Ақтөбе ауылдарында кинотеатрлар жанданбақ
Бүгінде кинотеатрлар коммерциялық сипатқа ие. Әрі, олардың барлығы үлкен қалаларда ғана орналасқан. Ал алыстағы ағайын жаңа киноларды айына-жылына қалаға бір келгенде көріп қалуы мүмкін. Су жаңа фильмдер ғаламторға да шыға қоймайды, теледидардан да бірден көрсетіле бермейтіні анық.
Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы таяуда шалғай ауыл тұрғындарын үміттендіретіндей жақсы хабар таратты. Бүгінде Ақтөбеде екі-ақ кинотеатр жұмыс істейді. Бірінің бағасы 1900 теңге, шалқайып жатып қараймын десең, вип залға кіру құны одан да жоғары. Жасыратыны жоқ, кейде Алматы мен Астанада киноға кіру құны Ақтөбеден де арзан ба деп қаласың. Ал ауылдағы ағайынның жағдайы ше? Ауыл тұрғындары 2 мың теңгені екі сағаттық киноға шығара бермесі анық.
Дегенмен, кино да идеология құралы деген тұрғыда қарар болсақ, оның шалғай ауылдарға да керектігі түсінікті ғой. Рас, бұл жерде атыс-шабысқа толы, өзге елдің саясатын насихаттайтын, негізінен ақша табуды көздейтін бестселлерді идеология құралы деуге келмес. Дегенмен, еліміздің өзінде соңғы жылдары шығарылып жатқан көркем туындылардан неге алыстағы ағайын шет қалуы керек?! Бүгінде облыс аудандарындағы кинотеатр ғимараттары қиратылған немесе басқа мақсаттарда пайдаланылуда. Тек Ақтөбенің өзінде Кеңес жылдары мыңдаған көрермен жинаған кино залдардың өзі бүгінде бизнес-орталықтар мен мейрамханаларға, сауда орталықтарына айналып кетті. Ақтөбе облысының шалғай ауылдарында келмеске кеткен кинотеатрлардың жұмысы қайта жандануы мүмкін. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қыдырғали Ермұхановтың айтуынша, таяуда Ақтөбе облысы мәдениет саласының қызметкерлері Мәжіліс депутаттарымен болған кездесуде осы және өзге де көкейтесті мәселелерді көтерген. «Бүгінде облыс орталығындағы ірі кинотеатрларда негізінен коммерциялық, сұранысы жоғары, жарнамасы мықты фильмдер көрсетіледі. Біздің тарапымыздан бір-екі рет патриоттық сипаттағы киноларды көрсетіп берсе деген ұсыныс болды. Оған оқушыларды тегін апардық. Негізі, ол кинотеатрлардың жұмысына араласа алмаймыз», — дейді мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы. Қыдырғали Ермұхановтың айтуына қарағанда, халықаралық байқауларда жүлделі орындар алып жүрген фильмдер ауыл-аймақтар түгілі облыс орталығының тұрғындарына да жете бермейді. Соңғы жылдары түсіріліп жатқан фильмдер де үлкен экрандарда тұрақты түрде көрсетілмейді. «Кезінде киноаппликация басқармалары жұмыс істеді. Бірақ олар 90-жылдардың соңында оңтайландыру аясында тарап кетті. Кино саласы, айналып келгенде, тек мәдениет басқармасын алаңдатып отырған сыңайлы. «Мәдениет туралы» заңға өзгертулер енгізілсе, қолдау болады деп сенеміз. Одан бөлек «Кино туралы» заң қабылданады деген үміт бар», — дейді ол. Қыдырғали Ермұхановтың айтуынша, жергілікті жерде жақсы кино түсіретін режиссерлер жоқ емес. Серік Айтжановты мысал ретінде айтқан ол таяуда ғана Ақерке жайлы мұңды кино түсірген жастарды да тілге тиек етті.
«Жоқтан бар жасап, демеуші іздеп, оны кинотеатр басшыларына шығып, көрсетулерін сұрайды. Соңғы жылдардың өзінде Ақтөбеде бірнеше фильм түсірілді. Бірақ көрмейміз. Олар Ресейде байқауларда орын алып жүр», — дейді шенеунік. Айта кетейік, осы күндері облыстық мәдениет басқармасы аудан әкімдіктеріне хабарласып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кинотеатрлар ашса деген ұсыныс та келтіріпті. Ондай бастама көтерілсе, билік тарапынан қолдау көрсетілмек.
Асқар Ақтілеу