Ақтөбеде 42 жас отбасы баспаналы болды
Кеше Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Наурыз мейрамына арналған іс-шарада жас отбасыларға салтанатты түрде сертификаттар табыстады.Облыс әкімдігінің мәліметінше, сертификаттар олардың «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы арқылы 15 млн теңге көлемінде баспана алғандығын растайды. Шалқар ауданының тұрғыны Ардақ Мұқанова бағдарламаға қатысып, облыс орталығынан бір бөлмелі пәтер сатып алған. Ол әкімдікке «Ақтөбе жастары» арқылы жастарға көңіл бөліп, баспана алуға берілген мүмкіндік үшін алғысын білдірді. Өзім Шалқардағы №3 жалпы білім беретін орта мектепте мұғаліммін. Жасым – 33-те. Бағдарламаға құжат тапсырдым. Шарттарына сай болып, алдыңғы орынға шықтым. «Ақтөбе жастары» бойынша 15 миллион теңгеге Батыс-2 шағын ауданынан бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Бір қуантарлығы, жастарға осындай мүмкіндіктер қазір көп. Алғысым шексіз. Енді Ақтөбеден үйіміз бар, – деді жас мұғалім Ардақ Мұқанова. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтөбе облысының əкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен өңірде алғаш рет «Ақтөбе жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асты. Аталмыш бағдарламаға 600 млн теңге қаржы бөлініп, 35 жасқа дейінгі өңір тұрғындарына 5 пайыз жеңілдетілген несие сияқты қолайлы шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндік берілді.
Halyq Uni