Әкім сөзін «пшту» көрмегендер  жауапқа тартыла ма?

Жақында ғана Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов: «Астана əуелі Тəуелсіздік күніне, тек содан кейін ғана барып Жаңа жыл мерекесіне дайындалуы тиіс»,— деген еді. Бұл әкімнің басқаларға «көз қылып айтқан сөзі» ме, болмаса астаналықтар әкім сөзін құлақтарына қыстырмай ма, қала жұрты жаңа жыл мерекесіне қазірден бастап қызу дайындыққа кірісіп кеткен көрінеді.

Мұны қала тұрғындарымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын біліп қайтқан  NUR.KZ тілшісі айтып отыр. Тілшінің айтуынша: «Қала әкімінің сөзі далада қалған сыңайлы. Оған дəлел — қаланың келер жылға дайындыққа қазірден бастап кірісіп кеткені. Елорда сауда дүкендернің бұл «əрекеттеріне» тұрғындар да ашулы.

Олар: «Қалалықтар әкім сөзін құлаққа ілмей, өз білгендерін істеуде. Қаланың сол жағалауындағы ірі сауда орындары мен бірқатар бутиктердің алды мен маңдайшаларына түрлі «əлем-жəлем» əшекейлер ілініп тасталған. Əкім сөзін пысқырған біреу жоқ. Қала жұрты сөз басқа, іс басқа екендігіне əбден үйреніп кеткен. Астананың оң жағалауындағы сауда орталықтары да жаңа жылға дайындықтан алдына жан салмайды.

Əдемі безендірілген шыршалар, гирляндтар мен түрлі жаңажылдық əшекей бұйымдар сауда дүкендерінен орын тепкен»,— десе, астаналық Мұқият есімді тұрғын: «Бұл жыл сайынғы көрініс қой, таңғалатын түгі жоқ. Тəуелсіздікті тойлаймыз дейміз, қайдам? Міне, бір-ақ апта қалды ғой, əлі күнге дейін қаланың бір жерінен тəуелсіздікке қатысты бір нышан байқамадым. Өзім оралманмын, елім, жерім деп келдік. Осы азаттықтың қадірін жастар білсе екен деймін.

Ол үшін, ел болып, қаланың атқамінерлері болып оны дəріптеп, соны мерекелеуге мықтап кірісу керек қой. Ал, біздікі мынау, екі ай бұрын жаңа жыл деп жылда шұрқырап жатамыз. Әкім сөзін пысқырмағандар жауапқа да тартылмайды-ау, осы»,— дейді өзінің қалалықтарға өкпесі қара қазандай екенін жасыра алмай күйініп.