Ақтөбедегі болған қанды оқиғадан неге сабақ алмадық?!

 Алматылық полицейлеріміз соншалықты қауқарсыз болғаны ма? 

Ақтөбеде болған қанды оқиғаның қайталанбау кепілдігі жоқ екендігін біле тұра, неге жайбырақаттық таныттық! Еліміздің заң шығарушы жоғарғы билік өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық саладағы қорғаныс күш құрылымдарының салғырттығынан, ел  халқының тыныштығын қорғау жолында қызмет етіп жүрген есіл ерлеріміз, осылайша сорақы содырлардың кезекті құрбаны болып, қыршындарынан қиылып кете бермек пе? Бұл неткен жауапсыздық, неткен салғырттық! Әлде, «Ел болған соң мұндай жағдай болып тұрады», -деп қанды қырғынға да етіміз үйрене бастағаны ма?

Әуелгі, жедел ақпараттар ағынына жүгініп көрелік…

Шілденің 18-күні Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда «Жедел ұстау» арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тауып,  жансақтау бөлімінде 8 полицей жатыр.Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды», — делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта.

Қыршынынан қиылған есіл ерлер!

1 Полиция капитаны, ІІД әкімшілік полиция басқармасы қызметкері Бауыржан Мәлікұлы Нұрмаханбетов. 28.03.1988. Ішкі істер басқармасы қатарында 2011 жылдың 22 желтоқсанынан бері қызмет атқарған. Отбасылық жағдайы — үйленген, бір қызы бар.

2

Полиция старшинасы, Алматы қалалықмамандандырылғанкүзетқызметібасқармасы 2-ші батальоныныңполицейіАянЕрболғанұлыҒалиев. 18.04.1974. Ішкіістерқатарында 1997 жылдың 30 қаңтарынан бері істеп келген. Отбасылық жағдайы – үйленген, 2 қызы бар.

3

Полиция кіші сержанты, ІІД жергілікті полиция қызметінің полк полицейі Мақсат Қолғанатұлы1 Сәлімбаев. 02.11.1991. Ішкі істер басқармасы қатарында 2013 жылдың 15 қарашасынан бері істеген. Отбасылық жағдайы — үйленген, бір қызы бар.

4

Т.Бегасылов кеше, 19 шілде күні 13:45-те Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасында көз жұмды. Ол 18 шілде күні оқ жарақатымен ауыр халде жеткізілген болатын. Дәрігерлер тәртіп сақшысының өмірін арашалап қалу үшін барын салды. Ішкі істер органдарына лейтенант Т.Бегасылов 2015 жылдың қаңтар айынан бері қызмет етеді. 

ҚР ІІМ басшысы Алматыда атыс жасаған лаңкестің бұл әрекетке не себепті барғанын мәлімдеді.

5Алматыда полиция қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған қылмыскердің мақсаты олардан кек алу болған. Бұл туралы Алматыда өткен барифинг барысында ҚР Ішкі істер миинистрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Министр алдымен, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, кейін қанды оқиғаның қалай өрбігенін баяндап берді.

Сонымен қатар, министр сөз соңында жарақаттанғандар мен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тиісті материалдық көмектер  көрсетілетіндігін айтты.Айта кетелік, қанды оқиға ҚР Қылмыстық Кодексінің «Лаңкестік», «Билік өкіліне қарсылық көрсету» және «Мемлекеттік нысандарға шабуыл жасау» баптары бойынша қаралуда.

Алматыдағы теракт кезінде қайтыс болғандар саны бесеуге дейін көбейді

6Бұған дейін үш полицейдің және бір азаматтың қайтыс болғаны хабарланған еді. «Бүгін күдіктілердің бірі жеке таксиге шабуыл жасап, нәтижесінде такси жолаушысы жас келіншек қайтыс болды», — делінген хабарламада.Екінші қылмыскер ұсталды.

Қалтасынан діни жазулар табылған…

Алматыдағы атыста оқ атқан екінші қылмыскер ұсталды. Бұдан бұрын Ішкі істер министрлігі Алматыдағы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, қылмыскерлердің екеу екенін хабарлаған болатын. Ал екінші күдікті полициямен арада атыс басталған кезде ізін жасырып үлгерген. Оның қаланың қай жерінде ұсталғаны әзір нақтыланған жоқ. Қылмыскердің қалтасынан діни жазулар жазылған парақ табылған. 

Түйін

Оқиғаның қайдан басталғанын, әрі, ары қарай қалай өрбігені жайлы жоғарыдағы жедел ақпараттардан еліміздің барлық өңірлеріндегі жұртшылық толықтай хабардар деп ойлаймын. Алайда, біздің мақсатымыз  (яғни өз мақсатым) тек хабардар болуда ғана емес, ақсақал ретінде НЕГЕ?!, -деген сұраққа жауап іздеу болды.. Күні кеше ғана Ақтөбеде болғантеррористік қанды оқиға, жайбырақат мамыражай жатқан жұртшылықты дүр сілкіндіріп дүрбелең тұрғызған белгілі. Қаншама жазықсыз жандар сол қанды оқиғада қаза тауып, олардың артында тағдырларына ләғанатын айтып, көз жастарын селдеткен қаншама жесірлер мен жетімдер қалды. Бұл оқиға еліміздің барлық қауіпсіздік салаларындағы құрылымдардың, алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын күшейтіп, ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сақтық шараларын күшейтудіміндеттеген үлкен сабақ болған еді. Әрі Елбасы бұл оқиғаның қайталанбас кепілдігі жоқ екендігін қатаң ескерте отырып, бұл тұрғыда тиісті құрылымдарға ерекше тапсырмалар жүктеген болатын. Алайда, Елбасы жүктеген сол тапсырмалар айтарлықтай орындалды ма ?! Меніңше, Жоқ! Неге?! Бір ғана мысал келтірейін… Ақтөбедегі террорлық оқиғамен Алматыдағы болған оқиғалардың әрекеттік салмағын салыстырсақ, жер мен көктей десек те болады. Ақтөбедегі болған қанды қырғынның қандықол қарақшылары мұздай қаруланған, жиырмаға жуық адам болды. Ал, Алматыдағы терактының кейіпкерлері не бары екі-ақ адам! Керек десеңіз, соның біреуі ғана күллі Алматыны уысында ұстап тұрғандай ойқастап, ойына келгенін істеп ойран салды. Сонда, айбындарына қарасаң айдарларынан жел есетін, әлгі Алматылық полицейлердің осыншама қауқарсыздығына қалайша қайран қалмасқа! Тападай тал түсте ойына келгенін істеген бір ғана содыр, алты бірдей адамды ажал құштырып жайратып салып, өз дегеніне жетіп тынды. Оның өзінде өш алу мақсатына жету үшін әдейі жоспарлаған жоспарын ғана жүзеге асырғандығын ойласақ, тіпті айтарға сөзіміз таусылғандай!

Жалпы, Ақтөбеде болған қанды оқиғаның қай кезде болсын, қай өңірде болсын қайталануының мүмкін екендігін тек Елбасы ғана емес, белгілі саясаткерлеріміз бен қоғам белсенділері сол кезде-ақ қатаң ескертіп айтқанды. Алайда, сол айтылғандар «Саңырауға сәлем берсең — Атаңның басы», -дейді дегендей, «Бір құлақтан кіріп — екіншісінен шығып кетті»-нің кері болғандай. Ең өкініштісі, өткеннен сабақ алып жедел іске көшіп, батыл әрекет жасай алмаған, біздің салғырттығымыз, немқұрайлығымыз, бітпейтін ертеңіміздің жемісі осы болып отыр. Өкінішті-ақ! «Уақыт қылыш сен оны кеспесең — ол сені кеседі», -деген Араб халқының мақалы бекерге айтылмаса керекті…  Өкініштің де, өлімнің де ақыр соңы осы болғай деп тілейік… «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса — халықтық мақсат сонда орындалады», -деп кезінде Әлихан Бөкейханұлы бабамыздың айтып кеткені бар. Сол айтқандай, жалпы, мұндай содырлармен құзырлы органдар ғана емес, жаппай халық болып күресуіміз керек. Біз сонда ғана нәтижелі әрекеттер жасай аламыз…  Сондай-ақ, осындай халықтың үрейін туғызған келелі оқиғалардан халық дер уақытында нақпа-нақ толықтай хабардар болып отырулары қажет. Әрі, мұндай оқиғаларды сан-саққа жүгіртіп, онсыз да үрейі қашқан халықтың үрейін үдетіп дүрліктіретін әлеуметтік желілердегі «айтқыштарды» жауапқа тартып, тәртіпке келтіру керек!Осы жерде көңіліме келген тағы бір жағдайды айта кетейін.Қылмыскердің қолынан қаза тапқан Өзбекстандық азаматшаны қылмыскер «Жезөкше болған», -деп айтты екен деп, о дүниелік болып кеткен адамды «Жезөкше»болған , -деп «масқаралап»жар салып қаралаудың қажеті жоқ! Ол кім болса ол болсын, бұл жерде оның ешкімге зәбір-залалы тиген жоқ. Жұртшылыққа таратылып отырған жедел хабардағы мұндай «артық» сөз марқұмның артында қалған туыстарына «жығылғанға жұдырық» болып тиері сөзсіз…  

Сөз соңында айтарым, бүгінгі хабарлардан оқып көріп отырғанымыздай, алдағы атқарылатын жұмыстарға өзгерістер енгізіліп, бірқатар жұмыстардың атқарылуына жаңа бағыт-бағдарлар енгізілгендей болды. Алайда, абыр-сабыр басылған соң, тағы да жайбырақаттыққа көшіп, салғырттық танытпасақ болғаны, ағайын!. … Елдің тыныштығы бәрінен қымбат! Алла халқыма сабыр мен тыныштық берсін! Марқұм болған азаматтарымыздың имандары жолдас болып, жандары жәннатта болғай!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі