Ақтөбедегі қанды қырғынның артында кімдер тұр?

5 маусым егеменді ел тарихында қаралы күндердің бірі болып қалары даусыз. Тап осы күні Ақтөбе қаласында қарулы қақтығыс орын алды.  Осы қақтығыс салдарынан 20 адам қаза тапты. Оның жетеуі әскери қызметкер мен бейбіт тұрғындар болса, қалғандары күш құрылымдары «лаңкестік топ» деп атаған өрімдей қазақ жігіттері. Яғни дәстүрлі емес діннің құрбандары. 

Болған оқиғаны сараптай келе қазақты қазақ қырып жатқанына куә болдық. Оларға не жетпеді деген ой көптің көкейінде шемен болып қалды. Ал ана ретінде қайғылы оқиғаны естігенде жүрегім қан жылады. Әкесіз қалған балалар мен жарынан айырылған жас аналардың аһ ұрған дауысы тұла бойымды  шымырлатты. Бейбіт күнде «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірген баласынан айырылған ана мен әкенің қайғысы мен зары қазақ даласы тұрмақ әлемді қалтыратты. Қазақстанда орын алған терактіге байланысты әлем лидерлері іс-шаралар барысын кейінге шегерді. Қайғыра көңіл айтып, өз тілектерін білдіріп те жатыр. Мен де барша қазақ аналары атынан Ақтөбедегі қанды оқиғадан зардап шеккен халыққа, қайғыдан қабырғалары қайысқан отбасыларға көңіл айтуды өзіме парыз санадым. Және де көкірегіме кептелген ащы запыран ойларымды қағазға түсіріп, бүгінгі еліміздегі діни саланың ақсап тұрған тұстарын өзімше саралап,  көпшілікпен бөліскенді жөн көрдім. Менікі  «жығылған үстіне жұдырық» жасап, табалау емес,  аналық ақ  тілек деп ұғарсыздар.

«ЖАУ ЖОҚ ДЕМЕ, ЖАР АСТЫНДА…»

 Ат төбеліндей ғана лаңкестің өздерінен бірнеше мың есе көп әскери құрылымдарға көзсіз қарсы шығуы ақылға сыйымсыз-ақ нәрсе. Егер, шынымен-ақ, бастарын бәйгеге тіксе, «Өлетін бала молаға қарай жүгіредінің» кебі. Расымен-ақ жәннатты аңсағандар болса, оған жетудің басқа да түрлерін таңдамай, тап осылай шектен шығулары бүгінгі қазақ қоғамындағы діни ахуалдың асқынғанын көрсетіп тұр.   Бұған дейін кинолардан ғана көретін шым-шытырық атыс-шабыстың  сценарийі батыс өңірінде тап осылайша жалғасады деп ешкім ойламағаны анық. (Әрине, 2011 жылғы Шұбарши оқиғасы көзден кетіп, көңілден өше бастағалы қашан! Ол да елді біраз дүрліктіргені есте. Ақтөбе, Атырау мен Тараздағы атыс-шабыс, жарылыстар да көңілде жатталып, қатталып жатыр). Не нәрсенің де шегі болады ғой. Шиқандай сыздаған діни мәселе күндердің күнінде жарылатыны ақыл-есі дұрыс ойын баласына да белгілі жайт-тын.  Бірақ оның тап осылай  «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай» тап беруі тосын болды.   Өйткені дәл қазіргі кезеңде  жер мәселесі күн тәртібінде  тұр еді. Ел-жұрттың назары да сол бағытта болатын. Тап осы кезеңде «темірді қызған кезінде соққысы келген»  бұзақылар қолдарына қару алып, ел тыныштығына сына қақты.  Елдің назарын жер мәселесінен басқа бағытқа бұру ойлары болса, оған да әжептәуір қол жеткізгендері анық. Бұл — біздің болжам ғана.  Бізді бір қайран қалдырғаны дін атын жамылғандардың нақты жоспары, мақсат-мұраттары жайлы толық мағлұмат әлі күнге жоқ. Жалғыз дерек: қару-жарақ қоймасына шабуыл жасамақ болғандары. Ол үшін қару сататын дүкенге басып кіріп, жазықсыз жандарды қырып тастағандары жан-жақты жазылуда. Оқиғаның мұншалықты шиеленісуіне не себеп екені белгісіз. Дін атын жамылғандардың көксегені не екені де жұмбақ күйде қалып отыр. Әрине, түрлі болжамдар айтылуда. Оның біреуі нысанаға дөп тисе, енді бірі жапан түзге лағып кетуде.

Ақтөбедегі оқиғаны сараптай келгенде, радикализммен уланған жастарға сыртқы ықпалдар болғанын көреміз. Олардың біреудің үндеуі немесе пәтуасы негізінде осындай әрекетке баруы мүмкін. Ақтөбедегі терактілер тиісті құқықтық шаралар қабылдауды қажет етеді. Мәселе осыған дейін лаңкестікке қарсы жұмыста ақпараттық және күш қолдану әдістері жиі қолданылғанымен, құқықтық алаң толерантты болып қалды. Мәселен, салафизмге қатысты тыйым жоқ. Егер біз терроризмнің тек салдарымен емес, себептерімен де күресеміз десек, осы терактілер салафизмге тыйым салу жөнінде саяси шешім  қабылдауға себеп болуы керек. Қазір елімізде 600-ден астам терроршының түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқанын ескерсек, олардың басым бөлігі өздерін салафит санайтыны ашық жазылуда.  Бұл — қаны тамшылаған ащы ақиқат.

                    БІЗДІҢ ТҮБІМІЗГЕ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ЖЕТІП ЖҮРМЕСІН

13413097_1099890576749585_147647816024566003_nЖоғарыда  әңгімелегеніміздей, әсіредіншілдермен күрес, оларға билік жағынан қарсы соғыс күндердің күнінде болары анық еді.  Бірақ тап осылай  тым ерте басталып кетеді деген ой  ешкімнің басына келмегені анық.  Демек, ата-бабамыздың ұстанымына қарсы вахабизм, салафизм  бағытындағы жастар нөпірі қаулап өсіп келе жатыр.  Оларға енді биліктің шамасы келе ме, келмей ме, ол бөлек әңгіме.  Қай кезде де аурудың асқынғаны жаман.  Сырқат меңдеп кетсе, оған қойылар диагноз да ауырлай түспек.  Менің жеке көзқарасым бойынша, әсіредіншілдерді пайдаланып отырған өздерінен басқа  құрылым күштер болуы мүмкін. Олар өте алыста емес, бүгінгі биліктің  құрамында жүруі де кәдік. Оны анықтау үшін, асығыстыққа бой алдырмай, бүлікке қатысқан әр қылмыскерді дұрыстап тергеп, артында кімдердің тұрғанын, кімдердің айтақтағанын анықтап шығу керек. Сонда ғана көп былықтың арты ашылады. Әйтпесе, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай  болып мұндай келеңсіз оқиғалардың әр өңірден төбе көрсетіп қалу мүмкіндігі зор. Сондықтан да қорқыныш басым.  Себебі Дін істері комитеті елімізде 15 мыңға жуық салафизм идеясын ұстанушы бар деген ақпарат таратты. Бұл дегеніңіз 23 полкқа  жетерлік адам.  Осыны ескеріп, лаңкестікке құқықтық тұрғыдан да тосқауыл қоятын уақыт жеткен секілді.

Жасыратын түгі де жоқ, бүгінгі қазақ қоғамында дін мәселесі ушығып тұр. Қасиетті ислам дінінің атын жамылып, өз әрекеттерін ашық уағыздау кең етек алуда. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілердің белсенділігі күшті. Теріс ағымның уағызы сол жерлерден жақсы таралып жатыр. Оларды ауыздықтауға бүгінгі билік өте дәрменсіз. Өйткені кезінде бейберекет кеткен «өзі би, өзі қожа» діни секталар, бүгінде «ата сақалдары» ауыздарына түсіп, ешкімге бағынғысы келмейді. Тіпті, тамырын тереңге жайып жібергендерді орындарынан қозғаудың өзі үлкен күш болғалы тұр. «Ауруын жасырған өледі» деген қазақ дана ғой.  Өлмесек те, күнделікті БАҚ-та дінге қатысты түрлі келеңсіздіктерді есту кімге оңайға соқсын.  Ақтөбедегі лаңкестердің іс-қимылы уахабизм ағымына сай деген ақпарат  тың жаңалықтай таралып жатыр.  Кейбіреулер жаңа естігендей шошынуда. Егер шындықтың көзіне тура қарасақ, бұл жаңалық емес қой біз үшін. Елімізде салафизм, уахабизмнің «иісі» шыққалы 20 жылдан асты. Бір кездері бас мүфти Рәтбек қажы елге ағылып жатқан арабтардан қауіп барын жағы талмай айтып кетті. Өкінішке орай, билік бұл мәселеге дер кезінде мән бермеді. Салдарынан ел құлағы ешқашан естімеген ағымдар пайда болды. Тіпті, жерімізге шайтанның сапалақтарына дейін кірді.  Олар қазір «рулы елге» айналып, күшейіп алғанын да айтуымыз керек. Осы орайда мынаны ашық айтқым келеді:  Қазақ жомарт, қазақ қонақжай дегенге еліріп, кім көрінгенге құшағымызды ашып, басымызға шығарып алдық әбден.  Әлемге жар салған толеранттылығымыз түбімізге жетейін деп тұр.

                                     ӘСІРЕДІНДАРЛАРДЫ ҚҰТЫРТЫП АЛДЫҚ

photo_58981Халықтың зәре-құтын алған Ақтөбедегі қанды оқиғаның себеп-салдары әлі де талқыланып жатыр. Ресми органдар да, саясат пен қоғам мәселелері бойынша сарапшылардың да дені бұл қанды қырғынды — лаңкестік, оны жасағандар — радикалдық ұстанымдағы дін атын жамылған арамзалар деп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бұл қанды қырғынның асыл дінімізге күйе жағуға ниеттілердің ісі екенін ашық айтты. Мүфтият ұстанымына дінтанушылар қауымы да қолдау білдіріп отыр. Иә, бұған біздің де күдігіміз жоқ. Алайда өткеннен сабақ алуға келгенде кежегеміз кері тартып тұратыны бар. Ылғи да қылышымызды «жау кеткесін тезекке шауып» кешеуілдеп жүреміз.  Естеріңізде болса, 90-жылдардағы көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Кавказдағы Дағыстан, Шешенстан және т.б. елдердің бейбіт өміріне сына қаққан өзге ағымдағылардың іс-әрекеті бізге сабақ емес пе еді? Оларға сол мемлекеттер тарапынан ең қатаң жаза қолданылды.  «Аюға намаз үйреткен таяқ»  сондай-ақ болар.  Оны былай қойып, 2000 жылдардың басында елімізде Хизбут-Тахрир ұйымы лаң сала бастағанда-ақ, асқынған діни көзқарастағы ұйымдарға қатаң тыйым салғанымызда, бүгінгі қанды қасаптар орын алмас еді ғой деген іштегі толғанысты қалай айтпай кетермін? Кейде ойлаймын, біздің түбімізге «дін мен саясат бөлек» деген ұғым жетпесе жарар еді. Өйткені біздің пайымда: мемлекет пен дін алшақ. Соны алға тартып қойғандықтан, кей мәселелер көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Сондықтан да мешіттер қаржы жағынан көп қиыншылықтар көріп келеді. Қалталы азаматтар мен ел-жұрттан түскен садақалар ғана мешітке талғажу. Егер Түркиядағыдай мешіттерді мемлекет қаржыландырып, имамдарға қомақты айлық төлеп отырса, түйткілді мәселелердің көбі шешілер ме еді.  Мешіттерді ешкімге жалтақтатпай отырса, түрлі көзқарастағы ағымдар да аяғын тартып, «үй артында кісі барын» сезінер еді. Менің жеке көзқарасым мынау: Дін ешқашан мемлекеттен бөлек бола алмайды. Себебі діни сенім — мемлекеттің іргетасы. Кешегі өткен патшаларымыз елді дінді негізгі құрал етіп басқарғанын естен шығармаған абзал.

ИМАМДАРДЫ КІНӘЛАУҒА АСЫҚПАЙЫҚ

forum1Жарайды енді, дін мен мемлекет бөлек болсын. Онда Дін істері жөніндегі агенттік не үшін құрылды, осы? Мешіттердің садақа жәшігін аңду үшін бе? Әлде өзге ағымдардың алдын алу үшін бе? Содан кейін ауыр болса да айтайын, дін істерінде қызмет жасайтындардың көпшілігі асыл дінімізден хабарсыз. Намаз оқымақ түгілі, қарапайым діни шараларды түсінбейді. Сөйте тұра ұнамаған жандарды бір шыбықпен қууға құмар. Сонда дінді терең зерделемеген қызметкерлер діни ағымдардың аражігін аша алады дегенге кім сенеді? Осы жерде «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген даналықтың қаншалықты деңгейде жүзеге асып жатқанын бажайлай беріңіз. Ал әкімдіктер жанындағы ішкі саясат бөлімдері мешіттерге қожайын. Бүгінде мешітке барсаң, имамын таппайсың. «Қайда?», «Жиналыста». Олардың экстремистермен күрестері әзірге дөңгелек үстел басынан әрі аса алмай тұр. Имамдардың уақытын «чиновничьи» жиындарға жұмсағанша, нәтижелі жұмыспен айналысса игі еді. Осыны да билік терең зерделеп, нақты шешім шығаратын уақыты жетті. Қауіптің қара бұлты ел аспанынан сейілді деп ешкім де айта алмайды қазір. Өйткені радикалды діни ағымдар әбден күшейіп алды. Оларға қайтсек қарсы тұрамыз? Бұл ұлттың болашағын ойлаған адамдардың бәрінің бас ауруы болып қала бермек. Осы орайда өз аналық ойымды айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ол үшін  ЖОО-да, мектеп табылдырығынан «экстремизм», «терроризм», «радикалдар» жайлы айтып, жат ағымдардан сақтандыратын дәрістер ұйымдастыру керек деп есептеймін. Мектепте дінтану сабағын сағаты жоқтар береді, өз маманы бермейді, сабақтар факультатив есебінен жүргізіледі. Кеңес Одағы кезінде арнайы іссапармен Мәскеуге барғанымда мектептерде дінтану сабағы 4 сыныптан бастап жоғары сыныптарға дейін арнайы сабақ қылып өткізілетініне куә болдым. Бізде неге өз дінімізді арнайы пән есебінде өткізбеске? Сондықтан осы мәселені оң шешу ойланатын кез жеткен сияқты. Дінбұзарлардың жетегінде өрімдей жастар жүр қазір. Ертең адасып кетпес үшін, бүгіннен бастап имамдар балалардың құлақтарына құйып, бір мезгіл тәрбие сабақтарын өткізіп тұрса, ұйып тыңдайтындарына сенімім мол. Бес сағат әкімшіліктің пайдасыз жиынын тыңдағанша, бес минут жастармен шүйіркелескен пайдалырақ. Есесіне көзі ашық, көкірегі ояу, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алатын ұрпақ өсіп жетілмек. Құдайшылығын айтайық, мүфтияттағылар «өз қотырын, өзі қасып жүр». Жалтақ. Саясатқа араласпаймыз деп, нағыз саясаттың қазанына түсіп кетіп қайнап жатқандай көрінеді. Садақадан түскен ақшаға шынайы Исламды танытатын, тәрбиеге насихаттайтын кітаптар шығарып, қайырымдылық шараларын өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, балаларын киіндіріп, тағысын тағы жұмыстарды атқарып жатыр. Құраннан басқа қалқаны жоқ имамдардан не сұраймыз?

Соңғы жаңалықтардан естігенім, Дін істері жөніндегі комитет сарапшылардың салафизм идеологиясына тыйым салу жөніндегі ұсынысын қарауды бастапты. «Ештен кеш жақсы» деген осы болар. «Қазіргі уақытта қоғамда, әсіресе сарапшылар ортасында осы қозғалысқа тыйым салу туралы мәселе көп ұсынылуда. Біз барлық қырын зерттеп алуымыз керек. Оның үстіне біз осындай шешім шығарылған жағдайда мемлекеттік органдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұған дайын болуын да түсінуіміз керек», — депті Мәдениет және спорт министрлігі құрамындағы Дін істері комитетінің басшысы Ғалым Шойкин. Бұған дейін «Аңсар» консультативті-реабилитациялық орталығының басшысы Асқар Сабдин де салафизм ағымына заңмен тыйым салуды ұсынған болатын. Мұның қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетер.

ТҮЙІН

Сөз соңында айтарым, Ақтөбедегі оқиға өзінің қорытындыланатын межесіне жетпей жатып, лаңкестердің нақты саны, ұстанған мақсаты, бұл терактіге не үшін барғаны, қандай қолдау болғаны сынды сұрақтарға толық жауап алмай жатып, оған құқықтық баға беруге ерте сияқты. Тиісті заңдарға өзгеріс енгізу туралы бастама әзірге бастама күйінде қала тұрғаны да дұрыс болар. Ертең елдегі саяси ахуал өзгеріп, Ақтөбеде ойран салғандардың ешқандай да діни топтарға қатысы жоқтығы, әдеттегі криминалдық элементтерді белгілі бір мүдделі күштердің айдап салғаны анықталып жатса қайтеміз? Сол себепті де бұл мәселеде қоғам назары заңға енетін өзгерістер туралы дауға алаңдамай, терактіге қатысты тергеудің әділдігін бақылауға, тергеу ісіне тікелей араласу мүмкіндігі болмаса да, әлдебір дерек, дәйектердің қолдан жасалып кетпеуін қамтамасыз еткен жөн.

ақтөбе

Мақаламды белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамның мына сөзімен қорытындылағым келіп отыр. «Дін — өте күрделі нәрсе. Діннің айналасында жүрген адамдар атом электр станциясының айналасында жүрген адамдар секілді, егер дұрыс сөз айтпаса, дұрыс әрекет жасамаса, Чернобыль апаты секілді апат болады. Біз содан сақтануымыз керек». Бұған менің алып-қосарым жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, «… бөрі етектен тартқан» сынды біздің еліміз аза тұтып жатқанда жириновскийшілдердің жаңа бір толқыны тағы бас көтеріп, Ресей тарапынан Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығына күмән келтіретін тағы бір мәлімдеме жасалды.  Кеше «Русь православная» талдау агенттігінің директоры Константин Душеновтың мәлімдемесі ресейлік БАҚ-та таралуда. Ол өзінің жеке сайтында Ақтөбе қаласында 5 маусымда болған қанды оқиғаға «Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп баға бере келе, «Қазақстан тек қазақтардың елі емес. Қазақстанды мемлекет деп айтуға мүлдем болмайды. Ол Ресейдің көмегімен хат таныған тайпалардың бірлестігі» екендігін айтып отыр. Ақтөбедегі оқиға діни фанатизмге бой алдырғандардың ісі дей келе, ол оқиғаның «Ресейге, Қазақстандағы орыс диаспорасына қауіп төндіретінін, жергілікті ұлтшылдардың Украина, Балтық елдеріндегідей антиорыстық шу шығаруға пайдаланатынын» өзінше болжаған сынды. «1991 жылы заңсыз алынған, орыстар қоныстанған Ресей территориясы Қазақстаннан қайтарылып, Ресей құрамына өтуі керек!» — дейді ресейлік қайраткерсымақ бет-аузы шімірікпестен.

«Ел ішінде дау болса, сырттан жау келеді» деген  сөзді ұмытпау керек. Әйтпесе бір Одақта тыныстаған Ресей билігі бұзақысына «Аузыңды жап!..» деп неге айтпай отыр?  Бірлік, ынтымақ керек. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп Баукең бабамыз айтқандай, тәртіпке бағынсақ қана бірлік, ынтымақ болады. Анау кінәлі, мынау кінәлі деп шулай бергенше іске көшелік.  Дін комитетінде дінді жетік білетін білімді, ұлтын, дінін, тілін, ділін жан жүрегімен сүйетіндер отыру керек, иман жоқ жерде бәрі бекер..!

Шынтуайтында, қай жағынан келсек те, қырылып, ұсталып, сотталып, ….. , жатқан қазақ! Өзегіңді өртейтін нәрсе осы! Ойланасың, толғанасың. Қателікті қай жерден жібердік? Қателік демекші, лаңкестердің қатарында аты-жөні жүрген, тіптен өлілердің тізіміне кіргізген бір азаматымыз тірі болып шығыпты. Міне, масқара! Шырылдап барған оны қара тізімге ешкім де қоспаған, сонда кім қосқан? Екінші азаматымызға да тағы осындай қара күйе жағылған. Адам тағдырымен осылай ойнауға бола ма, ағайын-ау! Белгілі журналист Марат Тоқашбаев  бауырымның «бірінші  кезекте экономика деп, жеткен жеріміз осы» деген пікіріне толық қосыламын.  Руханият, тіл, діл, сенетін дініміз 99 бөлініп жатса, ол экономика кімге керек? «Патша біреу, халқы тіреу» дегендей, Президентіміздің жанындағылар нағыз ақиқатты ол кісіге жеткізбейді деп ойлаймын. Мысалы, жер туралы Елбасымыз Алла разы болсын, Мараторий жариялады, комиссия құрды. Ол БАҚ-та жазылып, халық естіп, көріп отыр. Менің есімнен Ассамблеядағы докторина мәселесі кетпейді, Елбасы елімен санасты ма, санасты..!  Енді мына үштілділіктің де кереғар тұсы көп. Ана сүтімен тарихымен нәр алмаған бала ұлтының жан ашыры бола алмайды, бұл жөнінде де айтылып жатыр.  Халқының бұл өтінішіне де Елбасы құлақ асатынына сенемін. Елінің бақ-берекесі, ырыс-ынтымағы, бірлігі, тірлігі, өркендеуі, ердің, елдің, жердің, тілдің киесі барын Елбасы жақсы біледі. Ендеше, әліптің артын күтелік…

 Сәуле Мешітбайқызы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі