АҚШ-қа сапар жалғасуда
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары жалғасуда, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Сапар аясында Г.Әбдіқалықова Вашингтонда АҚШ-тың ресми адамдарымен, бизнес топтар және сарапшылар қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары С.Сьюэллмен кездесуде екіжақты және көпқырлы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Г.Әбдіқалықова АҚШ тарапын Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі ережелерімен таныстырды.
Сол күні Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың жетекші ғылыми-зерттеу институттарының бірі – Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы жалпыұлттық бірлікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде қазақстандық мамандарды даярлау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Америкалық 100-ден астам сарапшы, академиялық және қоғамдық топтар өкілдері, сондай-ақ, Вашингтон университеттерінің студенттері қатысқан іс-шара барысында Г.Әбдіқалықова қатысушылардың көптеген сауалдарына жауап берді және Қазақстан Үкіметінің әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту ісіне жұмсап отырған күш-жігері туралы айтты.
Бұдан бөлек, Г.Әбдіқалықова «Жанды дауыстар» «жаһандық әріптестігі» халықаралық ұйымының гала-қабылдауы барысында ұйымның Президенті Э.Нельсонмен кездесті, сондай-ақ, құрметті «Жаһандық көшбасшылық үшін марапат» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Ұйым 1997 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінің, АҚШ-тың бірінші ханымы Хиллари Клинтон мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайттың бастамасымен Бейжіңде өткен БҰҰ-ның 4-ші Дүниежүзілік әйелдер конференциясының қорытындысы бойынша «Демократиялық бастамалар» Vital Voices» негізінде құрылған. Ұйымның миссиясы – бүкіл әлем бойынша ең беделді әйелдерді анықтау және көшбасшылық әлеуетін инвестициялау арқылы оларды жаһандық үдерістердің ұйытқысына айналдыру.
АҚШ-тың іскер топтар өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы экономиканың жаңа, заманауи салаларына қолдау көрсетудегі ниетімізді және экономикамыздың басты секторларына инвестиция салу арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына атсалысуға шақыратынын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасының стипендиант-студенттерімен кездесуі барысында мемлекетіміздегі құрылымдық реформалардың барысына, жұмыспен қамту арқылы жастарды қолдау шараларына, лайықты білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, іскерлік белсенділікті дамыту мәселелеріне тоқталды.