Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 29 меморандумға қол қойылды
Өңір алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту тапсырмасын орындауға кірісті.
Ақтөбе облысындағы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жобаға биыл 3 млрд.теңге бөлінген. Оған 12 ауданның 24 ауылдық округінің 42,4 мың тұрғыны қатысады. Құс және өсімдік шаруашылығы, кооперативтерді жабдықтау, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару үшін шағын және орта бизнес ашу және дамыту бойынша 2772 жобаны жүзеге асыратын болады.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға өңірдің 27 ірі ауылшаруашылығы құрылымдары тартылды, олар жобаға қатысушыларға тауарлық несиелер беруге дайын.
Барлық аудан әкімдерімен, «Ақтөбе» ӘКК және ауылшаруашылығы құрылымдары арасында 29 меморандумға қол қойылды.
Жобаны қолдаған ірі шаруа қожалықтарының қатарында «Жансая», «Рахат плюс», «Шыңғыс», «Жантізер», «Қобда Вeef» шаруа қожалықтары, «Актеп», «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестері, «Мартук Эко өнімдері» жеке кәсіпкерлігі, құс өсірушілер бірлестігі, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС, «Ақтөбе омарташылары» ауылшаруашылығы кооперативі және басқалары бар. Келісімдер шеңберінде ауыл тұрғындарына шамамен 6 000 бас ірі қара және ұсақ мал, жылқы беру жоспарлануда, сондай-ақ ірі ауылшаруашылық құрылымдары көкөніс дақылдарының тұқымы, құс еті және жеммен қамтамасыз ету түрінде көмек көрсетеді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі