Ақтауда 35 қабатты ғимарат бой көтермек

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Біріккен Араб Әмірлігінен келген Шейх Сурур бин Мұхаммед әл-Нахайян мен Шейхтың Қазақстандағы өкілі Мұхаммед Бахушты қабылдады. Кездесу барысында Шейх Сурур бин Мұхаммед әл-Нахайян облысымызға инвестиция салып, іс бастауға әзір екендігін айтып, Ақтау қаласында жүзеге асырылатын жобаларын көрсетті.

Жиында сөз алған Мұхаммед Бахуш: «Алдағы уақытта Ақтау қаласының гүлденуіне біз де өз тарапымыздан үлес қосқымыз келеді. Алдымен теңіз жағасындағы үңгірлерді әдемілеп, ретке келтіруді қолға аламыз. Одан бөлек 35 қабатты тұрғын үй салу, соңғы үлгідегі мейрамхана, сауда орталықтары мен алаңдардытұрғызуды да жоспарлап отырмыз. Туристерді Маңғ ыстау облысына тарту үшін барлық жағдайды жасаудың жолын қарастырамыз.

Аталған жобалар қолдау тапса, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Осылайша, алдағы уақытта да екі ел арасында табысты ынтымақтастық қатынас нығая түседі деп үміттенемін»,-деді.

Кездесу соңында екі тарап Маңғыстау облысы мен Біріккен Араб Әмірлігінің ұйымдастыруымен экономикалық форум және түйелер жарысын өткізуге уағдаласты.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі