АҚШ-тың улы шырмауы
Капиталистік қоғамның зорлық–зомбылық шеңгелі кең көлемді қамтыған империялық күшке ұласқанда бұл өз атауын жасырған аярлыққа көшті. Империялардың жер–жерде жүргізіп жатқан басқыншылық әрекеті қазіргі кезеңде «демократияландыру принципі» деп аталды. Ирактың мұнайына ғасыр бойы қызығып, басып алған АҚШ – тың бүгінгі іс — әрекеті жалпы ортада «Иракты демократияландыру».
Жалпақ Азияға қарай 1899 – 1902 жылдар арасында Филиппин жерінен баса көктеп кірген АҚШ-тың есепсіз көп әскеріне орнықты базаға айналып сорлаған Фиджи аралдарымен қоса Пәкістан, Кувейт, Ауғанстанды қай принципке жатқызамыз? Кіші Азия бойында «Құмдағы дауылды» ойнатқандардың әрекеттері де нағыз демократияның көрінісі ме?
Вьетнамды он жыл бойы бомбалап, ракета жаңбырының астында ұстаған «демократияшыл» АҚШ әскерлерінің бұндағы егістік алқаптары мен жасыл ормандарына дейін ұшақтармен химиялық у шашқаны, адамдарын қырғаны да ХХ ғасырда орныққан «демократияның» бір көрінісі болар.
АҚШ мемлекеті ұстанған «демократиялық принцип» қандай негізде екенін планета халқы алғаш рет 1945 жылғы мамырдың басында таныған. Жапониядағы Нагасаки мен Хиросима қалаларына атом бомбасын тәулік аралатып тастаған АҚШ — сол жолы адамзат өркениетінің арғы түп-тамырына оңдырмай балта шапқан нағыз сойқан иесі! Осы оқиғаны да оп-оңай ұмыта салған бүгінгі семіз көңілді жандайшаптардың АҚШ–ты жабыла қоштағандағы бір игілігі анау Ауғанстан мен Ирактағы өркениет ошақтарын жермен жексен еткізді. Ендігі кезек кімдікі?
Жағымпаздық дертіне ұшыраған жеке кісі болса, оның жүрген ортасы әйтеуір бір сынға алып, түбінде түзеткізуі мүмкін. Ал енді Біріккен ұлттар жүйесі бойынша алғанда топ–топ жағымпаздар қаптай бастаса бұндай мемлекеттерді Құдай өзі бейбіт өмірдің хош иісті гүлімен ары қарай асырауы мәнсіз шығар. Соқыр сенімнен туған АҚШтық демократияландыру принципін даңғазалай қоштаған Эдуард Шеварнадзені АҚШ-тың өзі президенттіктен қалай тез кетірді? Осылайша тақ үстінен тірі кетудің өзі қазіргі мемлекет басшыларына зор бақыт секілді. Күш қуаты еселенген қарулы империяларға әлсіз мемлекеттердің жағалай жағымпаздануы кей жағдайда ләззат беретіндей. Десек те, оның артынан іле-шала «есеп айыруы» өтетіні жаман. Иракты басып алуға дауыс берген жағымпаз мемлекеттердің біреуі емес, бәрі түгел арнайы қара тізімге алынғаны империялық мақсат жолындағы заңды құбылыс. АҚШ алып бүйе секілді, «көңілі түскендерге» қаржы мен техникалық жабдықтарды аямай береді. Шаруасы аяқталғанда сол құлдарының өзіне жала жауып, көзін жоятын сұмдығы бар. НАТО-ға отыз жыл бойы адал қызмет жасаған Оңтүстік Ауғанстандағы талибтер соның бір мысалы. Ауғанстан мемлекетін ішкі жақтан ірітуге зор үлес қосқан жергілікті талибтердің бәрі ақырында оққа ұшты. Жиған ақшалары Англияның үлесінде қалды.
Адамзатты қырып–жоятын қару-жарақтың барлық түрі толықтай жасалып, керекті сынақтардан өтіп болған ХХ ғасырдың соңғы ширегінде «демократия» бүркеніші аренаға шықты. Осының арқасында қоймадағы ескі қарулардың бәрі дамушы мемлекеттерге қарай тасылып жатыр. Терроризмді дер сәтінде ұйымдастыру мен оған қарсы күресті де осынша даңғазалай жүріп, империялар үлкен нәтижеге жетіп жатыр. Осыдан алдауға түскен Ислам дінділер көп. Сол фонда жүріп ойсырай ұтылған ТМД мемлекеттері екі жақты шығынға қалды: Төріндегі мол қаржы мен қазынаны Батыстағы империялардың банктеріне толассыз ағызып, экономикасын әлсіреткен елдердің әрбіреуінен алуан түрлі саяси қашқындар көбейді. Ұрлап әкеткен ақшасымен қоса олар мемлекеттік құпияны да сол Батыстағы империяларға ақтарып беріп, қойындарына енді. Түп тамырына дейін осылайша жұқарған ТМД аймағын «терроризмге қарсы күрес» алданышымен үстеме жүгендеген Батыс шектен тыс аяр. Енді міне, АҚШ пен Англия Планета бетіндегілерді саусақ ұшында ойнатып отыр. Соның ішінде Украина мен Кавказ жағы келешек соғыстың қысым күшін танытар бүгінгі барометр іспетті. Ресейге ашық тап берудің демократиялық сылтауын он жеті жыл бойында күйттеген қамқоршы империялар бұған оңай кіретін екі жолды Кавказ бен Батысынан даярлап қойды.
Жалпақ Азияның төріне қарай баратын Жібек жолды Ауғанстан мен Пәкстан аймағындағы әскери базалар арқылы қамдастырған демократияшыл зор тұлғалар Тәжікстан жерін 1989-1991 жылдарда бөлшектеп қоюға күш салған еді. Орта Азияға мықтап орналасудың бір сылтауын Ташкенттегі бірінші жарылыс арқылы ұйымдастырғаны тіпті де ұтысты шықты. Сол оқиғаны шынымен де «ауғанстандық біреулер ұйымдастырды» деп босқа алданған Орта Азия мемлекеттері АҚШ әскерлеріне есігін өздері ашып, бойды қалай әлсіреткенін байқамай тұр. Терроризм атаулыны империялардың өздері ұйымдастырғанын әліге дейін ажыратпау саяси сауатсыздық емей, не?
АҚШ–тың әскери базасы орналасқан елдердің ішкі жағы бейбіт өмірден айырылады. Сол Батыстың арқасында Африка мен Латын Америкасындағы кедейлердің де тынышы кетті. Жергілікті Үкіметіне қарсы толассыз жүргізілген оппозициялық күрес Африкадағы мыңдаған тұрғындарды босқа өлтіріп, түрмелерді кісіге толтырып жатыр. Батыста даярланған миссионер топтардың діни саладағы рөлі әлем бойынша өте ықпалды. Түпкі мақсаты төңкеріс жасауға негізделген сиқыр миссионердің әрбіреуі өзгеге ұқсамайтын тамаша саясаткер. Жұмыстары аяқталғанда бұлар әлгі Ислам дінді жалдамалылар секілді түрмеге қамалып азаппен өлтірілмейді, елдеріне қайтып оралғанда құрметке бөленіп, ордендер алады. Десек те, Қазақстанға төнген бұдан өзге де қосымша апаттың бірі кейбір диаспорамен байланысты. Әйгіленіп болған оппозицияны қоздыра беруден гөрі төрімізде тыныш жатқан байқаусыз диаспора өкілдерін «демократияландыруы». АҚШ пен Англияға үш жағынан тиімді. Көрші Қытай мен Қазақстанға қарсы біздегі бір диаспораны бір мезгілде көтерудің мүмкіндігі бар. Оның негізі жасалып та жатыр. Желек астындағы аярлық осы жағынан да қат-қабат. Абай болайық, алданбайық, ағайын!
Мағрипа Жылқыбаева