Ақмола облысында 30 кооператив құрылады
Жуырда Ақмола өңірінің ауылшаруашылық еңбеккерлерінің облыстық кеңесі болып өтті. Кеңесте көктемгі егісті ұйымшылдықпен, сапалы өткізу жəне ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мəселелері қаралды. Кеңеске Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысып, сөз сөйледі. Кеңес алдында жиынға қатысушылар ауылшаруашылық техникаларының жетістігі көрмесін тамашалады.
Кіріспе сөзбен кеңесті ашқан облыс əкімі Мəлік Мырзалин маңызды жиынға қатысып отырған өкілдерді қысқаша таныстыра келе, негізгі баяндама жасаушы, ауыл шаруашылығына жауапты əкімнің орынбасары Егор Каппельге сөз берді. Баяндамашының сөзінен ұққанымыздай, көктемгі дала жұмыстары негізінде аяқталғанын жеткізді. Биылғы жылы өңір диқандары 4,7 миллион гектар жерге егін себеді. Оның, 4,3 миллион гектары дəнді дақылдар. Бұл өткен жылғыдан 9,6 мың гектарға артық. Бидай егу 3,8 миллион гектарды құрап, өткен жылғы егіс көлемінен 38 мың гектарға кеміді. Майлы дақылдар 241,5 мың гектар алқапқа егіліп, 21,7 мың гектарға көбейіп отыр. Тұқым жеткілікті. Биылғы жылы аймақта 591,7 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға көп. Халықтың ішкі қажеттіліктері ескеріле отырып, биылғы жылы 18,4 мың гектар жерге картоп, 4,3 мың гектар алқапқа көкөніс егілмек. Өткен жылға қарағанда осы дақылдар егілетін алқап көлемі тиісінше 357 жəне 55 гектарға артты. Облысымыз тұқым қорымен толық қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Өткен жылы 522 мың тонна тұқым қоры құйылған болатын. Тұқымның 86 пайызы 1 жəне 2 класты. Облысымызда тұқымды дəрілеуге препараттар жеткілікті. Техниканы көктемгі дала жұмыстарына дайындау аяқталуға жақын. Десе де, əр өңірде техникаларын жөндеуді əлі толық аяқтамаған шаруашылықтар кездеседі. Осыған орай, қолдағы бар күшті жұмылдырып, бұл жұмыстарды тез аяқтау қажет. Облысымыздың шаруашылықтары соңғы төрт жылда машина-трактор паркін 10,3 пайызға жаңартқан. Дегенмен де, Ақкөл ауданында техника паркі небары 3 пайызға, Целиноград ауданында 5 пайызға, Зеренді мен Жақсы аудандарында 8 пайызға, Астрахан, Атбасар жəне Есіл аудандарында 9 пайызға жаңартылған. Бүгінгі күні облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының тозуы 66 пайызды құрайды. Осыған орай, біз əр жыл сайын машина-трактор паркін кем дегенде 8 пайыздан астам жаңартып отыруымыз керек. Биылғы егіс науқанына 16 мыңға жуық трактор мен 16,8 сеялка, 1145 жоғары өнімді себу кешені қатыстырылатын болады. Алдын ала дайындалған жұмыс жоспарына сəйкес, облыста дəнді дақылдарды себу мерзімі 20 жұмыс күні ішінде толық аяқталады деп межеленіп отыр. Əр тəуліктегі егіс қарқыны кем дегенде 218 мың гектар болуы қажет. Бүгінгі таңда облыс шаруашылықтары дизель отынымен — 46,9 пайыз, бензинмен — 59 пайыз, дизель майымен 58 пайыз қамтамасыз етілген. Осылай бола тұра, ерекше назар аударатын мәселелер бар. Ол — ғылыми болжам мен нақты іс ұштасқанда ғана мол табысқа қол жеткізуге мүмкіндік туатындығы. Мол өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға да жете назар аударған жөн. Мемлекет биыл тыңайтқыштардың құнын арзандату үшін 1,6 миллиард теңге бөліп отыр. Осы қаржының арқасында 24 мың тонна тыңайтқышпен 700 мың гектардан астам алқапты тыңайтуға мүмкіндік беретін субсидияландыруға қол жеткізіп отырмыз. Қазір қолда 8,1 мың тонна тыңайтқыш бар. Биылғы жылдан бастап шағын және орта шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігулері керек. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың тұрақты назарында болуы шарт. Тұтастай алғанда бюджет қаржысын субсидия және несие түрінде бөліп, экономикалық тиімділігін барынша арттырып, өндірістің тұрақтылығына қол жеткізуіміз керек.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов:
— Биыл дәнді және майлы дақылдар республика бойынша 22 миллион гектар алқапқа себіледі. Бұл былтырғы жылдағыдан 311 мың гектарға кем. Белгілі мөлшерде бидай, мақта және күріш егістіктері азайтылғалы отыр. Олардың орнына майлы, бұршақты дақылдар көбірек себілмек. Жоғарыда айтылған егіншілік құрылымында дәнді дақылдар 15 миллион, ал бидай 12 миллион гектар алқапты алатын болады. Қабылданған меморандумға сәйкес, Ақмола облысы бойынша да себілетін әр дақылдың нақты көлемі белгіленген. Бұл облыстың осы меморандум талаптарын бұлжытпай орындауға тиістігін және бір айғақтай түседі. Әзірге себілетін майлы дақылдардың көлемі кемшін соғып отырғаны байқалады. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге аймаққа 60 миллиард теңге несие бөлінген. Ол ауыл шаруашылығы құрылымдарына микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін болады. Оның барысында белгілі бір дақыл түрлеріне басымдық беру жағы да ескерілетінін айта кету керек. Облыста алдағы көктемгі егіске 566 мың тонна тұқым құйып алынған. Сататын басы артық 74 мың тонна тұқым қоры да бар. Бұл жағынан жағдай жаман емес. Енді кейбір қол байлаған мәселелерге тоқталсақ, тұқым шаруашылығын дамыту үшін 583 миллион теңге қаржы қажет. Облыс бюджетінен минералдық тыңайтқыштар сатып алуға 1 миллиард 600 мың теңге бөлініп отыр. Көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде өткізу үшін 50 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, бүгінгі таңда оны сатып алуға келісімшарттардың барлығы жасалған. Әр литр жанар-жағармайдың құны 124 теңгеден келеді. Бұл баға да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 5 теңгеге арзан. Бүгінгі күнге дейін облыста тракторлардың 91, тұқым себетін сеялкалардың 98 пайызы жұмысқа дайын. Мұның өзі көкейге облыс осы жауапты науқанды дер мезгілінде, ойдағыдай атқарып шығады деген берік сенім ұялатады. Әрине, бұл үшін министрлік те өзіне тиесілі мәселелерді жергілікті органдармен бірлесе отырып, оң шешуге қолдан келгеннің бәрін жасайтынын көпшілікке жеткізді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың баяндамасынан соң, жарыссөз басталды. Жарыссөзде Шортандыдағы А.И.Бараев атындағы егіншілік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексембай Қасқарбаев биылғы көктемгі егістің агротехникалық шаралары, Жарқайың ауданының əкімі Асқарбек Үйсімбаев жауапты науқанға дайындық мəселелер жайын баяндады. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан, Ерейментау ауданының əкімі Ермек Нұғымановтар нақты ой, ұсыныстар айтты.
Мұрат Балпан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
— Биылғы жылы облыста сүт бағытындағы 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады. Әрқайсысының сүт қабылдайтын орындары болады. Бұл мақсатта облыс әкімінің тапсырмасы бойынша сүт сатып алуды орталықтандыруды «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сүт таситын арнайы көлік сатып алуды ұйымдастыру мәселесі қаралуда. Сондай-ақ, 320 отбасылық мал бордақылау алаңы ашылады. Кооперативтердің қатысушылары 5,5 мың бас сиыр сатып алмақшы. Отбасылық мал бордақылау алаңын құратын 272 қатысушы анықталды. Кооперативтер құру үшін облысқа 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 2012,0 миллион теңгесі өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.
Ермек Нұғыманов, Ерейментау ауданының əкімі:
— Ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру туралы міндеттер біздің өңірде де қолға алынуда. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы соңғы 4-5 жыл ішінде 3350 бас асылтұқымды сиыр сатып алынды. Сөйтіп, ауданда үш асылтұқымды шаруашылық ұйымдастырылды. Оның бірі Солтүстік Америкадан жеткізілген 526 бас ангус тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысса, екеуі 1000 бастан астам қазақтың ақ бас сиырларын өсіруде. «Жаңа Береке» шаруа қожалығының жылдық қуаты 5000 тонна ет өңдеу кешені іске қосылды. Аудан 189 тонна ірі қара етін экспортқа шығарды. Бүгінгі таңда бес ауыл шаруашылығы кооперативі мемлекеттік тіркеуден өтті. «Алтынды шыққан жерінен қаз» дегендей, біз Шымкенттің мал бордақылау кәсібімен бүкіл Қазақстанға әйгілі Қарабұлақ ауылынан бес отбасының ат басын өзімізге бұрып, көшіріп алдық. Ағайындар осында қыстап көр деп Елтай ауылына өздерінің Нығметжан Әлімқұлов деген бауырларын қалдырып кетті. Нығметжан аман-есен қыстан шықты, қазір ауданға уақытша тіркеуге тұрып, өз ісін дөңгелетемін деп отыр.
Қосымша ретінде егіс науқаны кооператив құруға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Əбішев, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру жəне қайта өңдеу департаменті басшысының орынбасары Б. Нығмашевтер сөз сөйлеп, түсініктер берді. Кеңес соңында Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі.
Ол мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында агросектор ел экономикасының драйвері болуы керек деп атап көрсеткенін көпшіліктің есіне сала келе, төмендегі жайды баяндады. Вице-премьер сөзінде:
— Елбасының жоғарыдағы тапсырмасын орындау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ол, біріншіден, егістік алқаптарының құрылымын əртараптандыруды, импортты алмастырып, егіншілік жəне мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруды көздейді. Енді осы жұмыстардың Ақмола облысында қалай орындалып отырғанына келейік. Облыста майлы дақылдарды өңдейтін 6 зауыт, 13 сүт зауыты жəне 12 ет өнімдерін өңдейтін орын бар. Олар қазір өңделетін өнімдердің жеткіліксіздігінен 30-50 пайыз қуатында ғана пайдаланылуда. Мал өнімдерін дұрыс өндірудің негізі берік жемшөп қорында жатыр. Соған қарамастан, егіс алқаптарының үлес салмағында екпе шөптер 400 мың гектарды құрайды. Бұл аздық ететіні сөзсіз. Біз биыл əр облыспен егіншілік саласын əртараптандыру жөнінде төртжақты келісімшартқа қол қойдық. Ақмола облысына да осынау белгіленген индикаторларды орындаудың маңызы өте-мөте зор. Бірінші кезекте тұқым шаруашылығы мəселелерін шешу керек. Министрлік тарапынан осы мақсатқа 580 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл мүмкіндікті ақмолалықтар да неғұрлым тиімді пайдаланып қалуы тиіс. Ең алдымен, дəнді жəне майлы дақылдар тұқымының сапасын екі есеге дейін арттыру, оларды себу технологиясын одан əрі жетілдіре түсу қажет. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бөлінетін несиенің өсімі 6 пайыздан аспауына қол жеткізіп отырмыз. Бұл бірінші рет осылай болып отыр. Бұрын ол 9 пайыз болатын. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстары кезінде жанар-жағармай акциздерін көтермеу жөнінде шешім қабылданды. Ол да аграршыларға едəуір көмек. Көктем биыл кешеуілдеп жатыр. Соның салдарынан оңтүстікте дала жұмыстарының қарқыны былтырғыдан 20 пайыз төмен. Ол жақта ауа райының жылылығынан бұл тұйықтан ептеп шығуға болады. Ал теріскейде мұның белгілі бір кері əсері бар. Жарқайың ауданы əкімі көтерген мəселені де біз жақсы білеміз. Əрине, ол қолдан келгенше ескерілетін болады. Егіншілік саласын əртараптандыру, дəнді дақылдар алқабын қысқарту дегенде, біз өнім көлемін азайтуды айтып жатқан жоқпыз. Оны дұрыс түсініңіздер. Бұл арада əңгіме əрбір гектар жерді тиімді пайдалану жөнінде болып отыр. Гектар жағынан азайтсақ та, өндірілетін өнім мөлшерін кемітпеуіміз керек. Яғни, сапа мен түсімнің есесінен бұрынғыдан да мол астық алуды ойлауға тиіспіз. Бұрын көктемгі егіс науқанында алынатын несиеге əлеуметтік-өнеркəсіптік корпорациялар кепілдік беретін. Биыл біз мұны өзгерттік. Неге дейсіздер ғой? Алған несиелер дұрыс қайтарылмайды. СПК бұл жағынан бос уəде берумен ғана келді деуге болады. Ақмола облысының өзінде осындай 1 миллиард теңгенің шамасында қайтарылмаған қарыз бар.
Енді мал шаруашылығы туралы бірер сөз. Облыстағы мал бордақылау алаңдары да 30-40 пайыз көлемінде ғана пайдаланылуда. Бұл мал басының жеткіліксіздігінен орын алуда. Ал оған əкеліп отырған бір себеп, жоғарыда айтқанымыздай, жемшөп қорының тапшылығы. Осы арада Ақмола облысының Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасауда негізгі орынның бірін алатынын да ұмытпауымыз керек. Соған қарамастан, мұнда көршілес Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарымен салыстырғанның өзінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны аз. Кооперация — ауыл болашағы. Қазір елде ақша бар, қойылып отырған міндет те түсінікті. Барлық құрал-жабдықтардың 50 пайызына субсидия беріледі. Несие алу үшін кепілдікке де ештеңе сұралып жатқан жоқ. Ендеше, неменеге қарайлап отырмыз? Облыста 17 бірдей аудан, ауыл шаруашылығы құрылымдарынан тұратын Степногорск сияқты бір қала бар. Соған қарағанда, кооператив саны тым аз. Әзірге құрылғаны 14 қана. Осы кемшілікті толтыру үшін Ақмола облысында 30 кооператив құру жоспарлануда. Ал Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етудің басты бір жолы да кооперация екені анық. Биыл осы пилоттық жобаға республика бойынша 50 миллиард теңге қаржы бөлінген. Олай болса, ендігі мəселе — халыққа осы істің артықшылығын жан-жақты түсіндіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін неғұрлым көптеп құру. Алдағы уақытта мал өнімдерін өңдеу жөнінен агроиндустриялық карта жасағымыз келеді. Біздегі өңдеу кəсіпорындары көп жағдайда модернизациялауды қажет етеді. Агроиндустриялық карта арқылы əр облыстың, ауданның осы бағыттағы жұмыстары нақты көрініс тауып отырар еді. Түйіндей айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы Ақмола облысы үшін ең басты мəселелердің бірі. Үкімет қазір агросекторға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп отыр. Осыны жан-жақты пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету, сөз жоқ, уақыт талабы, — деп, министр сөзін аяқтады.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс əкімі Мəлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке өз мамандарымен келіп, облыстық кеңеске қатысқаны үшін алғыс білдіріп, бүгін өте маңызды əрі пайдалы əңгіме өрбігенін атады.
Мəлік Мырзалин, Ақмола облысы әкімі:
— Егіншілік саласын əртараптандыру өте тиімді. Одан түскен қаржы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз қолдарына тиеді. Біздің аграршылар өндіретін өнімдер экологиялық жағынан таза. Сондықтан оны экспортқа шығару мүмкіндігі де мол. Кеңесте айтылған суармалы егіншіліктің де осыған тигізер пайдасы аз емес. Сондықтан бұл іс та назардан тыс қалмайды, — деп, ауыл еңбеккерлеріне алдағы көктемгі егіс науқанын абыроймен атқаруына сəттілік тіледі.
Еске сала кетсек, Ақмола облысы еліміздегі өндірілетін астықтың шамамен 25% беретін болғандықтан, республикадағы ең ірі астықты өңірлердің бірі болып саналады.
Жыл сайын облыс 1,8 млн. тоннадай астықты 26 алыс және жақын шетелдерге экспорттаса, 800 мың тоннадан астамын республиканың 7 облысына таратады. Сондай-ақ, Ақмола облысы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мәселесінде де алда келеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола аймағы елімізде өндірілетін өнімнің 5,9% ет (56,3 мың тонна), 7,1% сүт (376,9 мың тонна) және 9% жұмыртқа (725,4 млн. тонна) өндірген.
Елорда Астананы азық-түлікпен қамтуда жетекші рөл атқарады.
Дахан Шөкшир