Әкімін алғаш сайлаған Абай қаласының тынысы жайлы

Аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, ірі сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы және жаңа жұмыс орындарын құру. Жақында әкімін сайлаған Қарағанды облысының Абай қаласы қалай дамып келе жатқаны туралы журналистерге баспасөз туры кезінде айтылды.

Абайда төрт көшенің жолдарын жөндеуге, жаяу жүргіншілер жолдарын жайластыруға кірісті. Моноқаланың аулаларында асфальттау және балалар мен спорт алаңдарын салудан бөлек, орындықтар, жарықтандыру тіректері мен қоқыс жәшіктерін орнату көзделіп отыр.

— Бізде қаланы дамытудың әлеуеттік жоспары құрылған. Биыл орташа жөндеуден басқа, бірнеше көшенің жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізіледі, — деді Абай әкімі Медеу Ахметов. — Біз саябақты абаттандырудың ЖСҚ дайындаймыз. Қалада ауданы 16 мың шаршы метр болатын ірі сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы басталды. Бұл бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, біз 200-ге жуық көшет пен 2,5 мың бұта отырғыздық. Күзде жұмыс жалғасады.

 

 

Биыл Абайда кәріз жүйесін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Желілерді жаңғырту жобасы үш жылға есептелген.

Қолжетімді инфрақұрылым құрумен қатар, қалада барлық әлеуметтік нысандар жөнделді. Абай орталық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізілді, қабылдау бөлімшесінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді көздейтін 3H жүйесі енгізілді және жабдықтар жаңартылды.

Маңызды міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру.

Жеке инвестордың қаражатына қалпына келтірген Абай тігін фабрикасы қарқын алуда. Кәсіпорын арнайы киім, күртеше, жилет, төсек-орын жабдықтарын шығарады. Фабриканың тапсырыс берушілері өңірдің және елдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары.

— Білікті тігіншілер бізде 250 мың теңге көлемінде жалақы алады. Қазір фабрикада 80 адам жұмысқа орналастырылды. Қосымша жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бар. Бірақ өңірде кадр тапшылығы бар. Сондықтан өзімізге қажетті мамандарды оқытып алу мақсатында Абайда жеке колледж ашқымыз келеді. Сонда өндірісті толық қуатында іске қоса аламыз, — дейді кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков.

Кәсіпкер Дана Аманбаева «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, өз ісін өрге дөңгелетіп келеді. Екі жыл бұрын грант ұтып алып, сол қаражатқа даму орталығын жабдықтған. Қазір онда 1,5 жастан 6 жасқа дейінгі 40-қа жуық бала оқиды.

— Бұл Абайдағы бүлдіршіндерге арналған жалғыз дамыту орталығы. Қазір менде төрт педагог және бір ауысымды әкімші жұмыс істейді. Балалар көп, сұраныс бар. Мен алаңды кеңейтіп, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарын құрғым келеді, — деп жоспарларымен бөлісті кәсіпкер.

Айта кету керек, биыл Абай ауданында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі күтілуде. Жүзден астам жұмыс орнын құра отырып, 30 жаңа нысан ашу жоспарлануда. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау үшін ауданда 50 грант бөлінеді.

 

          Жомарт Шаймұрат