АҚТАУДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ҮНЕМДЕЙТІН ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА
Маңғыстау облысында электр энергиясын үнемдеп, бюджеттің бүйірін теспейтін жобалар іске асуда. Тың бағдарламаның шеңберінде 3 балабақша жөндеуден өтті. Бөбекжайлардың жылу радиотарлары, терезелері мен шамдары ауыстырылды.
Бағдарламаны қаржыландырған Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігі мен Дүниежүзілік банкі. Тың жоба электр энергиясына жұмсалатын шығынды 40 пайызға үнемдейді. Осылайша, облыс бюджетіне түсетін салмақты азайтады.
—Бұл жүйенің ұтымды тұсы көп. Ең бірінші әлеуметтік нысан қайта жаңғыртудан өтеді. Энергия тиімділігін артыру жобасы Швейцарияда көптен бері қолданыста бар. Жалпы, бізде энергияны үнемдеуге қатысты жобалардың барлығы қаржыландырылады, дейді Швейцария конфедерациясының ҚР төтенше және өкілетті елшісі Шмид Урс.
—Қазақстан энергия тиімділігін арттыратын жобаларға жіті мән беретінін білемін. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетеміз. Маңғыстау облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстың қарқыны күшті. Әлемдік тәжірбиенің облысқа берері көп деп ойлаймын, дейді Дүниежүзілік банктің қазақстандағы өкілдігінің басшысы Браун Ато.
Энергия тиімділігін көздейтін бағдарлама әлемнің дамыған елдерінде қолданысқа ие. Арнайы мамандардың айтуынша, жаңа жүйе өңір экономикасына да оң әсерін тигізеді. Озық жобаны аймақ басшысы да қолдайтындығын жеткізді.
—Жобаны жүзеге асыру барысында 40-50 пайызға электр энергиясын үнемдеу қарастырылып отыр. Жылу да 40 пайызға үнемделеді. Қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі деп ойлаймын. Бұл күн тәртібінде тұрған үлкен сұрақтар, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жаңа бастаманың аясында жаңғыртылған балабақшаның бірі — Ақтау қаласындағы №53 бөбекжай. Бағдарлама шеңберінде балабақшаға энергияны үнемдейтін жарықдиодты шамдар, пластикалық терезелер, жылу батареясы мен сенсорлық су шүмегі орнатылды.
—Балабақшаны жөндеу жұмысы 1 наурызда басталып, 31 мамырда аяқталды. 1 маусымнан бастап біз жаңа қондырғыларды қолданысқа енгіздік. Бұл жобаны қаражат жағынан өте тиімді дер едім. Мәселен, былтыр маусым айында біз электр энергиясына 70 мың теңге төлесек, биыл 35 мың теңге төледік. Ал, жылу құрылғыларын қыста қосамыз, дейді №53 өкпе ауруынан сауықтыру балабақшасының директоры Сәуле Әлібекова.
Энергияны үнемдеу жобасы жыл аяғына дейін облыс бойынша тағы 3 нысанға қосылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айман Оңғарбайқызы