«Ақтау-вело-қала» велофестивалі өтті  

Ақтауда «Ақтау — вело-қала» атты  велофестиваль өтті. Мақсат – жастар мен қала тұрғындарының эко-транспортты жиірек пайдалануларына ықпал ету. Шара ұйымдастырушысы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, ұстаздары және ата-аналары. Велофестиваль барысында 4000-нан астам адам велосипедке отырды.

Ұстаздар күнінде ұйымдастырылған шараға жиналған қатысушылар ең алдымен тіркеуден өтіп, медициналық тексерістен өтті. Содан соң, мектеп директоры Ермек Пайзов сөз алып, қатысушыларға қолдау білдіріп келгендері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ,  салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, маршрутпен таныстырды. Кейін 100-ге жуық қатысушы таңғы жаттығу жасады.

Күннің бұлттылығына қарамастан отбасымызбен зияткерлік мектеп ұйымдастырып жатқан керемет шараға келдік. Біз әрқашан салауатты өмір салтын ұстануды қолдаймыз. Балалар мен ата-аналарды жақындастыру үшін осындай шараларды өткізіп жатқан мектеп әкімшілігіне алғыс білдіреміз, — дейді қатысушы Ұзақбай Нығметоллаұлы.

Велофестиваль БҰҰ Даму бағдарламасының «Сенің қалаңның экологиясы мен денсаулығыңа арналған қауіпсіз велосипед!» грант жобасы мен дүниежүзілік экономикалық қорының «Алматыдағы тұрақты транспорт» жобасының аясында және «Ақбота» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

 

Айман Оңғарбайқызы