Ақша жинаудың жолы көп

Болашаққа деген сенім көп жағдайда қаржыға байланысты болады. Осыған орай Sputnik Қырғызстан колумнисі Бақыт Толқыновтың ақшаны қалай дұрыс жинау керектігін айтқан ұсынысын көптің назарына ұсынбақпыз.

Оның пікірінше, ақша жинауды бастау үшін біріншіден, сізге не үшін ақша қоры қажет екенін түсіну қажет.

Ақша қоры мынадай жағдайларда қажет болады:

  • жұмыстан шығу немесе табыстың күрт төмендеуі, мұндай жағдайда жинақталған қаржы бірқалыпты өмір сүру деңгейін сақтауға көмектеседі;
  • жұмыс істейтін саланы ауыстыру туралы шешім;

сырқаттанып қалу;

  • пәтерді не автокөлікті шұғыл жөндету қажет болғанда.

Яғни, жинақталған қаржы қиын кезде өмір сүру деңгейінің төмендемеуі үшін қажет. Маңызды ескерту! Жаңа киім немесе шетелде демалу сөз болып отырған жоқ.

Бірден жинаңыз

Жалақы аласалысымен бірден қажетті бөлігін сақтап қоюыңыз қажет. Сарапшылардың мұндай жағдайда «алдымен өзіңе төле» дейтіні бар.

«Жеке тәжірибемді айта кетейін. Мен бірнеше депозит аштым, екеуіндегі қаржы көлемі бірдей болды. Алайда, біреуін жинауға екі жыл кетті, екінші депозитті сегіз айда жинап шықтым. Айырмашылық жинау жолына байланысты болды. Бірінші жағдайда мен алдымен қарызымды беріп, ата-анама көмектестім, өзім қалаған заттың бәрін істедім, содан кейін қолымда бар ақшаны жинау қиын болды. Соған байланысты депозитім мұқияттылық жеңген кезде ғана толықтырылып отырды. Екінші жағдайда мен тиісті соманы бөлмейінше жаратылмайтын», – дейді Бақыт Толқынов.

Табыстың бір бөлігін сақтап қою

Кей сарапшы табыстың кем дегенде 10 процентін кейінге қалдыру керек дейді, ал басқалары 20 процент қалдыруды ұсынады. Бұл жерде процент пен қанша бөлігін қалдыруға емес, ол соманың көлеміне мән берген жөн. Егер табысыңыздың айтарлықтай бөлігін кейінге сақтар болсаңыз, ақшасыз өмір сүру сізді жалықтырып жібереді. Содан кейін бірден қолда бар ақшаның бәрін жаратып тастауыңыз да мүмкін. Сондай-ақ, ай сайын көзге көрінбейтін ақшаны қалдырып отыру да пайда әкелмейді, себебі қалаған сомаңызды жинауға жылдар кетеді. Сондықтан, басты кеңес – шектен шықпау.

Өзіңді ақшадан немесе ақшаны өзіңнен оқшаулау

Бұл кеңес қаржыны сақтауға келгенде әлсіз адамдар үшін маңызды.

«Бұл да өз тәжірибемнің бір бөлігі. Мен ақшаны жинауға тырысқанда үйде немесе басқа картамда сақтадым. Арасында шұғыл түрде ақша қажет болғанда сол жинаулы ақшадан алдым. Осылайша ай сайын кейінге қалдырған ақша жаратылып кетті. Бір досым депозит ашуды ұсынып, содан кейін ақшаны сақтап қалуға мүмкіндік алдым», – дейді Бақыт Толқынов.

Жинағыңыз күйіп кетпесін

Бұл кеңес алдыңғы кеңеске тікелей байланысты. Ақшаны өзіңнен алшақтатып қана қоймай, оның қандай да бір табыс әкелгені дұрыс. Мысалы, инфляцияны немесе бір бөлігін жабуы керек. Егер ақша құрдан құр жата беретін болса, ол бір жыл ішінде сатып алу қабілетінің оннан бір бөлігін жоғалтады. Әртүрлі нұсқа бар: бағалы қағаздар, депозит, алтын сатып алу.

Инвестицияны ойланып құю

Әлемде жинақты салудың көптеген нұсқасы бар. Бірақ әркімнің өз тәуекелдері бар екенін есте ұстаған жөн, депозиттер бойынша тәуекел төмен, ал қаржы пирамидасы үлкен тәуекелді қажет етеді. Сондықтан, өзіңізді қауіп-қатерден қорғау үшін бір жерге емес, бірнеше бағытта қаржы құйған жөн. Бұл «әртараптандыру» деп аталады.

***

Айлық жалақы аз болса, ақшаны қалай жинауға болады?

Ақша жинақтары туралы кеңестер әртүрлі себептерге байланысты еленбеуі мүмкін. Ең бастысы – аз кірістің болуы. Көпшілігі аз жалақымен ақша жинау мүмкін емес деп жатады.

Ақшаны қалай үнемдеуге болатынын ойлайтын кез келген адам оған кедергі келтіретін үш негізгі тосқауыл туралы білгені абзал.

  • Біріншісі – өзін-өзі ұйымдастыру мен тәртіптің жеткіліксіз деңгейі. Мысалы, бізді итермелейтін нәрсе болмайынша, біз ұзақ уақыт бойы өзімізді бірдеңе жасауға мәжбүрлей алмаймыз. Бюджетті жоспарламай, нақты жұмсайтын жеріне бөліп, өз орнымен жұмсамау керек.
  • Екінші – тұтыну экономикасы ұсынатын азғырулар мен қиялдағы қажеттіліктер. Эмоционалды сатып алу көбінесе шығындардың қосымша бөлігі болып табылады және ақшаны қалай үнемдеуді үйренуге көмектеспейді. Тағы бір жұп аяқ киім, жаңа гаджет, қымбат брендтік киім шынымен маңызды қаржылық мақсаттан алшақтатуы мүмкін.
  • Үшінші – көптеген адамдарға тән «бір рет өмір сүру» тәсілімен байланысты. Біз мұнда және қазір бәрін жұмсауға асығамыз, кейде болашақ жоспар мен ақшаны қалай дұрыс жинау стратегиясы жоқ.

Ақша жинаудың негізі отбасындағы және жеке кірістердің мөлшерін есептеу. Яғни, бұл жалақы мөлшері туралы емес, сонымен қатар жәрдемақылар, қайтарылған қарыздар немесе толық емес жұмыс күніндегі пайда болуы мүмкін кірістің барлық сомасы.

Шағын табыспен қалай қаржы жинауға болады?

Ақша жинай бастағандағы алғашқы қателік – өз табысының жалпы көлемімен салыстырмалы түрде көп ақшаны «кейінге қалдыру». Бұл қатенің нәтижесінде ай сайынғы шығындарға қаражат жетіспейді және психологиялық қысым артады. Нәтижесінде, қазірдің өзінде жиналған жинақтар әртүрлі ұсақ-түйектерге жұмсалады.

Бұған жол бермеу үшін шығындарыңызды санап, осы айда ақшаны неге жұмсау керектігін және қандай шығындар артық екенін білу маңызды. Мысалы, үйленбеген адам айына оның табысы 90 мың теңгені құрайды деп есептейік. Ал, міндетті шығындар, яғни коммуналдық, жол, тамақ және тағы да басқа шығындар – 70 мың теңге. Тұрғын үй үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, өйткені ата-анасымен бірге тұрады дейік. Сонда бұл қалған 20 мың теңгені бірден кейінге қалдыру керек дегенді білдірмейді. Табыстың 10 пайызы немесе тіпті 5 пайызынан аздан бастау керек.

  • Қаржы жинақтау баяу болды, деп көңіліңізді түсірмеңіз. Кейінге қалдырылған ақшаның 5 пайызы да болашақта пайда әкеледі. Сонда 90 мың теңге кіріспен және 5 пайыз үнемдеумен үш айда 13 мың 500 теңге жинауға болады. Ал, бір жыл ішінде – 54 мың теңге.

Депозиттік сыйақыны ескере отырып, бұл ақша инфляциядан қорғалады және біртіндеп өседі. Бұл тым аз сома сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шұғыл, аяқ асты шығындарға ақша қажет кезде, көмек болатыны сөзсіз. Егер кірістер көбейсе, сәл көбірек үнемдеуге болады.

  • «Қазіргі уақытта сіздің қаржылық жағдайыңыз қиын, бұл принцип мен үшін емес» деп ойласаңыз сіз қателесесіз.

Кем дегенде 1-2 пайыз үнемдеуге тырысыңыз және жарты жыл ішінде 10 пайызға дейін жеткізіңіз. Кірістер мен шығындарды есептеу болмаса, тиісті әдіс- тәсіл қолданбасаңыз қандай да бір ақша сомасын жинақтау мүмкін емес екенін есте ұстаған жөн.

Ақ жол газеті