Ақпарат саласының ақтаңгері

И.Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қазіргі қазақ журналистикасының бас ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының құрметті азаматы — Намазалы Омашұлының рухани мұрасын насихаттау мақсатында арнайы кабинеттің салтанатты ашылуы мен «Ақпарат саласының ақтаңгері» атты шығармашылық кеші өтті.

✅Іс-шараға Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы М.А.Өмірбек, Меркі ауданының әкімінің орынбасары Б.Абжапаров пен ардагер ұстаздар қатысты.

✅Намазалы Омашев – қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі. Ол — 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 18 кандидаттық диссертация қорғалды. Н.Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырған.

Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, білікті ұйымдастырушы, қаламы қарымды публицист, сөз өнерінің жанашыры, сонымен бірге өнердің өзге де түрлерінен «бар таласым» деп, биіктерді бағындырып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы Намазалы ағаның қаламынан туындаған кітаптары да жеткілікті.

Намазалы Омашевтің ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде Лас-Вегаста, Парижде, Монреалда, Ресейде және т.б. халықаралық конференцияларда жоғарғы кәсіби бағаға ие болды.

Намазалы Омашұлы -1995 жылдан бастап ЮНЕСКО жанындағы ОРБИКОМ ұйымының мүшесі. 2001 жылы Кембридждің Халықаралық өмірбаяндық орталығының «Жыл адамы» атағы берілді. Сонымен бірге осы ұйым ХХІ ғасырдың аса көрнекті тұлғаларының тізіміне енгізді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп академиясының толық мүшесі, Қазақстан журналистика академиясының академигі және журналистика саласындағы ерен еңбегі үшін “Алтын самұрық” төсбелгісіне ие болды.

2003 жылы “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төс белгісі, 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

2012 жылы отандық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Еуразия жұлдызы» атағымен марапаттады.

2013 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды. 2019 жылы «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты болды.

Аталған іс-шара өз жалғасын аудандық Мәдениет үйінде оқушылардың өнерлерін тамашалаумен аяқталды.

Мәдениет үйінде аудан жеткіншектерінің мерекелік концертіне ұласты. Онда Н.Омашевтің «Алаш көсемдері» 10 томдық кітап жиынтығынан Алаш көсемдері туралы көрініс қойылып, монографияларына шолулар жасалды.

Меркі Ауданы Әкімдігі