АҚТАУДА ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ВЕЛОШЕРУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Ақтауда қала күніне орай велошеру ұйымдастырылды. Велошеруге шамамен 150-ден астам қала тұрғыны қатысты.
Спорттық шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, депутаттар, басқарма басшылары және өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары белсенді қатысты.
Велошеру жарысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты — бұқаралық спорт түрлерін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, облысымыздың тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, қол жетімді велосипед спортымен шұғылдануға қызығушылығын арттыру.
Бұл жолғы шарада жастардың белсенділігі жоғары болды. Қатысушылардың жас шамасы 18-ден жоғары. Маңғыстау облысының әкімі облыс спортшыларына 20 велосипед және жағдайы төмен отбасы балаларына 10 велосипед тарту етті. Ал велошерудің жүлдегерлерін бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Спортқа бет бұрған жасөспірімдер жиналғандарға дене тәрбиесінің әр саласынан меңгерген шеберліктерін ортаға салды. Шараның басы-қасында жүргендер, мұны дәстүрге айналдырып, оның ауқымын жыл өткен сайын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі