Әкенің кешірімі

Үйленгеннен бері үйінің берекесі кетіп, жігіт әкесі үшін әйелімен жиі ұрсысатын болды. Әйелі қайын атасын жақтырмай, үйдің артық адамындай көретін еді. Ұрыс-керістер кейде ушығып кететін. Тіпті бір кезде әйелі жұлқынып: «Бұл үйде не мен қаламын, не әкең қалсын!» деп қағынды.

Алайда, жігіттің әйелімен ажырасатын ойы жоқ еді. Тек ұрыс-керіс болмаса… оның айрандай ұйыған отбасы, сүйікті жары, ботақаны бар! Үйленер алдында ешкімге құлақ аспаған еді. Ата-анасын көндіру үшін қандай қиыншылықтар көрсе де, әйелін қатты жақсы көретін еді. Шарасыз күйде жүріп, бір жолын тапты-ау, әйтеуір. Жылдар бұрын аңшылықпен айналысып жүріп, тау жақта салдыртқан үйшігі есіне түсіп, сонда әкесін орналастыруды ұйғарды.

Аптасына бір келіп, керек-жарақтарын қамтамасыз етіп, осылайша бұл даудан құтыламын деп ойлады. Әкесіне қажетті заттарды алып, төсек тартып жатқан әкесін көтеріп, машинасына жатқызды. Алпамыс баласы: «ӘКЕ МЕН ДЕ СІЗДЕРМЕН БІРГЕ БАРАЙЫНШЫ?» деп жылап тұрып алды.

Әкесі оны да машинаға отырғызып, үшеуі ұзақ жолға шықты. Дала қара суық, қақаған қыстың ортасы. Қар борап тұр. Бораннан машинаның жүруі қиындай түсті. Кішкентай Алпамыс әкесінен: «ӘКЕ БІЗ ҚАЙДА БАРАМЫЗ?» деп сұраса да, еш жауап ала алмады. Алайда қайда бара жатқанын түсінген атасы білдіртпей көз жасын сүртіп отырды.

Ұзақ уақытқа созылған сапардан кейін таудағы үйшікке де келіп жетті. Көптен бері қараусыз қалған үйшік шашылып жатыр. Жігіт оның бір бұрышын тазартып, машинамен алып келген төсектерін сол жерге төсеп берді. Сосын қалған заттарын тасып, ең соңынан әкесін әкеліп, шалқасынан төсекке жатқызды. Үйшіктің іші азынап тұр. Әкесі сол мезетте дірдектеп тоңа бастады. Жігіт әкесіне шарасыздан қарап, ертең қалың көрпе-төсектер әкеп беремін деп ойлады. Басына қара аспан төнгендей көңілсіз еді. Ол осындай сезімдерді басынан кешкенде, әкесінің де жүрегіне пышақ сұққандай сезімде еді. Кішкентайдан асырап баққан ұлы оны өз қолымен таудағы үйшікке тастап кетіп бара жатыр. Қанша қимаса да әйелі мен баласын ойлаған ұлы әкесін қалдырды да үйшіктен ұзай берді. Жолда баласы сұрақтың астына алып келеді. «Әкешім, атамды не үшін үйшікке қалдырдың? -Ол қартайып кеткен, енді сол жерде тұрады. -Неге әке, сонда сіз қартайғанда мен де сізді осы үйшікке әкеп тастаймын ба?

Сол кезде әкесі жүрегіне біреу суық қанжар сұғып алғандай кілт тоқтады да, кері қарай машинасын бұрды. Қателігін кеш түсінген ұлы келсе, әкесі суықтан дірдектеп тоңып жатыр екен. Әкесін құшақтай сала еңіреп жылаған ұлын көргенде, әкесі де көзіне жас алып, ұлына кешіріммен қарады. Өмір алма кезек, оның басына келген қиыншылық ертең саған да келуі мүмкін. Адамдар, біз осы күнге өзіміз жеткендей болып, асып-тасып кетеміз. Алайда, сенің артыңда мықты тіреуің — ата-анаң тұрғанын ұмытпаған жөн. Ата-анамыз тірі кезінде қадірін білейік, әйтпесе өлгеннен соң қанша жылағанмен пайдасы жоқ.

«ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайты