Әкім жылыту мәселесін шешуді тапсырды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов облыс орталығын кезекті рет аралап, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі нысандардың жұмысымен танысты.
Кешендегі көрме павильоны, облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркем және бейнелеу өнері галереясы, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы және «Достық үйінде» болған аймақ басшысы бұл ғимараттардың қысқы жылыту жүйесіне қатысты мәселеге айрықша назар аударды.
Айта кетейік, аталған нысандардың жылыту жүйесінің орталық қазандыққа қосылмағандығы, жылыту үшін электр батареялары пайдаланылатындығы бұған дейін бірнеше рет көтеріліп, облыс әкімі тарапынан жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілген болатын.
Нұржан Нұржігітов берілген тапсырмалар бойынша әлі күнге ешқандай шаралар қабылданбағанын сынға алды.
Қала орталығындағы көрнекті орындардың бірі саналатын кешеннің келбеті мен қызметінің маңыздылығын алға тартқан аймақ басшысы ғимараттардың жылыту жүйесін тезірек реттеуді тапсырды.
Ол үшін Тараз қаласының әкімдігіне жауапты жобалаушымен нақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.