Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгін Ырғыз ауданына барды
Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен, жол құрылысымен танысты.
Биыл Ырғыз ауданында Құрылыс ауылына кіретін 6,9 шақырымдық жолды орташа жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда да басқа аудандардағы осындай көптеген нысандар секілді «Абай Б» ЖШС мердігер мекемесі битум тапшылғын алға тартып, жұмысты кешіктірген.
Аталмыш компания осы уақытқа дейін ең кемі асфальтқа негіз дайындауы керек болатын. Алайда, кәсіпорын бір уақытта бірнеше активті жобаларды алып қойып, мойнындағы жұмыс көлемін игере алмай қалған. Бұдан бөлек, бір жоба бойынша алынған қаражат анағұрлым келешегі бар нысандарға жіберіліп отырған. Нәтижесінде ауылдардың жолдары қалғанымен жөнделген. Бұл мәселе облыстың басқа аудандарында да бар.
Облыс әкімі бұл тәжірибені доғаруды тапсырды.
Е.Тоғжанов: «Бұл аудан әкімі мен сіздің (мердігер) жеке жауапкершілігіңіз. Мониторинг жүргізіліп, нақты бақылау болсын. Егер міндеттерін орындамаса, мерзімі бар ғой, талап қою керек. Барлық ауданда солай, бірнеше нысанды алады да үлгермей жатады. Бұлай болмау керек. Материалдық-техникалық базасының, жұмыс күшінің бар-жоғына қарап, үтір-нүктесіне дейін тексеру керек»,- деп атап өтті.
«Ырғыз-Құтикөл» автокөлік жолы мен Ырғыз ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстарына да осындай талап қойылды.
Ырғыз ауылындағы гимназияның жаңа ғимараты 2019 жылы пайдалануға берілген. Дегенмен, мердігер 60 млн-дай теңгенің жұмыс көлемін аяқтамапты, бұл сот шешімімен расталған. Е.Тоғжанов педагогтар ұжымына барлық проблемалық сұрақтарды жоюға қолдау көрсетемін деп уәде етті.
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов жеті ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық көрсеткіштері жайын баяндады. Есептік кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өсіп, өнеркәсіптік өндіріс жоспары орындалған. Бұған қоса, құрылыс жұмыстарының, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай төмендеп кеткен.
Облыс басшысы барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Аталмыш ауданға қызметтік сапары соңында облыс басшысы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи қорығының жұмысымен танысып, «Жармола» жәрмеңкесінде ақсақалдармен кездесті. Екі күндік шара ауданның туристік әлеуеті мен халқымыздың ұлттық-рухани құндылықтарын дамыту аясында ұйымдастырылған. Шараға өзге өңірлер мен облыстың барлық аудандарынан келген қонақтар қатысуда, олардың ішінде танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері де бар.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі