Ақмолада экотуризмнің болашағы зор

Біздің кең- байтақ даламызда туризмді дамытудың мол мүмкндіктері бар. Бұл қатарда соңғы жылдары жылдам дамып келе жатқан экотуризм саласы да кіретіні даусыз. Себебі біздің Ұлттық парктеріміз бен алуантүрлі табиғатымыздың өзі соған сұранып тұрғандай. Біздің елде асқар таулар мен шөл дала, асау өзендер мен шалқар көлдер, таңғажайып шатқалдар мен үстіріттер бар. Сондықтан туризм саласын мықтап дамытамыз десек әрбір аймақ өзінің табиғи ерекшеліктеріне негізделе отырып, таза және бүлінбеген табиғи объектілерімізді таныта білуіміз керек. Ендеше экотуризм дегеніміз нені меңзейді?

Халықаралық экотуризм қоғамы «экотуризм- қоршаған ортаны сақтайтын, жергілікті халықтың әл-ауқатын қолдайтын және экскурсиялық-ағартушылық қызмет пен білім беруді көздейтін табиғи аудандарға жауапты саяхат»,- деген анықтама берген екен. Бұған қоса биоәртүрлілік пен сұлулықтан ләззат алу мүмкіндігімен табиғи аумақтарға жасалатын саяхта деп те анықтам аберген. Мұнда биоәртүрлілікті сақтау, экономикалық кірісті арттыру, әлеуметтік пайда сынды мақсаттары болады. Қазіргі таңда елімізде экотуризм саласын дамытуға барынша көңіл бөлініп, үгіт-насихат жұмыстары жанданып келе жатыр.

19 қыркүйек күні Ақмола облысындағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі «Соколиные горы» учаскесінде «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығы Ұлттық парк әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырған ақпараттық тур ұйымдастырды. Іс-шараға экотуризмді дамытуға және өзінің туристік бағдарламаларына жаңа бағыттарды енгізуге мүдделі Астанадан келген туристік компаниялардың 20-дан астам өкілі жиналды.

Инфотурдың мақсаты «саябақтың табиғи байлығымен танысу, ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау және туристік маршруттарды ілгерілету және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына назар аудару»,- дейді шараны ұйымдастырушылар. Саябақ өкілдері Астанадан келген қонақтарға саябақты экотуризм үшін бірегей орынға айналдыратын қолданыстағы және әлеуетті туристік маршруттар, сондай-ақ сирек кездесетін флора мен фауна түрлері туралы айтып берді.

Тур бағдарламасы Бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары Қайрат Сапарұлы Бұхарбаевтың құттықтау сөзінен басталды, ол саябақтың туризмді тұрақты дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. Туризм және экологиялық білім бөлімінің бастығы Редько Мария Александровна саябақ жұмысының негізгі аспектілері мен экологиялық білім беру мүмкіндіктері туралы айтты.

Көрікті соқпақтар бойынша экскурсия барысында қатысушылар мыналарды көрді:

— Керемет ландшафттар мен табиғи аймақтар;

-Табиғи парк шеңберінде қорғалатын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлері;

— Саябақты тек табиғи ғана емес, сонымен қатар аймақтың мәдени мұрасына айналдыратын тарихи және мәдени ескерткіштер.

Аймақтың туризм саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған шараның соңында тараптар өзара ынтымақтастық орнату, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристерді ынталандыру бойынша өзара қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.

«Ақпараттық тур Ақмола облысындағы экотуризмнің негізгі объектісі ретінде саябақты ілгерілетудегі маңызды қадам болды. «Бұйратау» МҰТП Қазақстанның туристік картасында өңірді ілгерілетуге және экотуризм мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін осындай іс-шараларды ұйымдастыра отырып, туристік компаниялармен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады»,- дейді шараны ұйымдасытрушылар.

Сөз соңында Астана сынды мегаполистің іргесінде тұрған Ақмола обылсы, өзінің көркем табиғатымен, биоалуандығымен ел іші-сыртынан келген туристердің таптырмас демалыс нысанасына айналатын күн де алыс емес дегіміз келеді.

Ерқазы Сейтқали