Әкімге тағылған төрт мін

Өзінің халифалық кезеңінде хазіреті Омар (ол кісіге Алла разы болсын) Химс қаласының беделді азаматтарына арнап хат жазады. Ол хатта халифа айналасындағы кедейлердің хал-қадірін білдіруін сұрап, өз тарапынан жәрдемдесетіндігін білдіреді.

Халифаның хатына жауап ретінде Химстықтар Шам қаласының және айналасында тұратын кедейлердің мұң-мұқтаждықтарын, талап-тілектерін қағазға түсіріп, мұсылмандардың әміршісі Омарға жібереді.

Хазіреті Омар келген хаттан жағдайы жоқ, тұрмысы төмен кедейлер тізімінің ең басынан қала әкімі болып тағайындалған Сағд бин Әмрдің есімін көреді. Осыдан соң хатты жеткізгендерден қала басшысының хал-жағдайын сұрай бастайды. Олар:

— Басшымыз шынында кедей кісі. Ол кісі парақорлық болып кетер деген қорқынышпен біздің ұсынған азғантай сыйлығымызды да еш қабыл етпейтін жан,- деп ақиқатты жайып салады.

Әкімнің бұл іс-әрекеті халифаның көңілінен шықса да, әлгі кісілер сөздерін жалғастырып, басшыларына шағымданатын жағдайлары бар екенін және кейбір әрекеттеріне көңілдері толмайтындығын айтып:

— Алладан мұнша қорқатын басшымыздың көңілімізге жақпайтын жағы да бар. Біріншіден, ол өзінің тиесілі қызметін күнделікті таң намазынан кейін бастау қажет болса да, ол кісі күн шықпастан келіп кетеді.

Екіншіден, әкімімізді ешқандай кеш батқанда арамыздан мүлде кездестіре алмаймыз. Ол өзімен-өзі үйінде, халықпен тығыз қарым-қатынас жасамастан отыра береді.

Онысымен қоймай, аптада бір мәрте үйінен сыртқа шықпай қояды. Есігін іліп алып, іште болса да бар-жоғын білдірерліктей дауысын да шығармайды.

Төртіншіден, ол кісінің басынан кешкен бір оқиғасы бар. Ол оқиға сахабалардың бірі Хубайбтің өлімі. Сол оқиға есіне түсіп кетсе, дереу талып қалады. Оның қайғысынан сырқаттанып сала береді, — дейді.

Химстықтардың шағымын аяғына дейін мұқият тыңдаған хазіреті Омар  оларға қазынадан қаржы және киетін киім-кешектер беріп, елдеріне қайтарады.  Мұнан соң қала әкімі Сағд ибн Әмрдің үстінен түскен шағымдардың себебін білу үшін оны құзырына шақыртады.

Сағд ибн Әмр (ол кісіге Алла разы болсын) хазіреті Омардың алдына келгенде халифа ол кісіге Химстықтардың шағым жасағандарын айта келіп, халқының таққан төрт айыбының себебін сұрайды. Сонда Сағд ибн Әмр:

«Бірінші кемшілігіме тоқталсам, жанұямда сырқат кісілер болғандықтан үйдің бүкіл жұмысын күндіз өзім жасаймын. Сол себепті, әкімшілік жұмысына түн қараңғысында ерте келетінім сондықтан.

Екіншісі болса, күндізін халық үшін қызмет жасаған жандардың кешкі уақытын Хаққа арнасын деп еркіндік жасағаным еді. Өйткені, мен кеш батқаннан кейін күні бойғы халыққа жасаған жұмыстарымның есебін жасаймын. Жасаған істерімнің кемшілігі бар ма, жоқ па деп іздестіремін.

Үшіншісі, мына үстімдегі киімімнен басқа ауыстырар киімім жоқ. Аптада бір рет осы киімдерімді жуып, тазалау үшін уақытымды арнаймын. Тіпті үйімде жуылған киімнің орнына ауыстырып киерім болмаған соң кепкенге дейін ешкімге көрінбегенді қалаймын.

Төртіншісі де рас. Хубайбтың шәһид етілгені ойыма түскенде есімді жоғалтып, талып қалатыным бар. Өйткені, мүшріктер Хубайбты дарға асып жатқанда мен олардың қастарында болатынмын. Мен оларға қарсы бола алмадым. Ол кезде Исламда болмағандықтан сол бір қайғылы оқиғаны көзбен көріп, үнсіз тұра бергенмін. Осы оқиға есіме түсе қалса, талықсып ауырып қаламын, — деп төрт жағдайды халифаға баяндап береді.

Сағд ибн Әмрдің сөзін тапжылмай тыңдап отырған халифа Омар көз жасын тыя алмай отырып қалады. Осы кездесуден кейін хазіреті Омар Сағдты есіне түсірсе болды: Иә, Сағд! Аллаға деген қорқынышың сенің дәрежеңді қаншалықты көтерді екен?!, — дейтін еді.