Ақеділ Тойшанұлы. Теріс бата

Адамдарды алқайтын ақ батаға қарама қарсы айтылып, қара ниетке үндейтін үлгіні ел қарғыс, яғни теріс бата деп атайды. Қазақ фольклорында бүгінге дейін толық жиналмай да зерттелмей келген жанрдың бірі –  қарғыс. Мәселенің бұлай болуының бірнеше өзіндік себептері бар. Жалпы, халық жайшылықта қарғыс айтуға қатаң тыйым салады. Ертеде қарғысты екі адамның бірі айта бермеген, оны арнайы айтатын адамдар болған, ал, ондай қарғысшылар сөзін өтімді болдыру үшін беталбаты жұмсай бермей, қажетті сәтке дейін құпия сақтайтын. Қарғыс қастандық жасауға бағытталып, адамгершілікке жат саналғандықтан да ұлттық фольклортану ғылымының негізін салушылар оған мән бере қоймаса керек. Ал, бертін келе бұл жанрдың қызметі қоғамдық өмірден ығысқандықтан оның мәтіндері біртіндеп ұмытыла бастаған.

Қарғыс туралы алғаш рет жазған Х.Досмұхамедұлы. Ол «Бата мен алғысқа қарама-қарсы түр – қарғыс. Қарғысты дұшпанына, әкесі ­ ­­– көңілі әбден қалған ұлы мен қызына, молла – діннен безгендерге, ру басы – жаугершілік кезінде елін сатқандарға және т.б. береді» деп анықтайды.

Автор қарғыстың мақсаты мен міндетін білгірлікпен дұрыс түсіндірген. Бұдан біз қарғысты кез келген уақытта емес, керісінше, адамдар басына іс түскенде амалсыздан айтатындығын ұғамыз. Кейбір зерттеушілер қазақтың ашуланғанда күнделікті айтып әдеттенген «албасты басқыр», «тұқымың құрғыр», «желкең қиылғыр», «шешек келгір» сияқты т.б. балағат сөздерін қарғысқа жатқызады. Біздің ойымызша, бұл сөздердің арғы тегі ежелгі замандарда қарғысқа қатысты болғанымен, уақыт өте келе көбінің мәні өзгеріске ұшырап, бүгіндері, әсіресе, әйелдердің жақтырмаған жандарды сыбайтын сөзіне айналып кеткен тәрізді.

Ендеше басқа адамға қастандық жасау мақсатында  сөз киесіне сеніп, арнайы шартпен айтатын магиялық өлеңнің шағын түрін қарғыс деп атаймыз.

Қарғыс екі түрлі болады: ашық қарғыс, астарлы қарғыс. Ашық қарғыста сөздің ызыты, айбаты бірден айқын сезіледі. Ал, астарлы қарғыстың сыртқы тұрпаты батаға ұқсап келеді де, оны айтушы кекету әдісін (әдемі сөздер арқылы) шебер пайдаланып, арғы ойын жымысқылықпен тұспалдап жеткізеді.

Ашық қарғыс үлгісін келтірейік:

Қысы-жазы үйіңді сүзек жайлап,

Шөліңді күндіз-түні қандырмасын.

Бойыңа құлғананың құрты кіріп,

Денеңнен тамтық қоймай тандырласын.

Сүйегіңді артуға көлік шықпай,

Апарып көк есекке шандырласын.

Жаназаңды оқуға молда шықпай,

Тұсыңнан орыс келіп балдырласын.

Келесі бір қарғыс былай:

Шиден шымылдығың болсын,

Тастан молаң болсын.

Шөлдеуік деген дерт келсін,

Бір көлдің суы ішкеніңе жетпесін.

 

Бұл екі қарғыста айтушының мақсаты ап-анық. Сүзек, құлғана, шөлдеуік деген дерттерді шақыру арқылы кесапат келуін тілейді. Қарғыстың көбінде осылайша жұқпалы аурулар термеленіп, соның күшімен апат төндіру көзделеді. Өйткені, ежелгі қазақ С.Сейфуллин жазғандай «адам баласына достық қылатын «иелер» мен жарыса қастық қылатын «иелер» бар деп білетін… Жұт «жеті ағайынды» деп аңыз қылатын және малдың түрлі індет «иелері» мәлік, ақшелек, топалаң, бәдік бар деп білетін».

Бір сөзбен айтқанда, қарғысты айтушы табиғаттағы тылсым күштерге иек артып, неше түрлі мифологиялық зияндас кейіпкерлерді қару етіп, дөңайбат жасап, сес қылады. Көшпелі халықтың ар-ұждан құндылықтарына ашық тіл тигізіліп, шабуыл жасалады. Біз келтірген мәтіндерде аурудан азап тартып, өлу, о дүниеге жаназасыз кету, сүйегі шандырланып, көк есекке тиелу, мүрдесі тас молада қалу сияқты жамандықтар шақырылған. Бұлар қазақтың жанын жаралап, сай сүйегін сырқырататын келеңсіздіктер екендігі белгілі.

Енді астарлы қарғыстан мысал келтірейік:

Шалғының басылмасын,

Күлің шашылмасын,

Түңлігің ашылмасын.

Немесе:

Ұлың – Ұрымға,

Қызың Қырымға кетсін.

Бұлар  бір қарағанда, бата секілді, ал, астарына үңілсеңіз, теріс батаның ең жаман түрі екендігін білесіз. «Шалғының  басылмасын» дегені –  жайылатын малың тұтас қырылып қап, содан үйіңнің маңына көк шөп жайқалып өсіп кетсін дегені. «Күлің шашылмасын!» дегені – «үйіңде от жағатын адам қалмай, бәрі өлсін, содан отың өшсін, сөнсін» дегені. «Түңлігің ашылмасын» дегені – баспанаңнан сыртқа шығар тірі жан қалмасын, иен үйің қаңырап, бос қалсын деген ишара. «Ұлың – Ұрымға, қызың Қырымға кетсін!» деген сөздің мәнісіне келсек, ұрпағың жат елге шашырап, бірін-бірі көрмей, тозып кетсін, қаңғырып қалсын дегенге саяды. Туысқан алтай халқында «Келетін жолыңа кесіртке ойнасын, баратын жолыңа бақа ойнасын» деген қарғыс бар. Бұл астарлы қарғыста жауласқан адамның соқпағы құрып, жоғалып, оның үсті бақа мен кесіртке ойнақ салатын батпақ пен шөлге айналсын деген теріс ниет тұспалданған. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын «ойнасын» деген етістікті жамылғы ету арқылы жасырын ажал шақырылған.

Сонымен астарлы қарғысты айтушы ойының арғы ниетін әдемі сөзбен далдалау, бүркемелеу арқылы уытты тіл жебесін нысанаға дәл көздеуді мақсат етеді. Себебі дұшпан одан сақтанып, қорғана алмай, бейғам жүріп, шын кесапатқа ұрынуын көксейді.

Қарғысты кез келген адам айта бермейді дедік. Оны орындаушылар әртүрлі ырымдар жасап, символикалық заттармен сүйемелдейтіні де белгілі болып отыр. Мысалы, моңғолдар қарғысшының тіліне май жақса, оның сөзі дөп тиеді деп иланған. Тіпті, олардың ежелгі қарғысшылары құтырған сиырдың мүйізінен арнайы магиялық сайман жасап, сонымен жауласқан жаққа кезеп-кезеп қоятын болған. Қалмақтар қарғысты таңсәріде алақанын шапалақтап айтып, қарғысшының оң шынашағын күйемен бояған. Ал, алтай қарғысшылары қызыл іңірде айтылған қарғыс өтімді деп сенген. Олар «Тилим соолду эди, тандайым тишту эди…Тилим жедер, тизен чогор» («Тілім сүйелді еді, таңдайым тісті еді… Тілім жетер, тізең шөгер»)  деп айбат жасаған. Тува бақсысы «қарғыш» айтқанда қара тонын, қара бөрігін киіп, қара даңғырасын, қара шоқасымен ұрып ойнаған.

Ал, қазақтар қарғысты тілінде қара дағы бар қара тілді, бір көзі шегір нысаналы адам айтса, яғни Тәңірі керемет сипатта жаратқан жандар айтса, орындалады деп нанған. Қарғысты айтқанда дұшпанының артынан топырақ шашатын, алақанын теріс жаятын. Сол себептен оны теріс бата деп атаған. Мәселен, Базарбай Төлегенге ерем деушілерге «тұзға қосып, теріс бата берем» деп, сес көрсеткен. Егер жерден көк шөпті жұлып ап, «Көктей орыл!» деп  қарғаса, ең ауыр болады деседі. Әйел адам ақ сүтін көкке сауып, қарғаса, киесі оңдырмай атады деген де ұғым бар. Бұдан біз қарғысты тұз, топырақ, шөп, сиырдың мүйізі сияқты рәміздік заттармен ұштастырып, ғұрыптық әрекеттер жасап орындайтындығын да білдік.

Бұрынғы заманда қарғысшыларды соғысқа да пайдаланатын болған. Шыңғыс хан жорықта жүргенде алдынан жаудың әйгілі бір қарғысшыл кемпірі қарғап, содан көп бөгет жасалады. Оны бақсылар білген соң мерген Қасырға сол кемпірді атқызған деседі. Кемпірге оқ тиіп, құлап бара жатып, қасындағы қаңбақты ұстап тұрмақ болғанда, ол жұлынып кетеді. Содан кемпір көз жұмарда «Қасырдың тұқымы құрысын, қаңбақтың тамыры үзілсін!» деген екен. Сол себептен  Шыңғыстың інісі Қасырдың ұрпағы көп өспеген, қаңбақтың тамыры келте болған деседі.

Қазақта «атаның қарғысы – оқ, ананың қарғысы – боқ» деген сөз бар. Бұдан біз қарғыс жанрына кейінгі дәуірде үстемдік еткен атаеркі қоғамының ықпалы тиіп, ер адамды киелі санаудың жоралғылары да өз өрнегін салғанын байқаймыз. Сондықтан да қазақтың кейбір мифтерінде астамшыл мінезінің салдарынан ата қарғысына ұшыраған қыз-келіншектер тау-тасқа айналғандығы суреттеледі. Әлбетте, ақ батаны да ақсақалды қария береді. Яғни қарғыс пен бата жанрының салмағының арта түсуіне еркекті пір тұтатын ел әдеті де елеулі әсерін тигізіп тұр.

Қарғыста көшпелілердің ең бір киелі нысандары термеленіп, соған сойыл сілтеу көзделеді дедік. Сол себептен де оның сөзі қатерлі де үрейлі болып елестеп, тыңдаушыға психологиялық ауыр соққы береді. Мысалы:

Саған қас қылған кісінің,

Базарға барып, аты өлсін!

Ерте кетіп, қайтқанда,

Үйіне келсе, қатыны өлсін…

Шаңырағы шартылдап,

Шандырына қадалсын!

Босағасы бортылдап,

Борбайына қадалсын!

Күлдіреуіші күрт сынып,

Көтіне қадалсын!

Немесе:

Қия жолда атың туласын,

Жарым түнде үйің шуласын.

Еңісте тартпа айылың үзілсін,

Өрге шыққанда артқы айылың үзілсін.

Жете бергенде желкең үзілсін,

Таяй бергенде тақымың қиылсын.

 

Бұл қарғыстарда қазақтың тұрмыс-тіршілігінде ең маңызды қызмет атқаратын, өмірінің қажетіне айналған практикалық-қолданбалы сипатқа ие  қасиетті заттарына жаманшылық тіленген. Олар: шаңырақ, босаға, күлдіреуіш, ат, ер-тұрманның  айылдары.

Қарғыс, шынтуайтында, жалпақ көпшілікке емес, ар-ұяттан безген елдің нақтылы бір жауына арналады. Қазақ халқы үшін сондай дұшпандардың бірі – малдың ұрылары. Оны былайша қарғап-сілеген:

 

Менің ақ байталымнан жеген етің – қан болсын,

Үйіңді құйын құлатып, аузы-басың шаң болсын.

Ел ет жесе, сен дерт же,

Ел жал шайнаса, сен тал шайна.

Ел жілік жесе, сен бүлік же.

Ел мойын жесе, сен сойыл же.

Ел айран ішсе, сен ойран іш.

 

Қарғыс магияның бір түрі екендігі анық. Нақтырақ айтқанда, ол – қатерлі магия. Оның мақсаты – бағытталған нысанына қастық жасау. Бұл тұрғыдан келгенде оның кейбір сипаттары арбаумен ұштасып жатыр. Бірақ арбаудан елеулі айырмашылығы да бар. Алдымен арбауда түсініксіз сөздер мол болса, қарғыстың тілі халыққа түсінікті анық тіл. Арбау зиянкес жәндіктерді қууға, уын қайтаруға немесе табиғат құбылыстарын басқаруға, меңгеруге бағышталып айтылса, қарғыс, негізінен, адамдарға арналады. Әйткенмен, арбау мен қарғыстың арасында белгілі дәрежеде байланыс та бар. Мәселен, тістің құртын арбаудағы «жайлауыңды жау алды, қыстауыңды өрт алды» деген сөздер бұйрық рай түрінде қарғыста да жиі  қолданылады. Демек арбаудағы жекіру, ұрсу, бұйыру, дөңайбат жасау сарындары кейіннен тасымалданып, қарғыс жанрының қалыптасуына да қажетінше ұйытқы болған. Одан кейін батаның құрамында да қарғыстың шумақтары жүргенін байқаймыз. Мысалы:

Тасың өрге домалап,

Өсе берсін ырысың.

Саған қас сағынған дұспанның,

Өз руы құрысын!

 

Құдайым, малды қыл,

Тең-құрбының алды қыл.

Қас сағынған кісіні

Қасқа шұнақ жарлы қыл.

Тіпті, «бұл дүниеде жиғаның болсын, о дүниеде иманың болсын», «көсегең көгерсін, көрпең ұлғайсын» деген сияқты алғыстар кейде кері мағынаға түсіп, қарғыс пішінінде де айтылады. Халық шығармасында жанрлар арасында ауыс-түйістер, байланыстар, тоғысулар жиі болып тұратындығының бір мысалы, міне, осы.

Қарғыстың тілі айшықты да  ащы, тиіп кетсе, қиып кететін нағыз қиғыр тіл. Батаны тілдің балы десек, қарғысты уы деуге болады. Оның поэтикалық өрнегі кестелі. Әсірелеу, астарлау, ишаралау, кекету тәсілдерін мол қолданғандықтан сырлы да сиқырлы болып елестейді. Бұл жанр қоғамдық өмірден әлдеқашанығысқанымен, оның мәтіндері тіліміздің байлығы мен шешендік қуатын байқататын, ұлтымыздың төл дүниетанымынан, психологиясынан дерек беретін құнды тарихи-рухани ескерткішке айналып отыр.

Қоғамдық өмірден біртіндеп ажырап, жеке дара тіршілік етуі әлдеқашан тоқтағанмен, қарғыс жанры мүлде жоғалып құрып кетпей, фольклордың басқа үлгілеріне сіңісіп, олардың құрылымын дамытып, көркемдік бояуын әрлейтін бедерлі поэтикалық айшыққа айналған. Қазақ лиро-эпос жырлары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек-Төлегенде» атаның  ықыласын алмай қаһарына ұшыраған перзенттердің өмірі ауыр азапқа тап болады. Аңыз, әпсана, мифтерде киелі әулие жандардың қарғысына ұшыраған немесе тыйым салынған салтты бұзған кейіпкерлер қатаң қарғыс-налаға душар боп, тау-тасқа айналып, тіпті кескін-келбеті өзгеретіні тұрақты сарын деуге болады. Бұл мысалдардан сөз киесіне сенетін ежелгі таным санадан ығысқанымен салтпен тамырлас, іргелес  өмір сүретін қарғыс жанры эстетикалық бағыттағы фольклордың басқадай көркем үлгілеріне тасымалданып, ептеп сіңісіп кеткенін айқын бақылауға болады.

Демек, аса күрделі табиғаты бар қарғыс жанры заманалар мен дәуірлердің бұралаң тезіне түсе келе ғұрыптық сипатынан толық алшақтағаны анық байқалады. Санадағы сөз құдіретіне илану кезеңі ығыса бастағанда қатерлі де қаһарлы саналатын қарғыс қасиетті сипатынан айырылып, енді күлкіге душар боп, оған пародия айтыла бастайтыны білінеді. Бір сөзбен айтқанда, теріс батаның дағдылы қалыбына салынып, әзіл өлеңдер де туа бастайды. Мұндай жайт жоқтау, айтыс, кейде бата, кейде ертегі секілді басқадай жанрлар жүйесінде орын алғаны аңғарылады. Мысалы:

 

Әуеде ұшқан лашын,

Лашын жаяр құлашын.

Атамды алған Құдайдың,

Келіні мендей жыласын.

Бұнда аңғал да адуын келін бағзы танымға сайып (Айталық, көне түрік ұғымында Тәңір мен Ұмай ерлі-зайыпты деген түсінік бар ғой) Құдайды бала-шаға, отбасы бар әулет деп есептеп, оның келінін «қарғайды». Осылай ету арқылы налалы келін (қарғыс пішініне салынған) жоқтау өлеңде атасына деген қимас сезімін, жан күйзелісін білдіреді.

Жалпы, Кавказды мекендейтін кейбір халықтарда қарғыс жанрының әлі де өміршеңдік сипатта екендігін байқаймыз. Оларда тіпті қарғыс пен алғыс ән жанрына ауысып, кейде жоқтауға да молынан кіріккені айқын көрінеді.

Ал, қазақта мұндай құбылыс жаппай белең алмағанымен кейбір жоқтауларда, ғашықтық әннің жеке бір шумақтарында тығырыққа тап боп күйзелген жандардың тағдырға ашу-нала білдіріп, қарғау-сілеу мәнінде сөздерді қолданғанын байқауға болады. Мәселен, Мариям Жагорқызы «Қор болып бір жаманға кеткенімше, алдымнан қазылған көр табылсайшы» десе, Қыз Жібек «Өлгені Төлегеннің рас болса, Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды» деп өзін-өзі аяусыз сілеп, ақ махаббат үшін берілген сертке берік екендігін дәлелдейді.

Әнде (мәселен, мақсатына жете алмаған ғашықтардың лирикалық әндерінде) кейіпкердің өзін-өзі қарғау сарыны кездеседі. Мысалы:

Мен отырмын жалғыз жартас басында,

Кәмила жоқ, неге отырмын, қасымда.

Махаббаттың уын ішіп жүргенше,

Неге өлмедім ғазиз сәби жасымда.

Лирикалық ән жанрында қарғыс ғашықтардың серт-уәдеге берік екендігінің кепілі секілді өрнектеледі. Сол себептен уағдаға жете алмай күйінген кейіпкер өзін-өзі қарғаса, айтыста керісінше қыз бен жігіт бірін-бірі «қарғайды». Әлбете, бұл лирикалық әндегідей трагедия емес, сатира түрінде көрініс табады, себебі айтыста әзілге емін-еркін орын берілетіні белгілі. Екі әріптес бірін-бірін сөзден тосып, сүріндіру үшін айтыс шарықтау шегіне жеткенде, қарғыс түрін жиі қолданғанын байқаймыз. Мысалы:

Қараішік:

Қубала, айта алмадың жардан ұшқыр,

Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.

Үйіңнің барлық жаны қырылып қап,

Байларда малайлыққа күнің кешкір.

Қубала:

Қараішік, айта алмадың жардан ұшқыр,

Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.

Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін,

Әкеңнің оң жағында ішің өскір.

Айтыста қарғыс жанры сейілдік мақсаттағы сатиралық түрге әбден ұласа бастағанын нақтылы байқауға болады. Әжінияз ақын қарсыласы Меңешке былай дейді:

 

Меңешжан баққан малың семіз болсын,

Бақытлы бол, толғатқаның егіз болсын.

Қойдай қоздап, егіздеп қояндардай,

Төрт жылда туған балаң сегіз болсын.

 

Он жылда отыңның басы ұлға толсын,

Далаң – дән, малға, қалтаң – пұлға толсын.

Қосағың менен Меңеш қоса ағарып,

Жүргенде ұл-қыздарың жолға толсын…

 

Пәтия алып қозы соймай мені алдасаң,

Толғатып туған балаң теріс келсін.

Ішінде өз теңіңнің кем болғайсың,

Кешікпей, ұзақламай байың өлсін!

Ақ батасын жаудырып  отырған айтыскер ақын жырының соңын ала қарғысты қалжыңға айналдырып, үстемелей қосып, тосын әсер жасаған. Әдетте, батаның ішінде қарғыс жолдары да жүре береді дедік, оны батагөй дастарқан иесінің дұшпанын жасқау үшін айтатын. Ал, ақын Әжінияз әзіл түріндегі қарғысты Меңештің өзіне тура арнайды да, «қозы соймасаң, осындайға душар боласың» деп шарт қойып, тыңдаушыны күлдіреді.

Әрине, әйел адамның өмір өткелектерінде кездесетін сын сағаттың түйінінде толғақтың оң болуы – ежелден ақ тілектің зоры. Алайда осындай  мәндегі асқақ арманды пәс ету, пәк ниетті күйелеу, сол арқылы адамның көңіл-күйін түршіктіріп, жан әлемін жарақаттау –  қарғыс поэтикасына тән басты белгі. Неке қимай жатып, ата-ананың оң жағында ұятты болу да ұлттың ұжданына мүлде жат масқара жағдай. Көптеген айтыстарда ақын қызды ұялтып, сөзден жаңылдыру үшін әріптес жігіт дәл осы «мотив-ситуацияны» тәсіл ретінде қолданып, шырға жасайтыны мәлім жайт. Мысалы, ел аузында айтылатын тағы бір айтыста айтылмыш сарын қарғыс мағынасында кәдеге жараған:

 

Қыздар:

Жігіттер, тал шыбық ал, тал шыбық ал,

Өз әніңнен айрылсаң осы әнге сал.

Біздерден қарғыс алған оңбаушы еді,

Айрылып қатыныңнан қаңғырып қал.

 

Жігіттер:

Ей, қыздар, тобылғы шап, тобылғы шап,

Жуаны тобылғының қамшыға сап.

Біздерден қарғыс алған оңбаушы еді,

Әкеңнің оң жағында егіз қыз тап.

 

Бағзы наным-сенімдік тірегінен айрылған қарғыстың әзіл-қалжыңға айнала бастайтынын  бата жанрынан да кездестіруге болады:

 

Жүзге жет,

Жүзге жет те, мүрдем кет.

Кетпен-шотты керек қылмай,

Өзің бар да кір де кет.

 

Бұл мәтінде көп жаса деген мәнде бата айтылғанымен ол қарғыстың пішінін жамылғандықтан қалжың туғызып,  қол жайып отырған жандарды еріксіз езу тартқызып, сейілтуге, серпілтуге арналған.

Тегінде, алғыс-бата, жалбарыну, тілек жанрларында құт-ырыздықты, кесір-кесапаттан, тіл-көзден сақтандыру мақсатында оны далдалау, басқа сөзбен ишаралау, рәміздеу сарындары  мол кездеседі. Олай болса, осы батада жүзге жетіп ауырмай-сырқамай өлуді, елді әуре-сарсаңға салмай даяр көрге кіруді тұспалдаған ізгі тілектерді бата беруші (әдетте құрдасы, не жездесі болуы мүмкін) «қарғыс» айту түрінде астарлап, бернелеп бергендігі де көрінеді. Тағы бір мысал келтірсек:

Жүзден асып байып өл,

Тұқымыңды  жайып өл.

Шөбереңді тәй-тәйлап жүріп,

Немереңнің құмалағына тайып өл!

Кейде құрбы-құрдастар, жеңге мен қайнысы, жезде мен балдызы қайсыбір аңқауын алдау үшін жалған ант беріп, өзін өзі өтіріктен өтірік былайша қарғап-сілеп жатады:

Менің бұл сөзім өтірік болса,

Көнектегі суға көміліп өлейін,

Аяқтағы суға ағып өлейін.

Қасықтағы суға қалқып өлейін,

Сіреңкеден секіріп өлейін,

Желкемнің шұңқырын көрмей кетейін,

Басқан ізім артымда қалсын,

Бір тал шашыма буынып өлейін.

 

Сонымен бірге кейбір аңыз, ертек, мифтерде қарғыс елеулі міндет атқарады. Мысалы, кейіпкер қарғыстың салдарынан тау-тасқа айналып кететін сарын жиі кездеседі. Ал, енді бір ертекте кемпір өз баласын өтірік қарғап, жауыз патшаны алдап соғады:

Қарақұрттың қасы келгір,

Ерегеспенің басы келгір.

Таяқсыз тұра алмайтын,

Тоқсанға жасы келгір.

Қаңғырып далаға кеткір,

Қазанымнан садаға кеткір.

Дәулеттен көзің ашылмай,

Алтыныңды далаға тепкір.

 

Әрине, мұнда анасы баласын өтірік қарғап, шын мәнісінде «Тоқсанға жасы келгір», «Дәулеттен көзің ашылмай, алтыныңды далаға тепкір» деп ақ батасын жаудырған. Ал, енді бауырлас құмық ертегісіндегі қасқырдың борсықты іннен шығарғалы азғырып айтқан мына бір «қарғысын» естиік:

Сені асасам, сөнген отқа түсейін,

Жазда суық суға түсіп, пісейін.

Қарқарамды өлген иттер кемірсін,

Көзлерімді соқыр қарға шоқысын,

Жаназамды өлген молла оқысын.

Маған қарсы оқсыз мылтық атылсын,

Бұл дүниелер бәрі болмай шатылсын!

 

Піскен тауықты алдыма келтір,

Асамасам, мені ұрып өлтір.

Суы жоқ теңіздерге батайын,

Құрғақ орға құлап түсіп ағайын,

Науадағы саз-балшыққа тығылайын,

Тойларда ішіп, есіріп келіп,

Сенің үстіңе жығылайын!

Қорыта айтқанда, ежелгі заманда магиялық сенімді тірек еткен қатерлі секілді сезілетін айбатты қарғыс жанры қоғам дами келе сананың жаңаруына байланысты тұрмыс-тіршіліктен ығысып, шеттетіледі. Арнайы қарғыс айтатын қарғысшы да, сөзі дуалы бақсы да ел ішінде кездеспейтін болады. Бірақ қарғыс үлгісі мүлде өшіп кетпей, көп жағдайда адамдарға ойын-күлкі сыйлайтын сейілдік жанрға ауысып, тасымалданады. Бір сөзбен айтқанда, қарғыс салттық тамырынан біржолата ажырап, көркем фольклорға жаңаша пішінде жерсінеді. Әуелі кейбір бата, айтыс, ертектерде қарғысқа пародия туа бастаған деуге болады, ал лирикалық ән мен жоқтауда қарғыс кейіпкердің күйінішті халін білдіретін трагедиялық ишара түрінде көрініс табады. Эпос, аңыз, әпсана, мифтерде ата-ананың, немесе ел иесі ақсақалдың, дін баққан әулие жанның теріс батасына душар болған (тыйымды бұзып) ұрпақтың жолы болмайтыны айтылып, ел дәстүрінің бұзылмау керек екені көркемдікпен дәріптеле түседі.

Ақеділ Тойшанұлы, 

Халықаралық Түркі академиясы ғылыми қызметкері, 

филология ғылымдарының кандидаты.