Әкім әскери бөлімде болды

Оралдағы №5517 әскери бөлімінде болған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Бұл туралы әскери бөлімнің баспасөз қызметі хабарлады. Салтанатты жиынға қатысқан 5517 әскери бөлімінің жеке құрамын атаулы қос мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ғ.Есқалиев тәуелсіздік жылдарында Ұлттық ұлан жасақтары ерлік пен батырлықтың айқын үлгісін көрсеткенін атап өтті. – Тәуелсіздік алған күннен бастап көзсіз ерлігі мен батырлығы үшін Ұлттық ұланның 169-дан астам әскери қызметшісі (оның ішінде 22-сі қайтыс болғаннан кейін) түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қырықтан астам әскери қызметші ордендермен марапатталса, полковник Қайрат Үмбетовке жоғары дәрежелі «Халық қаһарманы» атағы берілді. 5517 әскери бөлімінің келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі, аға сержант Асқар Нұрғалиев әскери борышын орындау кезінде адам өмірін сақтап қалғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» жоғары мемлекеттік наградасына ие болды. Сіздердің Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз, бойларыңыздағы патриоттық рух – бүгінгі жастарға үлкен тәрбие, өнеге, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ ел тыныштығын қорғап жүрген бір топ әскери қызметшіге «Алғыс хат» табыстады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетов ел қорғаған ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайтынын айтып, әскери қызметкерлерге ізгі тілегін жеткізді. Бұдан әрі облыс басшысына бөлімнің қарамағындағы әскери техника және қару-жарақ үлгілері таныстырылды.
«Мереке соңында жауынгерлер сапқа тұрып, Отанға деген сүйіспеншілікке толы «Мен, қазақпын» патриоттық әнін шырқады. Айта кету керек, биыл салтанатты іс-шара эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық талаптарға сай жұртшылықтың қатысуынсыз өтті, – дейді подполковник Ерболат Сұлтанов.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО Орал қаласы