Әкенің бәрі осындай!

2015 жыл болатын. Қарашаңырақтағы інім аяқ астынан сырқаттанып, ауруханаға жатып қалды. Соңынан бір-екі күн аралатып барып тұрдым. Әр барғанда қажетті азық-түлігімен қатар, сусын, жеміс-жидек тастап кетемін. «Келмей-ақ қой. Жұмыстасың, әуре болма», дейді ол қабағы түйіліп. Алайда, мен бармай қалсам, соңынан баратын ешкім жоқ екенін ойлаймын.

Кеше өзі қоңыраулатып «Ауылға баратын болсаң, тамақтан босаған аяқ-табақтарды алып кетші?» деп өтінді.

– Көлікпен келгендер алып кетер. Мен ауылға дейін екі шақырым жаяулатып қалай көтеріп жүремін?

– 2 литрлік банкілер шкафқа сыймай жатыр. Оны ораған сүлгілер де толып кетті. Ауыр емес қой. Дәрігерлер «беріп жібер» деп жатыр…

Аурухананың сыртында тосып тұрып, маған беріп жіберген екі пакетін ала салып, жолға тарттым. Неге екенін қолым талып, әрең көтеріп келемін.

Кенет «бұл неге сонша ауыр» деген ой келді. Бетіне сүлгі жауып қойған пакеттерді ашып қарасам, түрлі жеміс-жидек, бірнеше келі алма, сусындар, тандыр нан, тәтті тоқаштар мен конфеттерге толы екен. Өзімнің ауруханаға апарып беріп жүрген азық-түлігім көзіме оттай басылды. Дереу қоңырау соқтым. «Тамағымнан өтпейді. Балаларыма апарып берші» дейді.

Менен өзге соңынан ешкім бармайтынын білетін басым:

– Өзің не жеп жүрсің сонда? – деймін қабағым шытылып.

– Балаларым тоқ болса, мен тоқпын ғой. Олар тәттіні сондай жақсы көреді, – дейді жадырай күліп.

Әкем студент кезімде ауылдан жұма сайын 80 шақырым қалаға қыстың көзі қырау болса да, мотоциклмен дорба-дорба ас- ауқат тасушы еді. Сол есіме түсіп кетті. Әкенің бәрі осындай екен ғой!

…Ауылдағы үйдің ауласына кіре бергенімде бауырымның жеті балапаны алдымнан жүгіріп шықты…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ