Әкім орынбасары Сарыағашқа барды
Мұнан бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен кесте жасалғанын айтқан болатынбыз. Сол кестеге сәйкес Ж.Қансейітұлының орынбасарлары аудан аралайтынын тілге тиек еткен едік. Жуырда аталмыш кестеге сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бастаған жұмысшы топ Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданына барды.
Сөйтіп аудан активімен кездескен өңір басшысының орынбасары жиын тізгінін өз қолына алды. Басқосу барысында Ұласбек Сәдібеков Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен бекітілген латын әліпбиін талқыланды. Жиында сөз алғандар Елбасы бекіткен латын әліпбиінің көңілден шыққанын, оның дер кезінде қолға алынғаны туралы ойларын жеткізді. Жарыссөзге шыққандардың пікірінше латын әліпбиі заман талабы, ол әлемдік білім-ғылымға апаратын тікелей жол. Елбасының латын әліпбиін бекітуі – тарихи шешім. Ал облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жаңа әліпбиге қатысты пікірлерді қорытындылай келе оны жүзеге асыру үшін көпшілікті жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Әрі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы алты бағыт бойынша тиісті іс-шараларды атқаруды аудандағы мемлекеттік қызметкерлерге тапсырды.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ