Әкелі бала жау жүрек, Әкесіз бала сұм жүрек.
Рулының оғы қалса табылар,
Жалғыздың тартатұғын
Жағы қалса табылмас.
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұм жүрек.
Жиын болса бара алмас.
Барғанмен орын ала алмас,
Екі көзі жәудіреп,
Тұлымшағы салбырап,
Күнінде соның не болғанын білмедім.
Әкелі бала жау жүрек,
Жиын болса барады,
Барса орын алады,
Бітірер сенің дауыңды,
Қайтарар сенің жауыңды,
Күнінде тастан өтер жебесі!
Бұқар жырау туралы үлкен мақаланы аяқтап «Орталық Қазақстан» газетіне бердім. Сарыарқаның дауысы мен дауасы болған осы газеттің бірталай жылдар абыройлы, беделді редакторы Мағауия Сембаев ағам бүгін сенбілік санына шығады деп еді. Қарап шығарсыздар. Бұхарекеңнің өмір жолын кезең-кезеңімен, туған жылынан бастап (1683 ж), қайтыс болған 1780 жылға дейін қысқаша баяндап бердім. Жарайды, ол әңгіме бөлек. Бұқар бабамыздың шағын толғауына негізделген мына постта кермет маңызды мәселе көтерілген. Бұқарды заманында «Көмекей әулие» атағаны белгілі. Бүгінгі күннің ең ауыр мәселесі бар бұл толғауда. «Әкесіз бала сұм жүрек” дейді Көмекей әулие. «Екі көзі жәудіреп,Тұлымшағы салбырап, Күнінде соның не болғанын білмедім» дейді. Қазір Қазақстанда жүздеген мың бала әкесіз, ер азаматтың қамқорлығынсыз, әкенің ақыл-кеңесінен ада өсіп жатыр. Әкенің қатты айтқаны, тіпті анда-санда қамшымен тартып жібергені де сабақ қой. Әке ұл баладан көрі қыз балаға керек. Әкенің айбынын көрмеген, қамқорлығы мен қабағын сезбеген қыз бала ертең қалай жар болады ? Бұл постты әйел қауымы оқыса екен деп отырмын, әрине, сіздер, баланы аш-жалаңаш қалдырмайсыздар, бірақ әке тәрбиесін бере аласыздар ма ?