АҚПАРАТ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Бүгінде кім не айтпай жатыр? Дәстүрге жат мінез-құлық көрсететіндей, біліп-білмей мойынға күнә артатындай басымызға қандай күн туды? Еркіндікті елірумен, ашықтықты арандатумен шатастырып алғанды отандастар кешіргенімен, қатал заң талабы басынан сипай қоймасы анық. Өйткені, әрбір сөздің, әр істің жүйесі бар. «Жүйесіз сөз иесін табар» деген даналық сол себепті айтылады.
Мемлекет басшысы: “Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін” деп ескертуінің де салмағы ерекше.
Әрине, қоғамдық пікірдің парқы бағаланып, екшелетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, халық қалт айтпайды: бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жария етілген пікірдің озығы да, тозығы да бар.
Жалпы, сөз еркіндігі — журналшылардың әрі жеке, әрі кәсіби жауапкершілігі. Бұқара алдындағы міндеті мен оқырман, көрермен сенімін ақтауы. Сондықтан жауапты БАҚ-тың салада да, бұрқ-сарқ қайнаған редакцияда да өзін өзі реттейтін, диалог жүргізіп, кез келген күрделі тақырыпты талдап, талқылайтын иммунитеті болады.
Олардың кәсіби артықшылығы — қоғаммен де санасып, саланың мүддесін де ойлап, сенімді жоғалтпауы, барды ұқсатуы, дәстүрге адалдығы мен шығармашылық дамуға ұмтылысы.
Салиқалы БАҚ-тың алтын заңы — өзін өзі реттеу ісіне көп көңіл бөлу. Ең бастысы, мұндай үрдіс елімізде демократиялық саяси мәдениет қалыптастыруға ықпал етеді. Тіпті, жарияланымға қатысты шағым, арыз түскенде, түсінбестік пен дау туындағанда, қадағалаушы мемлекеттік органдарды араластырмай, кәсіби жағынан жоғары білікті мамандардан тұратын ақылдастар кеңесінің, қауымдастықтың, одақтың шешіміне басымдық беру — қай жағынан да қисынды. Шынайы жұмыс істейтін құрылымдар үшін бұл жерде де жауапкершілік жүгі зіл батпан. Өйткені, арызданушы мен БАҚ арасына түсіп, қос тараптың дұрыс не бұрыс қадамын уәжбен дәлелдеу, объективті шешім қабылдау арқылы журналшылардың кәсіби стандартын белгілеу — үлкен сын. Екінші жағынан, бұрмаланған ақпаратты терістеу немесе оны тоқтату арқылы БАҚ-қа деген сенімді сақтауға тиіс. Одан да маңыздысы: бұл мемлекеттік тапсырысқа тәуелділіктен бірте-бірте арылу, бірыңғай азаматтық қоғам мүддесін қорғау жолы.
Мұның әділеттікті, өркендеуді мақсат еткен мемлекет үшін тиімділігі орасан.
Ал БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетігі — мемлекет заңдары және Әдеп кодексі. Кезінде, 2012 жылы 30 қазанда, ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесіп талқылап, қабылдаған бұл Кодекс — журналшының кәсіби мәртебесін құрметтететін, оларға сенім артып, жауапкершілігін айқындайтын қағидаттар мен нормалар құжаты еді.
Ол кәсіби дербестікті сақтап, қоғам мүддесіне қызмет етудің жолын нұсқады. Журналистика факультеті табалдырығын аттаған студенттен бастап, кәнігі қаламгерге дейін оқып, көкейіне тоқуға тиісті Әдеп кодексіне, өкінішке қарай, тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатыр. Демократия жолымен қабылданған құжатты толықтыруға, өзгертуге де болар еді. Алайда бұған ден қойып, пайдалануына байыпты БАҚ-тардың (оның ішінде құрылтайшыға тәуелділері де, мемлекеттік меншіктегісі де бар), сондай-ақ бесаспап, тәжірибелі журналшылар құлықсыздығы кедергі болған секілді. Әлем тәжірибесіне қарасақ, мұндай ережелер, кодекстер тым тәуір қолданылып келеді.
Әрине, дүниеде болып жатқан құбылыстар БАҚ саласын айналып өтпейді. Өзгерістерге орай жұртшылықпен және масс-медиамен байланыс орнатудың, жұмыс істеудің форматтары да күрделене түсті. Журналшы-фрилансерлер, блогерлер саны күн сайын көбейіп келеді. Түрлі коммуникацияларды, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланудың қолайлы, икемділігімен қатар өзіндік проблемалары да шығып жатыр. Ақпараттың жалғандығын, фейк екендігін анықтауға бұрынғы дәстүрлі әдістер аздық етуде. Хабардың, жаңалықтың шынайылығын тексеретін жаңа технологияларды, арнайы бағдарламаларды енгізбесе, іс насырға шабатын түрі бар. Осыған байланысты халықаралық қауымдастықтар түрлі бірлескен жобаларды әзірлеуде серіктестер іздеп жатқаны да тегін емес.
Алдағы кезде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі әлем үшін ерекше мәнге ие болары хақ. Біздің еліміз үшін де ең маңызды әрі қымбат салаға айналады. Бұл елдің есік-терезесін, қақпасын тарс жауып, іргесін бүркеп алу дегенді білдірмесе керек. Ақпараттық шабуыл, қатер көктен де, жерден де келуі мүмкін, әрі күтпеген тұстан тұтқиылдан тап береді. Кез келген қауіп-қатер ең әуелі ақпарат арқылы жетеді. Сөйтеді де адамдардың санасын сансыратады, ұғым-түсінігін басқа жаққа қарай бұрып дүрліктіреді. Адам сана-сезіміне ең бірінші ақпарат ықпал етеді. Сондықтан осы саланы нығайтуға қаржы аямаған жөн. Бүгінде әлемге көз салыңыз, қым-қуыт ақпараттық майдан жүріп жатыр. Ақпараттық терроризм тағы бар. Осындай қатерге қарсы тұра алатын әлеует, иммунитет қалыптастыру қажет. Мұндай әлеует бізде бар. Енді оны әрі қарай жоспарлы, жүйелі түрде күшейтуге көңіл бөлетін кез келді. Алда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар буынын даярлау міндеті тұр деп ойлаймыз.
Демократиялық жолмен қанат жайып, өркениеті өрге озған мемлекеттердің салиқалы, салмақты басылымдары дәстүрлі нұсқасынан бөлек электрондық сайттарын ашқанын білеміз. Олардың көпшілігі ғылымның, цифрлық технологияның жетістіктерін, жасанды интеллекті қолдану аясын насихаттауға басымдық беруге көшіп жатыр. Мысалы, жер орбиталарының төменгі, жоғары бөліктерін пайдалану, ғарышты игеру жолдарын кеңінен талқылауы — осыған дәлел. Жуық арада жүзеге асатын осындай ізденістер барлық салаға жаңалық әкелетіні жөнінде мақалалар, аналитикалық зерттеулер жариялана бастады. Оның қоршаған ортаға, халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне оң әсер беретіні айтылып жатыр. Әрине, иландыру арқылы. БАҚ ықпал етудің осындай ұтымды жолын ғана пайдаланады.
Міне, мұны оразды елдердің сөз бостандығы мен ақпарат тарату ісіндегі өнегесі деуге болады. Оқырмандар үшін саясаттан, айтыс-тартыстан гөрі осындай адамзат өміріне анағұрлым жақын, пайдалы тақырыптардың көкейкесті екені біраз ойға жетелесе керек-ті. Басқаша айтқанда, заманауи басылымдарды қызықты, тартымды ету журналшылардың біліктілігіне, ең бастысы кәсіби шеберлігіне байланысты екені белгілі.
Әр түрлі кәсіп иелерінің, мықты мамандар мен сарапшылардың сындарлы ұсыныстары да кәсіби жауапкершілікке негізделеді.
Бүгін еліміздегі ақпарат көздері түгел мемлекеттік мүддені қорғап, насихаттайды деп айта алмаймыз. Сондықтан ақпарат кеңістігімізді сыртқы ықпалдан қорғаудың өзін баспасөз бостандығын сақтау тұрғысынан қарастыруға тура келеді. Оны шешудің мәнді бір жолы — өз азаматтарымыздың беделді, пәрменді, сапалы отандық басылымдармен байланысын арттыру. Азаматтық қоғам міндеті — мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен ел мүддесін бірлесіп қорғау. Әрбір азаматтың санасында, ой-өресінде “ақпараттық қорған” қалыптасса, оның билікке, баспасөзге деген сенімі нығаяды. Отбасы, Отаны алдындағы азаматтық борышын сезінеді. Өйткені, қазіргі заманның басты құралы, тиімді тетігі — ақпарат. Көзі ашық, сауатты адам сапалы яғни сауатты да пайдалы ақпарат іздейді. Тапқанын сараптай біледі, таңдағанын парықтайды.
Бүгін ақпарат жағынан қорғансыз болу — мемлекет үшін де, жеке адам үшін де қатерлі. Сондықтан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, геосаяси, рухани мәртебесін, мүддесін арттыруда, жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда отандық БАҚ-тың рөліне ерекше мән беру қажет. Бұл абыройлы миссия журналшылардан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Дархан МЫҢБАЙ,
Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің төрағасының ФБ парақшасынан