Ақтөбедегі қанды қасапты жасаған кімдер?

Еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отырғанда, қасиетті ораза айының басталу қарсаңында, яғни бесінші маусым күні Ақтөбе қаласында орын алған террорлық әрекеттер  бүкіл елімізді дүрліктірді. Осыдан бірер күн бұрын Ақтөбе қаласында террорлық  қауіп-қатерге қатысты «қызыл», ал еліміздің қалған аймақтарында «сары» деңгей енгізілді. Кеше 9 маусым Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ел аумағында азалы күн деп жарияланды.

1Бесінші маусым күні сағат 14.28-де діни теріс ағымда жүрген азаматтар Ақтөбе қаласындағы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Дүкен сатушысы 44 жастағы Андрей Максименконы пышақтап өлтірген. Оның соңында жары және 13 жастағы ұлы қалды. Марқұмның ұлы енді мектеп бітіріп, мамандық алғанша мемлекет қамқорлығында болады.

Оқиға орнына жеткен «Жедел күзет» ЖШС екі қызметкерінің бірі қаза тапса, екіншісі жарақат алды. Атыста іле-шала жеткен үш полиция қызметкері жараланды. «Паллада» дүкенінен үш газ тапаншасын, 17 мылтық, оқтар мен пышақтарды қолды қылған қылмыскерлер екіге бөлініп, бірі «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, онда да бір адамды өлтіріп, біреуін жаралаған. Ұлттық ұланның 6655-әскери бөлімінің аумағына шабуылдап кіріп, сол жерде үш әскери қызметкер қаза тауып, алтауы жараланды.

Лаңкестердің қолынан жалпы сегіз адам қаза тапты. Бір күзет маманы, үш әскери қызметкер, оның бірі жауынгерлік борышын өтеп жүрген сарбаз, шығысқазақстандық Досбол Сапар болса, екеуі – №6655 әскери бөлімнің офицерлері. Солардың бірі – Даниел Майлыбаев туған жері Талғар қаласының аумағында жерленді. Екіншісі – кіші сержант Берікжан Қалиев туған жері Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында кеше жер қойнына берілді.

Жетінші маусым күнгі мәлімет бойынша Ақтөбе ауруханасында лаңкестік әрекеттен зардап шеккен 18 адам ем алуда. Бір қылмыскер өлген. Төрт кісі жансақтау бөлімінде. Оның екеуі әскери қызметкер, екеуі қылмыскер, Ақтөбе облыстық жедел көмек ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстанның айтуынша, екі әскеридің беті бері қарап келеді.

Қанды оқиға салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапты. Қала тұрғындары Михаил Матросов пен Николай Анищенко «Пантера» және «Паллада» қару-жарақ дүкенінің жанынан өтіп бара жатып, оққа ұшқан.

Жетінші маусым күні Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Ақтөбе қаласына барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мұхаммед: «Террористе ұлт та, дін де жоқ, Оларды мұсылман демек түгілі, адам деп атауға болмайды. Олар хайуандар, қасиетті асыл дінімізді жамылған жыртқыштар, қанішерлер», — деді халықпен кездескенде.

Мұндай қадамға не үшін барды?

2Сенімді дереккөзі бізге берген мәлімет бойынша, Ақтөбе қаласында террорлық актіні жасағандардың барлығы – салафийліктәкфірлік жолдағы азаматтар. Ислам атын жамылған «Ат-тәкфір-уаль-хиджра» жамағатының қатерлі идеологиясы жолындағы Сириядағы бір жалған шейхсымақ: «Ораза айында жергілікті жерде теракті жасасаңдар, сонда бірден жұмаққа барасыңдар» деп ғаламтор арқылы пәтуа берген. Ақтөбе қаласындағы бір пәтерде 50 шақты адам жиналып, бұл пәтуаны талқылаған. 20 адам «Бұл қате, біз қатыспаймыз» деп бас тартып, қалғаны бір күнде қолдарына қару алуға шешім алған және террорлық актіні құқық қорғау құрылымдарынан бастаған.

Шын мұсылман қолымен де, тілімен де жан баласына зиян тигізбейтіні Құранда жазылған. Олардың дені – жастар және ислам дінін жамылған радикалдық ұйымдардың арбауына түсіп адасқандар. Теолог мамандардың сараптамасы бойынша, тәкфірлік көзқарастағы азаматтар ислам шариғатымен жүрмеген мемлекетті «кәпір мемлекет» деп, намаз оқымаған адамды «кәпір» дейді. Өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайтын бұл топтың нақты іс-әрекеті XX ғасырдың алпысыншы жылдарында Мысыр түрмелерінен бастау алған. Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде, Пайғамбарға «Сен дінді толыққанды ұстанбайсың» деген желеумен қарсы шыққан. Ол уақытта оларды «харажиттер» деп атаған.

Олардың ұстаздары: «Кімде-кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дәлел ретінде қолданса немесе қияс, маслахат ал-мурсала, истихсан және сол сияқты дәлел-құжаттармен мәселе шешсе, ол әрі мүшрік, әрі кәпір саналады» дейді. Бұл қатерлі идеологияның екі мақсаты бар. Бірі әр мемлекетте адамдарды адастырып, қоғамға, мемлекетке қарсы қояды. Исламды бұрмалап түсіндіріп, діни шала сауатты адамдарды алдап террористік әрекетке итермелейді. Ал шатасқан адам алданғанын шегінуге жағдай болмаған кезде бір-ақ түсінеді. Шариғат тың үкімімен жүрмеген мемлекетті күпір, өздеріне қосылмаған халықты кәпір санаудың соңы елде бүлінушік тудыруда. Бұған Сирияда, Иракта болып жатқан қанды жағдайлар куә.

Тұзаққа кімдер түседі?

Әлбетте, тұзаққа түсетіндер – қоғамда өз орнын таппаған адамдар. Әлеуметтік жағдайы төмен, өмірден түңілген, жолы болмаған, сол себепті өмірден бір жарық дүние іздеген ізгі ниетті жандар діни сауатсыздықтың салдарынан оңбай адасуда. «Әрине, олардың бәрі ізгі ниетті емес, арасында қылмысқа бейім адамдар да бар» дейді зерттеушілер. Тәкпіршілер оларды өз орталарына тартып, жоғары көтеріп, рух береді. Қылмысқа бейім азаматтар өз қылмысын «Мен кәпірлердің мүлкін тартып алып жатырмын» деп ақтайды. Аталмыш топ қатарының бұрынғы қылмыскерлермен толығуы қылмыстың жаңа сипатына көшуіне негіз болуда. Бұл айналып келгенде асыл дініміз исламға қара күйе жағып отыр. Бүгінгі таңда тәкфір жамағаты әлемнің түкпір-түкпірінде жарылыстар жасап, бейкүнә жандарды, соның ішінде мұсылмандарды қыруда. Аллаһ Тағала Құран-Кәрімде:

وَمَن يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُّتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللَّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا

«Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған» деген.

Бірқатар шетелдерде және Ақтөбеде орын алған терактілердің бастауында тұрған «Аттакфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Экстремистік ұйым» деп танылып, Қазақстан Республикасында тыйым салынды.

Ақтөбедегі «Аңсар» оңалту орталығы тарапынан аталмыш қанды оқиғаға қатысқан азаматтарға кезінде оңалту жұмыстары жүргізілген. Алайда шетелдегі тәкфірші шейхтардан ғаламтор арқылы келген пәтуаға еріп кеткендердің бұл жантүршігерлік әрекеттерін мамандар радикалды, экстремистік-террорлық акті деп бағалауда. Ал біздің облыстағы құзырлы орындар мен дін мамандарының мәліметі бойынша, облыстағы діни теріс жолда жүрген адамдарға теологиялық көмектер берілген. «Соның нәтижесінде облыстағы діни ахуал қалыпты» дейді мамандар.

Ақтөдебе қаласында екі күн бойы жұмысы тоқтатылған ғаламтор желісі кеше іске қосылды. Жеті күдікті іздестірілуде. Құзырлы құрылымдар қылмыскерлерді табуға көмектескен адамға 5 миллион теңге сыйақы берілетінін хабарлады.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»