АҚСАҚАЛ – ҚОҒАМДЫҚ СОТ
Бір үзік
_____________________
Жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлының естелігінен
■
– Адам еш уақытта басына түспеген нәрсені түсінбейді, – деді бір кезде Баукең. – Өз басына түскенде ғана, онда да кеш түсінеді. Басыма келеді-ау, жақында мен де қартаямын-ау, өйтем-ау, бүйтем-ау демейді. Сәл тұрмысы түзелсе, мастанады. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Өтірік айтпа! Түсінген жоқсың. Мені алдай алмайсың. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегенді балаларға арналған деп ойлайсыңдар, ол – үлкендерге де, шалдарға да арнап айтылған халық даналығы. Это философское обобщение.
Темекі тұтатып тартып:
– Немене оттауизм болып бара ма? – деді күлімсірей. – Оттауизмге мағына беріп, түсіне білсең, ол да үлкен нәрсе. Онда малға ұқсап оттай берме деген ой жатыр.
Екеуміз де күлдік.
Баукең орнынан тұрмақ болды. Екі-үш рет ауа қармай ұмтылғанымен көтеріліп кете алмады. Көмектеспек болып қол соза беріп едім:
– Потерпи, сынок, сам поднимусь, – деді жұмсақ үн қатып.
Іштей аяп кеттім. Бұл менің Баукеңнің кәрілік торына ілінгенін тұңғыш көруім еді. Бұған дейін ауырып-сырқап, ілбіп әзер жүрсе де сыр берместен еңсесін тік ұстайтын. Дене құрылысы, бүкіл болмыс-бітімі құрыштан құйылғандай сезілетін. Қазір де сыр бергісі келмеген Баукең оң қолын таяныш етіп, орнынан сүйретіліп әзер тұрды. Жұқа барқыт жасыл шапанын иығына желең жамылып:
– Мен қазір келемін, – деп сыртқа беттеді.
Бөлме көрінісі жұпыны. Қоңыр шифоньер мен кітап толы шкафтан өзге көзге түсер мүлік жоқ. Күнбатысқа қараған терезе алдына жазу, одан берменірек тұсқа (мен отырған орындыққа тақау) аласалау журнал үстелі қойылған. Оның төсек жақ шетінде сары май, туралған ет, қазы салынған тәрелке, ақ шәйнек, бір кесе, ал терезе жақ шетінде мүштек, күлсалғыш, қалам-қағаз, журнал, десте-десте хаттар жатыр.
– Бүгін күн бұлтты екен ғой, жел соғып тұр, – деп Баукең бөлмеге еніп, қарсымдағы орындыққа жайғасты. Кең маңдайынан тік төмен құлаған қос сызықтың тереңдей түскенін көріп, қайта көңілсіз күйге ендім.
– Сен неге тұнжыраулысың? Әлде айтқандарымды жақтырмай отырмысың? Онда жөніңді тап!
– Жо-жоқ, Бауке, бәрін жақтырамын, – дедім аптыға сасқалақтап.
– Мен, шырағым, қартайған кісімін. Халқыма берерімді бергем, бірақ көп нәрсені үлгере алмаған сияқтымын. Сол жағын ойлануға, түсінуге, ұғуға кейінгі кезде жағдайым болмай кетті.
Көз алдыма кең жазира төсінде құйрық-жалы желбіреп жүйткіп бара жатқан ақбоз жүйрік елестеп, тағы да үнсіз қалдым.
Баукең сөзін кілт доғарып:
– Мен сені көрмей отырмын, шам жақ! – деді бұйырып. Орнымнан тұрып, айтқанын тез орындадым. Жеңгей үстімізге еніп:
– Шам жаққаны несі? Мен бұған көне алмаймын! Күн әлі жарық. Бұл баланың шығын-пығынмен ісі не? Материалды алады да кетеді, – деп шатақ шығарды. – Ешкімді басындыра алмаймын, жетеді басынғандары! Маған арамзалықтың керегі жоқ. Жазғандарың да бір тиынға керек емес!
Жеңгей сұрлана долданып, қолын оңды-солды сермей шатынап:
– Бұл кісі қайтыс болса, өлтірген осы деп мен сені сотқа берем! – деді ентіге сөйлеп.
– Әй, қойсаңшы, біз жұмыс істеп отырмыз ғой.
– Мұндай жұмыстың маған керегі жоқ! Менің мұнсыз да таңым атып, күнім шыққан! Кетеді екен десем, әлі отыр, әлі отыр.
– Әй, тақырып аяқталмай жатыр, бұл қайтіп кетеді?
– Маған тақырып-мақырыптың керегі жоқ. Маған сіздің амандығыңыз керек, – деп жеңгей бөлмеден шығып кетті. Кетіп бара жатып: – Қанша жыл болды, сен баланың материал алуың бітпеді ғой!
Еріксіз езу тарттым. Баукең дауыстай күлді:
– Ұзақ ойнайтын пластинка деп едім ғой… Жарайды, оған мән берме.
Жеңгей ас үй жақтан да айтар сөзін айтып жатыр.
– Бауке, мен қайтайын.
– Е, мынадай айқайдан кейін бұл сөзді сенен басқа кісі де айтады ғой. Жеңгең үшін сенен кешірім өтінем, қарағым.
Мен орнымнан тұрып едім:
– Отыр! – деп Баукең ашуланды. – Мен әлі ойымды аяқтаған жоқпын. Төзімділік деген қайда? Жеңгең барпылдай берсін. Оған көңіл бөлме.
Баукең ұзақ ойға шомып, әлден соң:
– Мен шығармаларымды өзі жаз деген соң жаздым, – деді екі иінінен ауыр тыныстап. – Егер кең отырып жазғанда кең жазар едім. Оған жағдайым, денсаулығым көтермеді. Қағаз бетінде қалып кеткен сөздерім біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Ол өз алдына. Сол себепті мен сендерге әңгіме айтып жүрмін. Зачем жить без работы. Я живу, потому что работаю. Артық айтсам, ғафу өтінем, мен Шоқан Уәлихановтан, Сәкен Сейфуллиннен кейінгі мемуарист –документалистпін. Мен ешқашан шығармаларымда өтірік айтқаным жоқ және өтірік айта алмаймын. Мен намыстың адамымын. Маған өтірік айтқан, майдалық жасаған жараспайды. Ерте заманда өткен кісілер бар, көзімнің тірісінде де өтіп жатыр. Оларды мен ұстаз санаймын. Менен бұрынғы жазушы классиктер болмаса, мен жазушы болмас едім. Егер де маршал Жуков, Рокоссовский, генерал-майор Панфилов, генерал-полковник Чистяков, полковник Курганов, старшина Редин, тағы басқа әскери ұстаздарым болмаса мен полковник Бауыржан Момышұлы болмас едім.
Түсінсең, мені Бауыржан Момышұлы еткен – халық тәрбиесі, халық даналығы. Мен аспаннан түскен жоқпын деп тағы да қайталап айтамын. Менің ортам бар, жақсы да, жаман да кездесті. Біреуін түсіндім, біреуін түсінбедім. Түсінбегенім үшін өз обалым өзіме…
Ас үй жақтан жеңгей тағы әр нәрсені айта бастап еді:
– Әй, айқайды тоқтат! Он бес-жиырма минөтке шыда! – деп Баукең қатты дауыстаған соң, жеңгей жым болды. – Осыдан кейін жұмыс істеп көр!
Баукең маған ренжи қарады. Мен екі оттың ортасында қалғандай қиналып, жақ ашпадым.
Кенет орнынан тұрып, төсегіне жантайып:
– Жас келгеннің екі қыры бар екен, – деп сөзін жалғады. – Бір қыры – қарт даналығы, екінші қыры – қарт надандығы. Бұл – табиғи шындық. Ақсақал айтты, ой, жарықтық, көпті көрген кісі ғой, пәлен-түген дейміз. Оның сөзі ел аузында қалады. Көрген, білгенінен, түсінгенінен қортынды жасап: «Ой, мұны балаларға, келер ұрпаққа айтайын» дейді. Содан оның сөзі мақал-мәтел боп кетеді. Бұл қарт даналығы. Үлкенді сыйлау – бізде үлкен дәстүр. Мұның өзі, ақылың болса, кішіге қамқорлық жаса деген сөз. Баланың аты – бала, оның тәжірибесі жоқ. Ұрсып-балағаттау-тәрбие емес, керісінше: «Әй, қарағым, мынауың қате», – деуіміз керек. Кішіге кім болса, соның әлі жетеді. Мұны кейбіреуіміз ескермейміз.
Баукең төсегіне қайта қисайды.
– Енді қорытынды сөзімді айтайын. Содан соң үйіңе қайт. Әйтпесе, жеңгең тағы айқайлап жүрер.
Баукең көзін жұмып ойланып:
– Меніңше, қарағым, көп жасау басты мақсат емес, басты мақсат – қолдан келсе, өзіңе де, өзгеге де әділ, адал болып, жұртқа ақсақалдық өнеге таныту. Түсінсең, қарағым, ақсақал –қоғамдық сот…
■
Эссенің толық нұсқасын «Қазақ үні» газтінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суретте: Баукең мен Мамытбек аға.