Ақтауда бала-бақшаның ауласына балғындар 120 көшет отырғызды

Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы№ 26 «Қарлығаш» бөбекжайының тәрбиеленушілері өздерінің көшеттерін отырғызды. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығы және Ақтау қаласының 55 жылдығына орай ұйымдастырылды.Оған ата-аналар мен тәрбиешілерде белсенді қатысты.

Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Бөбекжай ауласын таза ұстау мен көгалдандыруды жүйелендіру мақсатында осындай шараларды өткізу орынды. Көшет отырғызуды алғашқылардың бірі болып бастаған «Балдәурен» тобының тәрбиеленушілері болды, олардың қатарында4 жастағы Нұрсәуле Қаржаубай бар.

«Біздің бөбекжайда табиғатты қорғау туралы көп айтылады. Біздер ағаштарды сындырмаймыз, керісінше су құйып отыру керектігін білеміз. Мен біздің топтағы балалармен бірге ағаш отырғыздым, мағанәкем, анам және інім Нұрсұлтан көмектесті. Алдағы уақытта оны баптап, күтетін боламын. Отырғызған көшетіміздің жайқалып  өсуі үшін, оған барлығымыз бірге қарайтын боламыз»,дейді Ақтау қаласы № 26 «Қарлығаш» бөбекжайының «Балдәурен» тобының тәрбиеленушісі Нұрсәуле Қаржаубай.

Бөбекжай жетістігі өз ісіне жауапты, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер басшыға байланысты. Бұл ретте, ұжым Ақтау қаласы № 26 «Қарлығаш» бала-бақшасының директоры Гүлнәр Шынғалиеваның еңбегі орасан- дейді.Ал, бөбекжай жетекшісінің айтуынша, осындай шараларды өткізу арқылы балалар табиғатты аялауды үйренеді, дейді.  Яғни, баршамыз әрбір жақсы істің басы-қасында жүрсек, бұл жүрекке жылылық ұялатып қана қоймай, осындай үлгі тұтарлық істерімен қоршаған ортаның жақсаруына өздерінің үлестерін қосады.

«Біздің бөбекжайда 11 топтан құралған, барлығы 310 бала бар. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген қанатты сөз бар. Бұл ретте баланы қазірден бастап қоршаған ортаны аялай білуге баулуымыз керек. Осы арқылы олар қоршаған ортаны танып біледі. Ағаш отырғызу дегеніміз, ойын баласын табиғатты аялауға үйретіп қана қоймай, балабақшаның айналасын таза ұстау арқылы қоршаған ортаны тереңірек тануға үйретеді. Ал кез-келген балабақшада көгалдандыру жұмыстарын жүргізу өзінің өзектілігін жоғалтқан емес, сондықтан да бұл өте маңызды шараның бірі деп білеміз. Бөбекжай ұжымының атынан ата-аналарға алғысымды айтамын, — деді өз сөзінде ГүлнәрЗияшқызы.

«Қарлығаш» бөбекжайы «Балдәурен» тобының жетекшісі Ардақ Бақтыбайқызы өз сөзінде, еліміздің ертеңі — жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беру мекемесінің рөлі ерекше екендігін атап өтті. Яғни, мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие — адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы болып қала бермек.

«Біз күнделікті қызметімізде балалардың тәртібіне баса мән беріп қана қоймай, олардың дұрыс тамақтануы және үлкендермен сөйлесе білуін қадағалаймыз. Біздің балабақшада ұдайы түрлі тақырыпта мерекелік іс-шаралар өткізіліп отырады. Атап айтқанда, қуыршақ театрының әртістері келіп өздерінің қойылымдарымен қуантады, өзін-өзі тану сабағы өткізіледі, дене шынықтыру, бүлдіршіндерді таза ауаға шығарып тұру, ертегілер айтып беру, спорттық сайыстарға қатыстыру сияқты мәдени-сауықтыру шараларынан балаларды тыс қалдырмауға тырысамыз», — деді ол.

Жас көшеттердің жанында бүлдіршіндер өздерінің тәрбиешілері және ата-аналарымен бірге естелік суретке түсті. Шара тек көшет отырғызумен шектелмейді. Бала-бақшаның ауласын көгалдандыру мен тазалау жұмыстары әлі жалғасын таппақ. Осылайша «Қарлығаш» бөбекжайында наурыз айының аяғына дейін 250-ге жуық түп көшет отырғызылады деп күтілуде.

 

 

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова