АҚЫЛ АЙТУДАН АЛДАМЫЗ

Тым алыста, үйде отырып-ақ су тасқынымен арпалысып жатқанға да, оларға жанашырлық танытқанға да, қол ұшын беруге асыққанға да ақыл айтатындар көбейіп тұр. Кейде олардың миы сумен бірге тасығандай әсер қалдырады. Төңірегін таптап, жан-жағын жайпап, әкім қарадан бастап қарапайым қызметтегі жандарға дейін даттап, төтенше жағдайды көзімен көрмей, картадан да қарамай, даурығып долбар, шаптығып шешім айтып жүр. Құдды жарыссөз сияқты. Пікір айтқанда елдің жайын, жердің жағдайын білетіндердің алдын орап кетеді.
Осыны көргенде озық ойлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің
“Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара басы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді” дегені есімізге түсті. Сонымен бірге осы сөз зергері “Қазақтың білетіні аз емес – істей білетіні аз” деп, шындықты әріден қозғаған екен.
Расында, халыққа мың рет ақыл айтқаннан гөрі бір рет қолыңмен істеп көрсеткен пайдалырақ. Ал, үлгінің, өнегенің жөні бөлек екенін бүгінде екінің бірі білсе керек.
Әрине, қазір әзілдейтін кез емес. Десек те, жақында естіген әзіл-шыны аралас әңгіменің де жоғарыдағы тақырыпқа қатысы бар сияқты.
Ағасы көптен көрмеген таныс інісінің немен айналысып, қандай тірлік істеп жүргенін білгісі келіп, жөн сұрамай ма? Сонда әлгі жас жігіт: «Ата кәсіпті қолға алдым» депті.
Риза болған ағасы: «Бәрекелді, жарадың. Сонда төрт түліктің қайсысын таңдадың, қай түрін қолға алып жатырсың?» деп анықтай түскісі келсе, інісі: «Қайдағы түлік? Мал бағу қолдан келмейді. Біздікі — ақыл айту» деген екен…
Міне, қазір қала-қалада, жер-жерде өріп, қаптап кеткен тренинг, семинар, коучтар — осының кері. Бірлі-екісінен өзгесінің сапасы сын көтермейді. “Аңқау елге арамза молданың” кебін киіп, алаяқтық, алақолдық жолға түскендер де аз емес. Одан да жастар еліміз зәру болып отырған кәсіптерді таңдап, білім жинаса, өнер үйренсе, ғылым жолына түссе, ата-баба аманатына адалдығын танытар еді. Жалпы, жөнсіз ақыл айтқаннан гөрі өзгенің еңбегін әділ бағалау өнегесі қоғамды тезірек түзетері хақ.

Дархан МЫҢБАЙ