АКТРИСА МЕРУЕРТ ӨТЕКЕШЕВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Димаш Ахметұлының бір баяндамасында “Қыз Жібек”фильмінен 100 миллион сомнан артық табыс түскені айтылады. Қазақ халқы бұл фильмді үлкен махаббатпен көрді. Одаққа тарады. Комсомол пойызымен БАМ-ға кездесуге барғанымда, орыстың үлкен маржасы маған бір банкі қара уылдырық сыйға тартты. “Қазақ деген халықтың бар екеніне таңғалып тұрмын”, – деді ол.
Фильм шетелдерге көп сатылды. Оның қысқарған себебі де – сол. Талап бойынша екі сериялы фильм 2 сағат 20 минуттай болуы керек. “Қыз Жібектің”; толық нұсқасы 2 сағат 35 минут еді. Режиссер Сұлтан Қожықов жылап отырып, 20 минутқа жуық лентаны қиды. Содан инфарк та алды. Қиылғаннан кейін, фильмнің аяғы бітпей қалғандай болды.
Түсіру кезінде талай қиыншылықтарға кезіктік. Мұның үстіне, Ғабит Мүсіреповтің сценарийін Олжас Сүлейменов пен Асқар Сүлейменов жөндеді. Одан бөлек, басты рөлге базбіреулер өз адамдарын “сүйрелегені” және бар. Мәселен, Жібектің рөліне әлдебіреу әйелін ойнатпақ та болған. Бәрібір басты рөлге Құман екеуміз қалдық.
Ең қиыны, бірінші сериядан соң “қаржы жоқ” деп түсірілімді тоқтатып тастағаны болды. Не істеу керек? Сол кезде “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында түсіру тобымен баспасөз мәслихаты өткені есімде. Біз тілшілерге өз мәселемізді жеткіздік. Арада бірсыпыра уақыт өте келе, толассыз хаттар келе бастады. Жұртшылық: “Егер мемлекет ақша бермесе, біз өзіміз жинаймыз”, – деп үн қосты. Сол кездегі басшымыз Дінмұхаммед Қонаевқа алғысымыз шексіз. Мәскеумен хабарласып, алдағы фильмнің жалғасы үшін қаржы бөлуге рұқсат алды. Әйтпесе, сол кезде басшылықтағылардың көбі: “Тоқтатыңдар, бір серия жетеді!” – деп байбалам салған болатын.