Әкім «Qazaqstan dauiri» газетінің мерейтойымен құттықтады
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызын қабылдады. Кездесу барысында облыс әкімдігі мен басылым арасында әріптестік байланысты нығайтып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Алдымен аймақ басшысы «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры мен ұжымды сол басылымның 30 жылдық және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар облыста мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінде соңғы уақытта орын алған өзгеріс көп екен. Мысалы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының шарапаты алыс ауылдарға тиіп, көптеген білім, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері күрделі жөндеуден өтті және бірқатар жаңа ғимараттар салынды. Ал облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған «Заманауи мектеп» бағдарламасы арқылы облыста 6 мектепке жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы да жақсы жобалар атқарылуда. Өз кезегінде С.Мешітбайқызы Ертіс-Баян өңіріндегі орын алған жағымды жаңалықтарды оқырманға сапалы жеткізуге әрдайым дайын екенін білдірді.
– Біздің газеттің ұжымы Павлодар облысының барлық аудандарында болды. Атап айтқанда, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Nur Otan» партиясымен бірлескен дәстүрлі ауыл экспедициясы жобасы бойынша көптеген шаруалармен және ауыл халқымен кездестік. Кездесу барысында олардың мұң-мұқтаждықтарын және билікке деген ұсыныс-пікірлерін жинап, оны Үкіметке және басқа да құзырлы органдарға жеткізіп келеміз. Осы экспедиция барысында жиналған мәселелер ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп өткізетін ауыл экспедициясының қорытынды жиынында көтерілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы әлі де жалғасын табады. Сондықтан, осы тақырыпты алдағы уақытта да кең көлемде насихаттайтын боламыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа Қазақстанды» жобасының іске асырылуына өз үлесімізді қосуға әзірміз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында Сәуле Мешітбайқызы бастаған газет ұжымы «Қазақстанның үздік 30 ауылы» жобасына кірген Ақсу қаласының Евгеньевка ауылдық округіне барып, ауыл жастарымен және мұғалімдермен кездесті. Шынымен өзге елді мекендерге үлгі ететін жетістіктері жетерлік екен. Осы іссапар барысында Ақсу қаласындағы №2 орта мектебінде мұғалімдермен кездесіп, білім беру саласындағы кемшіліктерді сөз етті. Сонымен қатар ұстаздар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.