«Әкелер институтын дамытатын уақыт келді»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасы күніне орай Қазақстан халқына құттықтауын жолдап, «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізе беретін болады» деп айтқан болатын.
Біздің кезекті «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжановпен сұхбатымыз да, Президентіміз айтқандай, отбасы құндылықтары төңірегінде өрбіді.
– Кез келген азаматтың қалыптасуына өскен ортасы әсер етеді. Сондықтан әңгімені, ең әуелі, өскен ортаңыздан бастасақ? Қандай отбасында тәрбиеленіп шықтыңыз?
– Сөзімді арғы тегімнен бастасам, өзім Арқаның тумасымын. Төрт жасымда әкем о дүниелік болып, анам екеуміз Жамбыл өңіріне нағашыларымның қасына қоныс аудардық. Сондықтан «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» демекші, азаматтық тұлғамның қалыптасуына нағашы жұртымның әсері көбірек болды.
Жалпы әкемнің ерте қайтыс болуына байланысты психологиялық тұрғыда өте ерте есейдім. Қазақ «Әке асқар тау, ана мөлдір бұлақ» деп бекер айтпаса керек. Әрине, ана балаға жақын болады. Алайда ер бала үшін жаны нәзік ана қаншалықты көмек бере алады? Мысалы, саған біреу тиіссе, анаңа шағымданып айта алмайсың ғой. Өйткені сен ер жігітсің. Әрі өмірде кейбір шешімдерді қабылдауда ештеңеден де тайсалмай, батыл болу керексің. Сондай сәттерде әке жігер береді. Ана ұлының амандығын ойлағандықтан қатерлі қадамдарға барудан қорқып, бұралаңы көп жолдармен емес, баласын жазық жолдармен алып жүргенді қалайды. Ал ұл өскенше анасы қамқор болса, есейген соң ұлы анасына қорған бола білуі керек. Ер жігіт болған соң, кей кезде «қап, әттеген-ай, қасымда әкем болғанда ғой» деген сияқты бір өкініш көкейіңде тұрады.
Өмірдегі әкенің орнын, бала тәрбиесіндегі рөлінің айрықша екенін өз басымнан өткізген тағдырым арқылы сезінгенмін. Сондықтан да қазір бес баламның ойын білуге, оларға рухани еркіндік сыйлауға барынша көңіл бөлемін. Әрі дастарқан басында ұлдарымның бақытты екендіктерін өмірлік тәжірибелерімді айту арқылы ұғындырып отырамын. Ұлдарым біз кеткеннен кейін «әттеген-айлап», өкінбесе екен деймін.
Одан бөлек біз Кеңес үкіметінің соңғы күндері мен тәй-тәй басқан тәуелсіз еліміздің алғашқы күндерін көзбен көрдік. Балалық дәуіріміз сол тұсқа тұспа-тұс келді. Кейде анам еңбекақысының орнына ақша емес, зат немесе көкөніс алып келетін. Сөйтіп, анам әкелген көкөністерді сатып, ақшаға айналдыратынмын. Біз осылай есейдік, ержеттік. Бірақ сол бір кездерді қиыншылық ретінде еске алып, қабылдамаймын. Қайта өмірдегі шыңдалу кезеңдерім деп есептеймін.
– Нағашымның қолында өстім дегеніңізден шығады. Жалпы ер жігіттің үш жұрты бар екенін жақсы білеміз. Қазіргі жігіттерден осы үш жұртты таба аламыз ба?
– Маған Алла Тағала бауыр берген жоқ. Әкеден қалған жалғыз тұяқпын. Сондықтан нағашым ағамдай, балдыздарым бауырымдай болды десем, артық айтпаған болар едім. Сөз басында айтып өткенімдей, нағашы жұртым да, қайын жұртым да адамдық позициямды қалыптастыруыма ерекше әсер етті. Ал өз жұртым, яғни әкемнің бауырлары да болмысымды қалыптастыруыма өз үлестерін қосты. Сол себепті үш жұртым түгел болды. Бұрын қазақ интернет жоқ кездің өзінде үш жұртын іздеп айшылық жолды артқа тастап, араласып-құраласып, сыйласып тұратын ел болған. Ал қазіргідей дамыған қоғамда үш жұртымен араздасу немесе ортасынан алыстау ер жігітке жараспайды. Береке-бірлікті, Отанның тұтастығын халық құрайды.
– Жақсы бала болып ержету үшін жақсы әкенің болуы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Біріншіден, жақсы әке, жаман бала деген ұғым болмайды. Екіншіден, балаға ата-ана қашанда үлгі. Қазіргі ата-аналар «жаман әдеттерімді балама көрсетпеймін» деп немесе баласы жаман сөз айтып қалса, «олай үйретпеп едім, қайдан үйренді?» деп ойлауы мүмкін. Жоқ, қателеседі. Бала тек көргенін істемейді. Сезгенін, сезінгенін, түйсінгенін жүзеге асыруға тырысады. Бұл – баланың табиғаты. Сондықтан сіз ой мен бойыңыздағы жаман әдеттерден түбегейлі арылуыңыз керек. Өйткені «темекі шеккенімді көрсетпеймін» деп балаңыз жоқ жерде жасырып шегіп жүргеніңізбен баланың санасында бәрібір түйсік арқылы басқаша әсермен қалады. Сол себепті бала тәрбиесінде бойымыз бен ойымызды таза ұстағанымыз жөн.
Балаларға жастайынан махаббатты, аялауды, сүюді, құрметтеуді ата-ана үй ішінде бір-біріне көрсетуі арқылы үйретуі тиіс. Содан кейін біздің қоғамда «бала 18-ге келгенде есейіп, өз-өзіне есеп бере алатын деңгейге жетеді» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Жоқ, 18 жас баланың ержеткен немесе өзіне келетін кезі емес. Қайта баланың қайың сияқты желге ырғатылып тұрған кезі де тура осы кез болып саналады. 18 жаста балаға қоғамнан, сырттан әсер ететін факторлар көбейеді. Сіз балаңызды ержетті деп ойлап еркіне қоя берсеңіз, онда буыны қатпаған жас шыбықты желдің ығына жығып бергеніңізбен бірдей болғаны. Сондықтан бала 18-ге келгенде оң-солын бағдарлап беруге ата-ана жұмыс істеуі қажет. Жиырма бес жасқа толғанда ғана баланың санасы қалыптасып, өз алдына шешім қабылдай алатын жағдайға жетеді деп есептеймін.
Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деп неге айтты дейсіз. Баланы қоғамның бір кетігіне қалануға жарамды кірпіш қылып қалыптастыру – ата-ананың басты міндеті. Ал қисық қылып немесе жарамсыз қылып қалыптастырсақ, онда кетікке барып қаланбақ түгіл, әркімнің аяғының астында қалып, үгітіліп кететін жай топырақтан айырмашылығы болмайды. Сондықтан бала тәрбиесіне баса мән берген әке ғана ең жақсы әке деуге лайықты. Сондай-ақ әкенің ақылын тыңдап, өнегесін алған бала қашанда жаман болмақ емес.
– Сонда сіз қазіргі таңда әкенің орны қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Қазіргі әкелер көбінесе «ақша тауып, отбасын асырасам ең мықтымын» деп ойлайды. Немесе «ақша тауып, балаларымның киімін көк, қарнын тоқ қылсам ең жақсы әкемін» деп ойлайды. Бұл мүлдем қате көзқарас. Себебі отбасы, бала дегеніміз күрделі жаратылыс. Сіз балаңыздың киімін тауып, тамағын тауып берсеңіз, қарнын ғана тойдырдыңыз. Жүрегі, ішкі жандүниесі, көңілі, сезімі, түйсігі, бәрі де сіздің тойдыруыңызға мұқтаж. Бірі сізден мейірім алып тойса, біріне сіздің махаббатыңыз, біріне жылы сөзіңіз, біріне әңгімеңіз керек. Осының бәрін өз қажеттілігімен қамтамасыз ете алсаңыз ғана сіз нағыз ер-азаматсыз. Кейде оқушылардың ата-аналар жиналысынан әкені емес, ананы жиі көреміз. Бұл біздің әкелердің немқұрайдылығын көрсетеді. Сондықтан да әке баламен дос бола білуі керек. Әке баланың ішіндегі сұрақтардың бәріне жауап беруі тиіс. Бала ешқашан өз ішіндегі сұраққа сырттан жауап алмағаны жөн. Дінді де, тілді де, ділді де, барлығын әкенің ақылы арқылы баланың қабылдауы маңызды. Балаңыздың сұрақтарын «шаршап тұрмын, қоя тұршы» деп, жауапсыз қалдырмау керек.
Біз қазір баламыз жыласа «неге жылап жатыр?» деп ойламаймыз. Қайта қолына телефон ұстата салып, жұбатып құтылуды жөн көреміз. Сондықтан әр әке өз үйінің қожасы, асыраушысы ретінде балаларына ақылшы, кеңесші болып, бала-шағасының не істеп, не қойып жүргенін, телефоннан не көріп, неге назары ауып жүргенін бақылап отыра алса, онда отбасы төңірегіндегі көптеген мәселенің түйіні тарқатылып сала беретін еді.
– Қазір отбасылық құндылықтарды дәріптейтін орталықтар аз емес. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Бәлкім, алдағы уақытта қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру мақсатындағы әкелердің де орталығын ашу керек шығар…
– Дұрыс айтасыз. Әкелер институтын дамытатын уақыт келді. Біз осы бағытта былтырдан бері жұмыс істеп келеміз. Әкелерге арналған орталықтың болуы маңызды. Керек десеңіз, атын да ойластырып қойғанмын. Мысалы, «Әкеге құрмет» орталығын ашып, әкелеріміздің қоғамдағы бет-беделін неге көтермейміз?!
Өмірде жаман әке болмайды. Өйткені өмірдің бір заңдылығы бар. Әке мен баланың және ана мен баланың арасында ешқандай себепсіз махаббат болады. Ата-ана баласының бойындағы кемшіліктің өзін артықшылық деп бағалайды. Бала да солай. Баласының көзі көк, қара немесе бойының аласа-биік болуы ата-ана үшін маңызды емес. Әйтеуір бірін-бірі жақсы көреді. Ал енді қараңызшы, сол махаббатты ары қарай тұтандыру үшін рухани тәрбие керек емес пе? Мысалы, сіз дәрігер болғыңыз келсе жоғары оқу орнында арнайы білім аласыз. Дәл сол сияқты, яғни жақсы әке болу үшін не істеуіміз керек? Дәл осы секілді маңызды сұрақтардың жауабын әкелеріміз «Әкеге құрмет» орталығынан біліп, үйреніп кетіп жатса, қандай ғанибет?!
Әке қашанда баланың психологиясын білуі керек. Қай кезде не айтатынын, не істейтінін біліп отыруы тиіс. Ал мұның бәріне білім, сананың ашықтығы қажет. Сондықтан әкелер орталығының болуы маңызды. Орталықты ашу үшін бар күшімізді саламыз.
Сонымен қатар қазіргі балалар «олай жасауға болмайды, ұят болады, обал болады» деген бірауыз сөзіңізді түсінбейді. Қайта баланың санасында «неге болмайды?» деген сұрақ туындайды. Сол кезде бізде неге олай екенін түсіндіріп бере алатын сана болуы керек.
– Сіздің бойыңызда бар қасиет, осындай қазақы көзқарас қоғамда және университеттерде, жастардың арасында қаншалықты дәріптеліп жатыр деп ойлайсыз?
– Біз қанша дегенмен Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан елміз ғой. Кеңестік кезең қазақы мінезімізді өзгертті, болмысымыздың бүтіндігінен, халқымызды тұтастығынан айырды. Атом бомбасы түскендей болып біздің халқымыздың көңілі мен жүрегінің бір жағы үңірейіп тұратыны содан. Енді ғана ес жиып, етек жинап жатқан халқымыздың дәстүрін дәріптеп, тірілту тәуелсіздікпен бірге желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың ғана қолынан келеді. Қоғамды түзеу, заманға қазақылықты сіңіру, бәрі де жастардың қолында. Біреудің дәріптеуін күтіп жүре беруге болмайды. Қайта өзімізден бастауға тиіспіз.
– Сіз өзіңізден нені бастадыңыз?
– «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалын басқара жүріп, қазақ руханиятының дамуына үлес қосып жүрмін деп ойлаймын. Біз қоғамдық бірлестік арқылы ата-аналардың санасын оятып, психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат еттік. Болашақ ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесін түзегіміз келеді. Тіпті бірлестік арқылы ұлттық идеологиямызды жандандырамыз. Жастардың болашағын нұрлы жолдарға бастаймыз. Балаларды түрлі қысымнан және қиыншылықтардан аман алып қаламыз деп ойлаймын. Қысқасын айтсақ, саналы ұлт тәрбиелеу жолында сарсаңға түсіп, санаспай еңбек етіп келеміз.
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің әр өңірден ашылған 14 филиалы бар. Еліміз бойынша бір жылдың ішінде 100 мыңнан аса іс-шара өткіздік. Негізі мұндай ұйымның болуы халыққа рухани көмек, ал мемлекетке үлкен қолдау деп түсінген дұрыс. Өйткені біз Үкіметке қарсы емеспіз. Қайта бірге ұлттық деңгейде жұмыс істейміз. Сондықтан да біздің ұйымда істеген әрбір адам Мемлекет басшысының идеологиялық саясатын жүзеге асырушы деп айта аламын.
Айта кетейін, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, меценат Нұркен Асанов осы ұйымның істеп жатқан жұмысының барлық қаражатын өз қалтасынан шығарады.
– Кешегі Абайды сабаған дәуірде де қазақ арасында бір-біріне деген жауыздығы дәл қазіргі біздің қоғамдағыдай болмап еді. Біздегі осы бауырмалдықтың жоқтығы мен қатігездіктің түп тамыры неде деп ойлайсыз?
– Иә, қазіргі кездегі адамдардың бір-біріне деген махаббатының таяздығын қоғамдық ортаның кез келген саласынан көре аласыз. Оған түрлі болып жатқан өзгерістер мен заманның ауқымы кінәлі. Дейтұрғанмен біз адамбыз ғой. Өз-өзімізді басқара алатын сана-сезімнің иесіміз. Сондықтан енді ойлану керекпіз. Бізді қазіргі заманауи техникалар өз-өзімізбен болуға үйретуде. Кешегі бабаларымыз «Кісі болар баланың, кісіменен ісі бар» демеуші ме еді. Өкінішке қарай, қазір кісімен шаруамыз болмайтын болды. Бір-бірімізге суықпыз. Бауырмалдықтың жоқ болуының тағы бір себебі – балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Тіпті ата-аналардың өзі желіге желімделіп қалғандай. Балаға бауырдан гөрі телефон жақын. Жастар осы арқылы жалғыздыққа бой үйретіп барады. Ал мұның соңы қатігездік пен тасбауырлыққа алып баратыны айқын. Сондықтан әр отбасы өзінің заңы ретінде тым құрығанда дастарқан басында отырғанда бір-екі сағат болса да телефонға қарамай, бір-бірімен әңгіме айтуды дәстүрге айналдыруы керек деп ойлаймын. Қатігездік пен тасбауырлықтың түбіне түсінісу жетеді. Ал түсінісу үшін екі адамның арасындағы әңгіменің орны бөлек екені баршаға аян.
– Ал балаларымызды біз одан қалай қорғаймыз?
– Иә, жалпы бала өмірге аппақ парақ болып келеді. Ал оны шимайлайтын біздің көрсететін үлгіміз бен берген тәрбиеміз. Сондықтан таза парақты кірлетпеуге, оны шимайламауға біз себепші болуымыз керек. Біз балаларымызға ізгіліктің нұрын беріп, мейірімнің суын сеуіп күтімге алуымыз қажет. Өйткені бала бұл дүниеге біздің мәдениетіміз бен тәрбиемізді сынау үшін келеді. Біздің бойымыздағы ізгі қасиеттің де, жаман әдеттің де көрсеткіші –
бала.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ar-Ay