Ақсақалдардың ақ батасын алды
Дана халқымыз: «Жауынменен ел көгерер, батаменен ер көгерер»
деп айтқандай, бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне жаңадан тағайындалған Серік Жақсылықұлы Сәлемов облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, ақсақалдардың Ақ Батасын алды. Кездесуді ашып жүргізіп отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсембекұлы Солтыбаев ардагерлер ұйымының атқарып жатқан көпсалалы жұмысы, бастауыш ұйымдарындағы есеп беру науқаны және шешімін таппай келе жатқан проблемалар туралы хабарлама жасап, қызметке жаңадан тағайындалған Серік Жақсылықұлын құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.
Президент Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымына Серік Жақсылықұлы Сәлемов тағайындалды. Серік Жақсылықұлы 1972 жылы 9 қазанда туған. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Ол әр жылдары «Салтанат» шағын мемлекеттік кәсіпорында, «Ақбастау» шағын жеке кәсіпорында құрылыс учаскесінің шебері, «Салтанат» шағын мемлекеттік кәсіпорында директордың орынбасары, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр бөлімінің бас консультанты, бас маманы, Байзақ ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облыстық мәслихат аппаратының бас маманы, ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, жетекшісі лауазымдарын атқарған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің нормативтік-лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, Мәдениет министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары, аталған министрліктің Әкімшілік департаментінің ұйымдастыру жұмысы басқармасының басшысы, түрлі серіктестіктердің жетекшісі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аппарат басшысы лауазымдарында жұмыс істеген. 2022 жылғы шілдеден бастап бүгінге дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарып келді. Сонымен қатар Серік Сәлемов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің белді мүшесі.
Облыс әкімінің жаңа орынбасары білім, дене шынықтыру және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, дін, мәдениет және тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететіндігі мәлім болды.
Жиында бірқатар ардагерлер де құттықтау сөз сөйлеп ұсыныстарын жеткізді. Ал ең жастары үлкен Сламбек Алдабергенов пен Оңласын Есіркепов ағалары Серік Жақсылықұлына Ақ Баталарын берді. Құтты болсын!
Qasymhan Estemesuly Tólendiev