Ақтөбе облысында «Жармола» тарихи жәрмеңкесі қайта жанданды

Ырғыз ауданында аты аңызға айналған «Жармола» жәрмеңкесінің 152 жылдығы тойлануда. Шараға Абай облысынан арнайы келген делегация, еліміздің басқа өңірлері мен облыстың барлық аудардарынан келген қонақтар, олардың ішінде атақты мәдениет және ғылым қайраткерлері қатысты.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов шараға қатысушылармен және қонақтармен амандасып:

«Тарихты жаңғыртып, өскелең ұрпақты өткенмен таныстырып, өңіріміздің туристік әлеуетін кеңейтуге бағытталған Ырғыздағы «Жармола жәрмеңкесі» мерекесіне хош келдіңіздер.
Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде, Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында Ырғыздағы «Жармола», Темірдегі «Қарақамыс», Ойылдағы «Көкжар», Ақтөбедегі «Ақтөбе» жәрмеңкелері даму тұрғысынан ірі орталыққа айналып, халықтың сауда мәдениетін дамытуда зор бетбұрыс туғызған.
Соның нәтижесінде қазақ даласындағы арзан шикізат тауарлары Ресей патшалығы арқылы алыс-жақын шетелге сатылып, олардың орнына халық тұтынатын түрлі тауарлар әкелінген.
Аталған жәрмеңкелер Орта Азиядағы Бесқаламен, Ресейдегі Орскі, Орынбор арқылы сауда қатынастарын дамытуға үлес қосты. Сонымен қатар, ұлттық өнерді насихаттайтын әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени даму орталықтарына айналды.
Ырғыздағы «Жармола жәрмеңкесі», қазіргі Қызылордадағы «Ақмешіт», Арқадағы «Қарқаралы», «Қоянды жәрмеңкесімен», Ресейдегі Жаманқала (Орск) жәрмеңкелерімен тығыз байланыста болып, сол замандағы экономикалық дамудың үлгісі болған.
Облыс аумағындағы тарихи жәрмеңкелерді жаңғырту және өлке туризмін дамыту мақсатында алғашқы шараны міне Ырғыз ауданында өткізіп отырмыз. Алдағы жылдары Темір ауданында, Ойыл ауданында, Ақтөбе қаласында осындай жәрмеңкелерді жаңғыртып, мәдени-туристік кешенді іс-шаралар ұйымдастыру жоспары бар»,-деп атап өтті.

 

Бағдарламасы мазмұнды мереке екі күнге созылады, мұнда жәрмеңкеден бөлек, ұлттық салт-дәстүр мен спорттық ойындар, театрландырылған көріністер мен концерттық бағдарлағамар қойылады. Бұдан өзге, атақты жазушы Тынымбай Қарин, жырау Алмас Алматов, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Ырғыздың қилы тарихы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.
Айта кетейік, «Жармола» ірі сауда жәрмеңкесі Ырғызда 1870 жылы ашылған. Жәрмеңке жылына екі рет – 6-20 маусым аралығы мен 25 қыркүйек-8 қазан аралығында өткізіліп тұрды. Оған Ресейдің Орынбор, Мәскеу, Нижний Новгород қалаларынан, Сарыарқа далаларынан, Сырдария жағасынан және Бұхара төңірегінен келген саудагерлер қатысты.

 

 

Біздің заманда «Жармола» жәрмеңкесі киелі нысандар тізіміне енгізілген.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі