«Ақша қардағы ақ махаббат» жобасы: қандастардың өзгеше келін түсіру тойы

Шижияңның Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Моңғолкүре ауданы «Ақша қарға махаббат» атты қар-мұз саяхат мерекесін өткізуде. Осы желілес шаралардың бір тармағы болған келін түсіру мен соғым сою салт-дәстүрі Қарасу қалашығының Ақши саяхат районында алыс-жақыннан келген саяхатшылармен көрермендердің таңдайын қақтырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бұл шарада ұлтымыздың асыл мұрасының бірегейі – келін түсіру дәстүрін бағзы заманның баянды тіршілігімен бірлестіре отырып, жаңа заманғы келін түсірудің ата дәстүрімізден сақталып келе жатқан әдеп-ғұрпын дәріптеу мақсат етілген.

Бағдәулет Батырбекұлы, Қайрат Қайыпжанұлы қатарлы сол жақтағы әріптестеріміздің хабарлауынша, келінді шығарудың алдында атқа қонған жігіттер қазақ үйдің керегсін түріп тастап, аужар, жар-жар айтса, киіз үйдің ішіндегі жас келіндер мен қыздар жыр тілімен әдемілеп сыңсыма айтып, бүкіл елдің көңіл-күйін толқытты.

Ата-апа және бауыр туыстарымен көрстіріп қоштасу салты аяқтағаннан кейін, жездесі қызды қолтықтап атқа қондырды. Әдемі киінген қыз-келіншектер, апалар шанаға отырып, қарлы далада қыз көшімен жарасым тапты.

Келін түскен жерде шашу шашылып, келіннің беті ашылды. Босағада жеңгелері отпен майды даярлап тұрып, келінге отқа май салғызып түтін шығарды. Мұндағы мақсат ежелгі көшпенділерден келе жатқан, «Бұл әулетке келін майдай сіңіп жайлы, ибалы болсын» деген танымын білдірсе, отпен майдың қосылып жануын «махаббаттары оттай ыстық, түтіндері түзу ұшсын» деген ырым еді.

Содан кейін жас келінді жеңгелері қолтықтап босағадан оң аяғымен аттатып, алдына шымылдық тартылған, керегесіне тұскиіз ілніген, еденіне алуан бояулы сырмақ төселген әдемі үйге жайғастырды. Келіннің қалтасына салып келген заттарын рымдап қыздар, жеңгелері бөлісіп алып, мәз болысып жатты.

Шет жұртта, өзге мемлекетте жүрсе де, сол жақтағы қандастарымыз ұлтымыздың қайсыбір салт-дәстүрі болсын, ұмытпай ұстанып, тұнып тұрған асыл мұрамызды ардақтап, әлі ұстанып келе жатқаны көңіл қуантады.

Baq.kz