АҚТӨБЕДЕ 5 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
Бүгін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақтөбе ауылдық округінде болып, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың барысын көзбен көрдік.
Биыл аталған ауылдағы Жамбыл, Сәтпаев, Естемесов, Жеңістің 30 жылдығы және Орталық сынды жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық бес көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық асфальтталды. Шынын айту керек, бұған дейін бұл округтегі көшелердің әбден тозығы жетіп, мүлде жөнделмеген болатын. Ал қазіргі кезде “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұған қоса, тұрғындардың өтінішіне сәйкес көшені жарықтандыру жұмыстары да өз шешімін тапты.
Сонымен қатар, өткен жылы аталмыш ауылға ауыз су тарту жұмыстары бастау алып, ол да биылғы жылы аяқталып отыр. Қазіргі таңда ауылдықтар ауыз суды өз үйлеріне қостырып жатыр. Сонымен қатар, ауылдықтар мұндағы ағын су каналдарына қатысты мәселені де көтеріп, оның оңды шешілуіне қолұшын беруімізді өтінген болатын. Осыған сәйкес, бүгін ауыл маңындағы “Масақ Ақтөбе” каналының басында болып, мәселені көзбен көрдік. Тиісінше ағын суды егістікке қарай беттейтін құрылғылардың әбден тозығы жеткенін көріп, жауапты мекеме басшысы мен ауыл әкіміне олқылықтарды уақыт оздырмай шешу жүктелді. Оған қоса, жол жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасын тауып, 2026 жылға дейін жол мәселесі толық шешімін табады деп жоспарлануда. Бір ғана ауылда дәл осындай ауқымды жұмыстың бұрын-соңды болмағанын да айта кеткен жөн.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі