сосын сен оңай ақшаның жолын іздейсің. Мемлекеттік қызметке барсаң алдыңа келген адамнан «бірдеңе» дәмете бастайсың. Басында болар болмас «сыйға» риза болсаң соңынан араның ашылып нағыз жемқорға айналасың. Түсіндің бе? —деп бетіне сынай қарадым.
—Жемқорлық деген не? Жемқор деген кім? —деп ол әлі қалар емес.
—Жемқорлық деген қандай да бір мемлекеттік жұмыста отырып өзің атқаруға,істеуге тиіс жұмысың үшін біреуден сыйлық алу.Ол құрт сияқты, адам денесіне бір еніп алса түспейді. Оны тек өгізді сойғандай сойып тастау керек.
Ал Жемқор деген тойымсыз пәлекет, еліміздің денесіндегі қансорғыш, тек бұлар білдіртпей, теспей соратындар.Олардың өздері,бала шағасы арам ас ішіп отыр.Олардың отбасы, «Маңдай тер»,» Адал ас»дегенді білмейтін малғұндар. Малғұн деген шайтанның дәретінен жаратылғандар.Олар жиіркенішті жандар. Сондықтан қара нан мен қара су ішетін болсаңда «Асың адал» болсын дейді. Ертең өсе келе өзің бәрінде түсінетін боласың.»Менің несібем, маған бұйырғаны»деген әңгімелер олар бөлек тақырып. Оны тағы бірде талқылармыз. Сенің міндетің сабағыңды жақсы оқу. Түсіндің бе? Енді бар, мыжи берме. Душқа су толтыр—деп қоя бердім. Не түсінгенін кім білсін құлдыраңдап жүгіре жөнелді.
Уақыт-құм, Өмір-су, Сөз-жел дейді, осылардың бәрін араластырып балшық жасап алмасаң болар балам.
Еее, Құдай осылардың жолын ашып,
Қазақстанның білімді ұрпағы жемқорлықсыз өздері қалаған қызметін атқарса екен.
М. Кенжебаев