АҚТАУДА ЖАС МАМАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖАТАҚХАНА АШЫЛДЫ

Ақтауда жас мамандарға арналған жатақхана ашылды. 120 пәтерлі баспана заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда аудан мен шалғай ауылдардан және өзге өңірлерден келіп жұмыс істейтін жастар тұра алады. Құрылысшылар күніне орай пайдалануға берілген жатақхананың ашылу салтанатына облыс әкімі, аймақ ақсақалдары мен жастар қатысты.

Жатақхана «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға арналған. Жоба құны 561 млн теңге. Әлеуметтік маңызы бар нысан «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясының демеушілігімен бой көтерді.

Жаңа жатақхананың ашылуымен барлығыңызды құттықтаймын. Бұл жатақхана Ақтау қаласы үшін ауадай қажет. Себебі, шаһарда аудандардан, өзге қалалардан келіп жұмыс істейтін жастар бар. Қазірдің өзінде өңірге 201 мұғалім мен 345 дәрігер жетіспейді. Осы тапшы мамандарды облысқа шақыруымыз керек. Ол үшін ең бірінші баспана мәселесі қарастырылуы шарт, дейді салтанатты шарада сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Жатақханада тынығатын орын, емшара, полиция кабинеті, дене шынықтыру залы бар. Мұндағы бөлмелер жиһаздармен толық жабдықталған. Тіпті нысан аумағына спорт алаңы да салынған.

Өз алдына пәтер ретінде салынған 25 нөмір бар және 3-4 адам болып жататын жатақхана бар. Біздің басқа аудандардан Ақтау қаласына келіп жұмыс жасайтын азаматтарды жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беру, дейді Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов.

Жастарға арналған жаңалық мұнымен шектелмейді. Конституция күні қарсаңында Ақтау қаласындағы «Шығыс» шағын ауданынан тағы 500 орындық жатақхана пайдалануға берілмек.

 

Айман Оңғарбайқызы